Көпен аға жайлы естелік жазу үшін біраз ойланып-толғандым. Оңай жұмыс емес екен...
Сағындырған Көпен аға
4,261
оқылды

Біріншіден, «Көпен» деген сөзге тоқ­та­ғым келді. Не мағына береді? Қайдан шыққан сөз? Мұндай есім берер кезде Әмірбек атамыз неге сүйенген екен? Адам тағдыры азан шақырылып қойылған есіміне де байланысты деген ақпараттар бар. Ғаламторды ақтарып отырсам, Көпен – аметистея (лат. Amethystea), ерін­гүл­ділер тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктер туысы екен. Негізі­нен, Азия құрлығында тара­ған. Қазақ­станда Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоң­ғар) Алатауындағы тастақ­ты тау беткей­лері мен шөгінді жерлерде, өзен жағалау­ларында, елді мекендерде өседі. Яғни, Әмірбек атамыз баласына «тау бөктерін бойлай өсіп, елді мекен арасында кең та­ра­сын» деген мағынада есім берген болуы керек деген тұжы­рымға тоқтадым.

– Ал Көпен ағамыз осы тұжырымға сай болды ма? 

– Болғанда қандай! Бүкіл иісі қазақ азаматтар ағамыздың есімі аталғанда жалт қарап, «Көпен аға не айтар екен?» деп тосыла күтеді. Ел арасында есімі кең тарады, жапырақ жайды, гүлдеді, жемі­сін мол етіп халқына қайтарды. Тау биік­терін жағалады, биіктерге самғады. Сол биік шатқалдарда қашалып, есімі мәңгілікке өшпестей етіп жазылды. Себебі елге көлеңкесі түсті, еңбегі сіңді, елмен бірге жүріп, бірге тұрды. Артында мағыналы сөздері мен елге берген бата­сы қалды, «Көпен келе жатыр» деген халық сыйлаған атағы қалды. 

Екіншіден, жалпы иісі қазақ азамат­тар­дың ішінде, «Көпен» есімді бірде-бір адам, еркек кіндік жоқ екен. Тек Көпен Әмірбек ағамыз ғана осы есімді жалғыз өзі алып жүріпті. Оның да себебі бар, әрине. Көпен ағамыз – бірегей дара тұлға, ешкімге ұқсамаған: мінезі де, ой­лау қабілеті де, кесек-кесек мәселелерді ше­шіп жүретін парасат-пайымы да. Кезінде Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ұлы тұлғалармен бірге жүріп, сырлас болды. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» дейді халқымыз. Бәлкім, сол ұлылардан да жұққан болар ұлылық. 

Өкінішке қарай, Көпен ағамен кеш араластым. Салиқалы сұхбаттарын әлеу­мет­тік желілерден көріп жүрсем де, мұн­дай бақыт маған кеш бұйырыпты. Дегенмен қайда кездессек те «Ай, Бақыт­­жан, аман ба?» деген сөзі еріксіз өзіне тартып тұратын. Соңғы кезде мен де ата-баба мұрасына көңіл бөліп, оны қолдан келгенше келешек ұрпаққа жеткізу мақ­са­тында біраз жұмыс істеген болатынмын. Мұсақұл атамның 1916 жылдан бастап жазып кеткен қолжаз­балары негізінде «Атадан мұраған, ұлағат, шапағат» деген кітабымды жазу барысында Көпен ағамен жиі сұхбат­тастым, ой бөлістім. Сондағы менің түсінгенім – Көпен ағаның кең ауқым­ды парасат-пайымы, қазақ тарихы, әдебиеті, ұлттық дәстүр, салт-сана, ата­мұра тұрғысындағы энцикло­педия­лық білімі тұнып тұр екен. Өзбекәлі Жәнібеков пен Шәмші Қалдаяқов аға­ларымыз жөнінде архивте жазылмаған мәліметтерін айтты. Ол мәліметтерді шын көңілмен, аса бір жауапкер­шілікпен, келесі ұрпаққа жетсін деген ниетпен айтып отырғаны сезілетін. 

Кітап басылып шыққан соң елге ба­рып, ата-бабаларыма, өмірден өткен апа-әжелеріме Құран оқытып, әке-ше­шем­нің, әжемнің көзін көрген қария­лар­ды жинап, ас беруге дайындалып жат­қанымда телефон соғып: 

– Ай, Бақытжан, аман ба? Сен кіта­бың­ның тұсаукесерін өткізейін деп жатыр екенсің, маған неге айтпадың? – деді. 

