Біріншіден, «Көпен» деген сөзге тоқтағым келді. Не мағына береді? Қайдан шыққан сөз? Мұндай есім берер кезде Әмірбек атамыз неге сүйенген екен? Адам тағдыры азан шақырылып қойылған есіміне де байланысты деген ақпараттар бар. Ғаламторды ақтарып отырсам, Көпен – аметистея (лат. Amethystea), ерінгүлділер тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктер туысы екен. Негізінен, Азия құрлығында тараған. Қазақстанда Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы тастақты тау беткейлері мен шөгінді жерлерде, өзен жағалауларында, елді мекендерде өседі. Яғни, Әмірбек атамыз баласына «тау бөктерін бойлай өсіп, елді мекен арасында кең тарасын» деген мағынада есім берген болуы керек деген тұжырымға тоқтадым.
– Ал Көпен ағамыз осы тұжырымға сай болды ма?
– Болғанда қандай! Бүкіл иісі қазақ азаматтар ағамыздың есімі аталғанда жалт қарап, «Көпен аға не айтар екен?» деп тосыла күтеді. Ел арасында есімі кең тарады, жапырақ жайды, гүлдеді, жемісін мол етіп халқына қайтарды. Тау биіктерін жағалады, биіктерге самғады. Сол биік шатқалдарда қашалып, есімі мәңгілікке өшпестей етіп жазылды. Себебі елге көлеңкесі түсті, еңбегі сіңді, елмен бірге жүріп, бірге тұрды. Артында мағыналы сөздері мен елге берген батасы қалды, «Көпен келе жатыр» деген халық сыйлаған атағы қалды.
Екіншіден, жалпы иісі қазақ азаматтардың ішінде, «Көпен» есімді бірде-бір адам, еркек кіндік жоқ екен. Тек Көпен Әмірбек ағамыз ғана осы есімді жалғыз өзі алып жүріпті. Оның да себебі бар, әрине. Көпен ағамыз – бірегей дара тұлға, ешкімге ұқсамаған: мінезі де, ойлау қабілеті де, кесек-кесек мәселелерді шешіп жүретін парасат-пайымы да. Кезінде Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ұлы тұлғалармен бірге жүріп, сырлас болды. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» дейді халқымыз. Бәлкім, сол ұлылардан да жұққан болар ұлылық.
Өкінішке қарай, Көпен ағамен кеш араластым. Салиқалы сұхбаттарын әлеуметтік желілерден көріп жүрсем де, мұндай бақыт маған кеш бұйырыпты. Дегенмен қайда кездессек те «Ай, Бақытжан, аман ба?» деген сөзі еріксіз өзіне тартып тұратын. Соңғы кезде мен де ата-баба мұрасына көңіл бөліп, оны қолдан келгенше келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында біраз жұмыс істеген болатынмын. Мұсақұл атамның 1916 жылдан бастап жазып кеткен қолжазбалары негізінде «Атадан мұраған, ұлағат, шапағат» деген кітабымды жазу барысында Көпен ағамен жиі сұхбаттастым, ой бөлістім. Сондағы менің түсінгенім – Көпен ағаның кең ауқымды парасат-пайымы, қазақ тарихы, әдебиеті, ұлттық дәстүр, салт-сана, атамұра тұрғысындағы энциклопедиялық білімі тұнып тұр екен. Өзбекәлі Жәнібеков пен Шәмші Қалдаяқов ағаларымыз жөнінде архивте жазылмаған мәліметтерін айтты. Ол мәліметтерді шын көңілмен, аса бір жауапкершілікпен, келесі ұрпаққа жетсін деген ниетпен айтып отырғаны сезілетін.
Кітап басылып шыққан соң елге барып, ата-бабаларыма, өмірден өткен апа-әжелеріме Құран оқытып, әке-шешемнің, әжемнің көзін көрген қарияларды жинап, ас беруге дайындалып жатқанымда телефон соғып:
– Ай, Бақытжан, аман ба? Сен кітабыңның тұсаукесерін өткізейін деп жатыр екенсің, маған неге айтпадың? – деді.
Мен сасқалақтап:
– Көпен аға, мен сізді мазаламай-ақ қояйын деген едім, жай ғана ағайындар арасында Құран оқытып, перзенттік парызымды орындайын деген ниетім еді, – дедім.
