«Өзім Ақтөбенің Алға деген ауданынанмын. 200 шақырым жердегі Жем қаласында жұмыс істедім. Ол жақта тіршілік ету қиындау, тұрғынның көбісі күнкөріс қамымен көшіп кеткен. Біз де жұмыс бабымен Қостанай облысына ауыстық» деген ол осы жаққа келісімен «Қара бүркіт» түрмесіне жұмысқа орналасқан.
Айтуынша, онда 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Оған дейін Құсмұрындағы колонияда жабылғанға дейін істеген. Оның осы саладағы жұмыс өтілі 20 жылдан асқан. Бүгінде ол – мекеме бастығының кезекші көмекшісі.
– Мекеме бастығы орнында болмаған кезде түрмеге толықтай біз жауаптымыз. Осындай ең жауапты іс біздің мойынға жүктелген. Кезекшілік кезінде мекемедегі болып жатқан іс-әрекеттің бәрін бақылауда ұстаймыз, – деген Данияр Достанғалиұлы түрме ішінде кезек күттірместен, шұғыл түрде шешуді қажет ететін жағдайдың бола бермейтінін сөз етті. – Құдай сақтасын, ондай жағдай болмады. Бірде қатты жел соғып, құйындатқан кезде кенеттен жарық сөніп қалды. Ал бізге жарық жүйесі Красноармейск ауылынан тартылған. Міне, ток ажыратқыш подстансасы сол жақта ғана. Түн ортасында бүкіл мекемеде 5-10 минуттай жарық болмай қалады. Сондай кезде тез арада шешім қабылдап, әрекет етіп, күзет күшейтіліп, қосымша күзеттегілер кезекке тұрғызылады. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, кез келген нәрсеге біз дайын болуымыз тиіс, – деді ол.
Кезекшілік қызметтің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Данияр Достанғалиұлы өзін басқа салада көре алмайтынын айтты. «Осы салада жұмыс істеп жүргенімізге 20 жылдан асты. Бойымыз осыған үйреніп кетті. Тіпті, басқа салада өзімді көре алмаймын. Еңбек демалысына шыққанда қалай болатынын кім білсін?! Өзімнің әкем шопыр болған жан. Сондықтан көз ашқалы темір-терсектің ортасында өстік. Ол кісі қолы қалт етсе көлік жөндейтін. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» дегендей техникадан бас көтермейтін қасиет менде де бар. Кім біледі, зейнетке шыққанда көлік жөндейтін тұрақ ашатын шығармын», – дейді «Қара бүркіт» кезекшісі.
– Кезекшілікке түскенде бір тәулік істеп, үш тәулік демалыс беріледі. Сол кезекшілікте тынығып алуға 4-5 сағат беріледі. Шыны керек, үйдегідей еркін жүре алмайсың. Түн ортасында көз іле алмайсың. Көз шырымын алсаң да ұйықтағандай болмайсың. Ал үйде бір сағатқа көзің ілініп кетсе, кәдімгідей тынығып қаласың. Бірақ ауру қалса да әдет қалмайды ғой, үйде болсаң да әрбір қыбыр-сыбырдың бәріне құлақ түріп, сақ жатасың. Сыртта бірдеңе тырс ете қалса, оянып кетесің, – дейді Данияр Достанғалиұлы.
Айтуынша, алдына келген әрбір қылмыскер, ең алдымен адам баласы. Тартылған жазасына қарамастан, тәртіп сақтап, заң бойынша ешқандай күш қолданылмайтынын сөз етті.
– Өмірдің мәні – адамшылықта. Егер адамдар бірін-бірі алдамай, бір-біріне сеніммен қараса, елде де тыныштық болады. Сотталғанның жасы кіші болса да "сіз", "біз" деп сөйлесіп, сыйластықты сақтаймыз. Оның үстіне, тәжірибемен алдыңа келгеннің шын-өтірігін ажырата аламыз. Олар да осы шекарадан шықпауға тырысады, – деген кезекші Данияр Достанғалиұлы келешекте балаларының осы салаға келуіне қарсы емесін жеткізді. – «Балаларымның осы салада жұмыс істеуіне қарсы емеспін. Шынын айтқанда, қазір мемлекет тарапынан әскери қызметкерлердің жағдайын баста назарда ұстап, барынша жақсарып жатыр. Осы салаға келгеніме өкінбеймін. Жүрген жерімде жастардың осы салаға келуіне үгіттеп жүремін», – дейді ол.
Бүгінде Данияр Достанғалиұлы алты баланың әкесі. Үйдің тұңғышы ордабұзар жаста 21-ге толды. «Бұйыртса, жетінші нәрестемізді күтіп отырмыз. Арасында анасы шыға алмағанда, олардың сабағына қатысып, мектептегі іс-шараларына араласып тұрамын», – деді «Қара бүркіт» кезекшісі.