Мен сасқалақтап: 

– Көпен аға, мен сізді мазаламай-ақ қояйын деген едім, жай ғана ағайындар арасында Құран оқытып, перзенттік парызымды орындайын деген ниетім еді, – дедім. 

– Жоқ, сен олай жасама. Сенің жаз­ған кітабың маған ұнады, ата- баба­мыздың тарихи мұрасын қозғапсың. Ата-бабаны сыйлау – бәрімізге ортақ мүдде. Құрбан атаның өмір сүрген уақыты жөнінде өте дұрыс мәліметтер келтіріпсің. Қазіргі ке­се­не құлпытасын­дағы жазылған мәлі­мет­тер шындыққа сай келмейді. Сондықтан оны өзіміз өзгертпесек, келешек ұрпақ оған көңіл бөлер ме екен? Оған күмәнім бар. Сон­дықтан сол жиында осыны өзім шегелеп айтуым керек. Сондықтан мен де сол жиынға қатысамын, – деді.

Мұны естігенде көңілім көтеріліп, мар­қайып, күні бойы бір қуанышты жағ­дай­да жүрдім. Өзі арнайы оператор­ларды жіберіп, ата-бабаларға ас беру, Құран бағыштау, сонымен қатар кітап­тың тұсаукесерін жасау іс-шараларын таспаға түсіріп берді. Ол жайында YouTube каналына «Құрбан баба ұрпақтары сыр шертеді» деген тақырыппен кіріп көре аласыздар. 

Міне, ата-бабаға, атамұраға деген құр­мет осылай болса керек. Бұл тек Көпен аға сияқты ұлы тұлғаларға тән қасиет! Қарап отырсам, осындай құн­ды- құнды мәселелерді таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде көптеген маңызды әңгіме жазып кетіпті. Әсіресе, соңғы жылдары. Соған қарағанда, өзі де ата-бабасымен жолығуға дайындалып, асығып жүрген сияқты сезілетін. Иә, көп ұзамай өзі де туған жері, кие­лі Отырардың топырағына, ата-бабасы­ның жайына жайғасты. Қаралы жиынға бүкіл ел келіп жиналып, жаназа­сын шығарып, мәңгілік мекеніне шыға­рып салды. Елдің жан тебірентер жылы сөздері еріксіз көзге жас келтірді.

Өмірінің соңғы күндері денсау­лығы­на байланысты ауруханада жиі болған соң жанында болдым. Сонда байқағаным, ауруға мән бермейтін. «Құдай берген жан­ды Құдай алады» деген қағиданы ұстанған. Жұрт секілді ауруханаға жатып, профи­лак­тикалық ем алу, тексерілу дегенді ұнатпайтын. Одан да ел ішіндегі ауқымды проблема­лармен айналысқаным дұрыс болар дейтін болар. Тек қатты сырқат­танғанда дәрігерге жүгінетін. Ауруханада жатқан соңғы күндері қатты қиналды. Көпен ағаға қоятын сұрағым көп еді, бірақ сон­дай жағдайда жатқан соң маза­ламадым.

Бірде маған:

– Түс көрдім, әкем түсіме кіріп, мені шақырды, – деді. 

– Сіз қалай, шақырғанға бардыңыз ба? – деп мен қайта сұрақ қойдым. 

– Ояным кетіппін, – деді.

Мен сонда әжем «Түс – түлкінің боғы» дейтін деп ағаны жұбатып жатырмын. Сонда Көпекең «Жетпіске келіп, жетпіс­тен астым. Енді өле беруге болады екен-ау деп қалдым. Өлімнен қорықпаймын. Бірақ артымда Жұбаны­шым жас қалып барады, соны уайым­даймын», – деді.

Өлімнен қорықпаудың өзі де әр адам­ға бұйыра бермейтін қасиет. Оны дә­рігер болғандықтан күнделікті прак­тикада жиі кездестіреміз. Өлімді айтпа­ғанда, қолына шиқан шықса да байба­лам салатын адам­дар жиі кездеседі. Саналы да, салмақты азаматтар азайып бара жатқандай...

Көпен аға жайында айта берсем көп, бірақ көңілге түйген жайттарды ғана жаз­ғым келді. Қазір өкінішке қарай, Көпен ағадай тарихтан сыр шертетін ағаларымыз азайып барады, құдды бір энцикло­педия­лық кітаптан айырылған­дай күн кешу­де­мін. Ағамның терең мағыналы әңгімелерін сағындым. Қай­ран аға, сағындырған Көпен аға...

Бақытжан БЕЙІМБЕТ, 

дәрігер