Голливудтағы орындаушылық өнері бойынша дүниежүзілік чемпионатта бірнеше алтын медаль иегері атанған қобызшы Ләйла Тәжібаева бұл батыл шешімі арқылы барша отандасына сый жасағысы келгенін айтады. Ендеше мереке қарсаңында қазақтың өнерлі әрі батыл қызымен сұхбаттасуды жөн деп таптық.
– Ләйла ханым, барша елімізді Республика күнімен құттықтау мақсатында 3 600 биіктіктен парашютпен секіріп, қобызда күй ойнадыңыз. Мұндай ерекше батыл шешімге қалай бел байладыңыз?
– Алғашында бұл идеяны маған Қазақстан авиациялық спорт федерациясының вице-президенті, нұсқаушы Тимофей Меркулов ұсынды. Ол «Еліміз үшін басты мереке саналатын Республика күніне менімен бірге парашютпен секіріп, қобызда күй ойнасаңыз» деп ұсыныс жасады. Мен қуана қабыл алдым.
– Парашютпен секіруге кез келген адамның батылы жете бермейді. Әсіресе, нәзік жанды әйел затына мұндай шешімді қабылдау тіпті оңай болмасы анық. Парашютпен секіру барысында қандай сезім кештіңіз?
– Әрине, қобызда ойнау бір бөлек, биіктіктен парашютпен секірудің өзіне басында жүрексіндім. Ол үшін психологиялық, моральдық тұрғыда жақсылап дайындалу керек. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, ұшатын күнге дейін қорқыныш сезімім сейілмеді. Нұсқаушымнан қайта-қайта әрбір мәселені сұрағыштай бердім. Бір қызығы, аспанда ұшып келе жатып, қобызда күй ойнаған кезімде санамдағы қорқыныштар өздігінен жоғалып, батылдық пайда болды. Күй ойнап біткенше ешқандай қорқыныш сезімі болмады. Күй ойнап біткесін басындағы қорқыныш сезімдерімді қайта кешіп, қобалжи бастадым. Себебі аспандағы бірнеше метр биіктікте ауа жердегідей жұмсақ болмайды. Ауа биіктікте қатқылдау болған соң еркін тыныс алу жағы қиындау болады. Сондықтан биіктікте әртүрлі сезімді бастан кештім. Бірақ қобыз маған қанат бітіргендей, ерекше күш сыйлағандай әсер берді.
– Сіз аспанда «Жезкиік» күйін орындадыңыз. Неліктен тап осы күйді таңдадыңыз? Мұның басқа да символикалық мәні бар ма? Мәселен, еліміздегі киік мәселесіне қатысы бар ма?
– Себебі нұсқаушым Тимофей Меркулов қазақтың ежелгі аспабы қобызда ойнауымды сұрағанда еліміз үшін маңызды күй ойнауымды өтінді. Мен ойланбастан осы күйді таңдадым. Өйткені бұл күй «Ләйлә қобыз» тобының, яғни менің жазбам. Менің репертуарымдағы күй. Өзіміз өңдеген, аранжировкасын өзіміз жасаған авторлық күйіміз, былайша айтқанда. Қазір авторлық құқық деген де маңызды емес пе?! Бұл ешқандай хайп емес. Бұл еліміз үшін маңызды мереке саналатын Республика күнімен құттықтау акциясы деп түсінгеніміз жөн. Сонымен қатар еліміздің батыл шешім қабылдай алатын батыр қыздары өте көп деген де ойды меңзейтін бастама. Сондай-ақ ұлттық аспабымыз қобызды, ұлттық құныдылығымызды, мәдениетімізді насихаттауды мақсат тұттық.
– Осы бастамаларыңыз арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енуді де мақсат тұтқан екенсіздер. Бұл тұрғыда қазір қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Иә, біз парашютпен жай ғана секіріп қана қоймай, ұшу барысында қобызбен күй ойнадық. Бұл – ерекшелік. Сондықтан осы бастамамызды Гиннестің рекордтар кітабына енгізсек деп шешім қабылдадық. Ол үшін оған құжаттарды өзіміз дайындап, хат жолдауымыз қажет екен. Қазір нұсқаушым Тимофей Меркуловтың да, менің де шаруалардан қолымыз тимей жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта осы жұмысқа кірісеміз деп отырмыз. Әлемдік Гиннестің рекордтар кітабын білмеймін, бірақ Қазақстандағы Гиннес рекордтар кітабына кіреміз деп ойлап отырмыз.
– Сіз сонымен қатар елімізде алғаш болып электронды қобызда күй тартуды қолға алдыңыз. Осы бастамаңыз тыңдармандар тарапынан қалай бағаланды?
– Алғаш рет шет мемлекеттердің ішінен Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы елшілікте электронды қобызыммен күй ойнадым. Ол дәл осы Республика күнінің қарсаңында бір жыл бұрын болатын. Ол кезде жұртшылық өте жақсы әсер алып, рецензиялар жазып, газеттерге де мен туралы мақалалар берді. Екінші рет сол Түркияның Ыстанбұл қаласында өнер көрсеттім. Ол жерде жан-жақтан келген бизнес өкілдері, меценаттар, миллиардерлер жиналды. Онда да қыл қобызбен де, электронды қобыз аспабында да ойнап, өнер көрсеттім. Сонда Аликоч деген танымал миллиардер қолымды алып, өзінің ризашылығын білдірді. Америкалықтар да өте таңғаларлық сезімдер кешкенін айтып, ризашылықтарын жасырмады.
Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта, келесі жылдың көктемінде тағы да парашютпен секіруді жоспарлап отырмыз. Ол кезде осы электронды қобызбен күй ойнау арқылы қазақ мәдениетін заманауи бағытта танытуды мақсат етіп отырмыз.
– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар, алдағы жоспарларыңыз ше?
– Жақын арада өзімнің жеке концертімді өткізу жоспарымда бар. Бірақ қай жерде, қай уақытта өткізуді ойластырып жатырмын. Себебі әдеттегідей мұның барлығы өз қалтамдағы қаражатыммен жүзеге асатын болады. Сонымен қатар Абзал Арықбаев деген керемет композитор, музыкант, күйші «Күйсандық» деген бағдарламаға еліміздің ұлттық аспаптарын, соның ішінде домбыра, қобыз, сазсырнай, жетіген сияқты барлық аспап күйлерін және заманауи күйлерді жинап жатыр. Соған да өзімнің орындауымда бірнеше күйді ұсынып отырмын. Қазір ойымда көптеген жоба бар. Сәтін салса, жақсы жаңалықтарымды бөлісемін деген ойдамын.
Сұхбаттасқан
Наурызбек САРША