Президент, ең алдымен, салтанатты жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамы – Республика күнімен құттықтады.
Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады
1,055
оқылды

Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. Президент, ең алдымен, салтанатты жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамы – Республика күнімен құттықтады.

– Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жетістіктері туралы айта келе, адам капиталын жақсартуға бағытталған оң өзгерістерге назар аударды.– Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есепшотына қаржы түсе бастайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аймақтарды жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі ретінде атап өтті.– «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, 4 миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. – Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер. Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент «Адал азамат» ұғымына айрықша тоқталып, жастарға арнайы үндеу жолдады.– Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер. Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, денешынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет.– Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ, – деді Мемлекет басшысы.П

Президент сөзін қорытындылай келе, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен атақтар табыс етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.