Астанада жасыл белдеу далаға егілсе, Нью-Йоркте әуеге ілінген. Адамның қиялы жете бермейтін тағы бір архитектуралық шешімді Нью-Йорк сәулетшілері ұсынды.
Әсіресе, жалтыраған шыныдан жасалған 314 метрлік ғимараттың жасыл белдеуі таңғалдырады. Манхэттенге жанды көрік берген офистік ғимарат The Spiral, яғни «Шиыршық» деп аталады.
Жер қымбат болған соң Нью-Йоркте жасыл белдеуді әуеге ілді
869
оқылды

New Atlas сайты әлемнің қаржы орталығында салынған «Шиыршық» атты зәулім үйдің құрылысы аяқталғанын жазды. Ғимараттың барлық 66 қабатынан айналып өтетін ағаштар мен өсімдіктер, жасыл желекпен көмкерілген белдеудің орналасуы да ерекше. Aikyn.kz мұндай шешім сәулетшілерге неліктен қажет болғанын түсіндіреді.

Фото New Atlas сайтынан алынды. Авторы: Laurian Ghinitoiu

Bjarke Ingels Group (BIG) компаниясы өзінің алғашқы аса биік зәулім ғимаратының құрылысын аяқтады. The Spiral деп аталатын ерекше офистік ғимарат Манхэттенді жасыл желек лентамен жандандырады, ол көкке өрлеген сайын ғимараттың сыртын орап, барлық 66 қабаттан шығуға болатын ашық террассалар формасында жасалған.

Жасыл шиыршықпен оралған үйдің биіктігі – 314 метр, бұл оны Нью-Йорктегі 14-ші биік ғимарат қатарына қосқан. Ғимарат Манхэттеннің батыс жағында орналасқан және Hudson Yards мегажобасының бір бөлігі болып саналады, оған Heatherwick Studio's Vessel және KPF 30 Hudson Yards кіреді.

Сәулетшілерді ерекше дизайн жасауға шабыттандырған  Эмпайр Стейт Билдинг пен Рокфеллер орталығы, High Line сияқты мегаполис көшесі мен ондағы ағаштан жасалған жаяу жүргіншілер көпірі болуы мүмкін. Алясканың сары самырсын қарағайынан жасалып Нью-Йорктің High Line көшесінде орнатылған бұл көпір де жасыл өсімдіктермен, ағаштармен көмкерілген. Көпірдің жалпы ұзындығы 103 метр.

Фото New Atlas сайтынан алынды. Авторы: Laurian Ghinitoiu

«The Spiral ағаш көпір High Line-нің солтүстік ұшымен жалғасады, ал осы көшенің бойындағы жасыл желектер биік ғимаратқа барып тіреліп, оның бойымен шиыршықтанып аспанға қарай созылады», – деп түсіндіреді негізгі концепцияны BIG-тің негізін қалаушы Бьярке Ингелс.

Адамдардың ыңғайлы өміріне арналған жасыл таспаға көпқабатты мұнараның әрбір қабатынан шығуға болады. Әуеге ілінген бақтар мен каскадты атриумдарды жасайды, олар бірінші қабаттан жоғарғы қабатқа дейін үздіксіз демалу кеңістігін жасайды.

Ғимаратты қоршап тұрған террассалар тізбегінде соңғы екі жазда ағаштар мен шөптер, гүлдер мен жүзім бұталары өсіп, гүлдеп, тамыр жайғандықтан, The Spiral баяу көтеріліп келе жатқан жасыл таспаға айналады, ол мұнараның бүкіл сұлбасын орап алған, қаланың ортасында 300 метр биіктікке көтерілген жүзім сабағына ұқсайды.

The Spiral ғимаратының жалпы алаңы шамамен 1207 шаршы метр, бұл оны Нью-Йорк қаласының кез келген жерінде көрінетін ашық кеңістік етеді. Ондағы жасыл шөптер төзімділік пен күтім қажеттіліктеріне орай мұқият таңдалған, ал жерге ең жақын өсімдіктер америкалық далаға бейімделгендіктен олар қатты жел мен құрғақшылыққа төтеп бере алады. Жасыл террасалар жоғарылаған сайын қыста гүлдейтін бұталар мен биік бұталар көп егілген. Жоғарғы қабаттарда ақпан айында гүлдейтін ағаштармен, сондай-ақ қыс бойы жапырақтарын сақтайтын ағылшын және бостон шырмауықтарының тік торларымен жабылған.

Фото New Atlas сайтынан алынды. Авторы: Laurian Ghinitoiu

Мұндай көп мөлшердегі жасыл желектер мол суаруды қажет ететіні анық, сондықтан мұнараның су жүйесі жаңбыр суын тазартып, көгалдандыруда қолдануға арналған. BIG бұндай суландыру жүйесі жыл сайын миллиондаған литр суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады. Жасыл желек уақыт өте келе гүлдене береді және оның идеясы офис қызметкерлері үшін жағымды орта жасау және Нью-Йорк қаласының көкжиегіне дейін созылатын жасыл таспа өсіру болған.

Зәулім ғимараттың ішкі ауданы шамамен 260 000 шаршы метр және 66 қабатты алып жатыр. Келушілер жеті түрлі металмен безендірілген вестибюльге кіреді, бұл ғимарат орналасқан аудан Нью-Йорктің өткен өнеркәсіптік кезеңін еске түсіреді. Офистердің көп бөлігін Pfizer мен HSBC компаниялары сатып алған. Ең жоғарғы қабаттарда кеңсе қызметкерлерінің демалуына арналған эксклюзивті клуб пен ашық террассалар бар.

The Spiral ғимаратын Adamson Associates ұйымы құрылымдық инженерлік компания WSP Cantor Seinuk және Turner құрылыс компаниясымен бірлесіп жүзеге асырған. Құрылысты жүргізген Tishman Speyer болған және ол осы ғимарат үшін энергия тиімділігі үшін LEED Silver (жасыл құрылыс стандарты) сертификатын алуға өтініш білдірген.