– Жоқ, сен олай жасама. Сенің жазған кітабың маған ұнады, ата- бабамыздың тарихи мұрасын қозғапсың. Ата-бабаны сыйлау – бәрімізге ортақ мүдде. Құрбан атаның өмір сүрген уақыты жөнінде өте дұрыс мәліметтер келтіріпсің. Қазіргі кесене құлпытасындағы жазылған мәліметтер шындыққа сай келмейді. Сондықтан оны өзіміз өзгертпесек, келешек ұрпақ оған көңіл бөлер ме екен? Оған күмәнім бар. Сондықтан сол жиында осыны өзім шегелеп айтуым керек. Сондықтан мен де сол жиынға қатысамын, – деді.
Мұны естігенде көңілім көтеріліп, марқайып, күні бойы бір қуанышты жағдайда жүрдім. Өзі арнайы операторларды жіберіп, ата-бабаларға ас беру, Құран бағыштау, сонымен қатар кітаптың тұсаукесерін жасау іс-шараларын таспаға түсіріп берді. Ол жайында YouTube каналына «Құрбан баба ұрпақтары сыр шертеді» деген тақырыппен кіріп көре аласыздар.
Міне, ата-бабаға, атамұраға деген құрмет осылай болса керек. Бұл тек Көпен аға сияқты ұлы тұлғаларға тән қасиет! Қарап отырсам, осындай құнды- құнды мәселелерді таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде көптеген маңызды әңгіме жазып кетіпті. Әсіресе, соңғы жылдары. Соған қарағанда, өзі де ата-бабасымен жолығуға дайындалып, асығып жүрген сияқты сезілетін. Иә, көп ұзамай өзі де туған жері, киелі Отырардың топырағына, ата-бабасының жайына жайғасты. Қаралы жиынға бүкіл ел келіп жиналып, жаназасын шығарып, мәңгілік мекеніне шығарып салды. Елдің жан тебірентер жылы сөздері еріксіз көзге жас келтірді.
Өмірінің соңғы күндері денсаулығына байланысты ауруханада жиі болған соң жанында болдым. Сонда байқағаным, ауруға мән бермейтін. «Құдай берген жанды Құдай алады» деген қағиданы ұстанған. Жұрт секілді ауруханаға жатып, профилактикалық ем алу, тексерілу дегенді ұнатпайтын. Одан да ел ішіндегі ауқымды проблемалармен айналысқаным дұрыс болар дейтін болар. Тек қатты сырқаттанғанда дәрігерге жүгінетін. Ауруханада жатқан соңғы күндері қатты қиналды. Көпен ағаға қоятын сұрағым көп еді, бірақ сондай жағдайда жатқан соң мазаламадым.
Бірде маған:
– Түс көрдім, әкем түсіме кіріп, мені шақырды, – деді.
– Сіз қалай, шақырғанға бардыңыз ба? – деп мен қайта сұрақ қойдым.
– Ояным кетіппін, – деді.
Мен сонда әжем «Түс – түлкінің боғы» дейтін деп ағаны жұбатып жатырмын. Сонда Көпекең «Жетпіске келіп, жетпістен астым. Енді өле беруге болады екен-ау деп қалдым. Өлімнен қорықпаймын. Бірақ артымда Жұбанышым жас қалып барады, соны уайымдаймын», – деді.
Өлімнен қорықпаудың өзі де әр адамға бұйыра бермейтін қасиет. Оны дәрігер болғандықтан күнделікті практикада жиі кездестіреміз. Өлімді айтпағанда, қолына шиқан шықса да байбалам салатын адамдар жиі кездеседі. Саналы да, салмақты азаматтар азайып бара жатқандай...
Көпен аға жайында айта берсем көп, бірақ көңілге түйген жайттарды ғана жазғым келді. Қазір өкінішке қарай, Көпен ағадай тарихтан сыр шертетін ағаларымыз азайып барады, құдды бір энциклопедиялық кітаптан айырылғандай күн кешудемін. Ағамның терең мағыналы әңгімелерін сағындым. Қайран аға, сағындырған Көпен аға...
Бақытжан БЕЙІМБЕТ,
дәрігер