Жәңгір хан кезінен қалған жәдігерлерді көру үшін бұл мекенге туристер Қазақстанды қойып Ресей, Уфа, Татарстаннан келеді. Хан Ордасы музей-қорығындағы визит орталығының ашылу салтанатына аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
БҚО-ның Хан Ордасы ауылы – тұңғыштар мекені. Бұл жерде алғашқы қазақ мектебі, алғашқы аурухана, қыздар училищесі, тұңғыш баспахана, тіпті алғашқы банкте осы Хан Ордасында ашылған. 1867 жылы ашылған Қазынашылық үйі дәл сол күйінде бүгінге дейін сақталып отыр. Осындай тарихи жәдігерге бай Ордаға туристердің көп келуі заңды. Енді міне, сол туристер үшін деп визит орталығы мен музей қорықтың әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді.
Жалпы, Хан Ордасы ауылын бейнелеп ашық аспан астындағы мұражай деп те атайды. Себебі бұл жерде сонау Жәңгір хан заманынан қалған 45 ғимарат, хх ғасырдың басындағы 80 шақты үй сақталған. Визит орталықтың мақсаты – осы тарихи мекенге келушілерге жағдай жасау. Хан Ордасы музей қорығының директоры Ғайса Махимов мекенге келуші туристер өте көп екендігін айтады.
– Ресейдің екі облысымен шектесеміз. Волгоград, Астрахань облыстарынан және Қазақстаннан туристер өте көп келеді. Енді алдағы уақытта жолдың құрылысы аяқталса, туристер саны тіпті артары сөзсіз.Туристердің көбеюі елдің экономикасына, ауданда жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына, бизнестің дамуына жағдай туғызады деп үміттенеміз, – дейді Ғайса Махимов.
Қарағайдан қиып салынған визит орталықтың құрылысына 432 млн теңге қаржы жұмсалған. Қажетті қаржыны «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» бөліпті. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөкей ордасы жаңғыру мен жаңару кезеңінде тұрғанын атап өтті.
– Бұл – ұлттық құндылығымызға, тарихы тереңде жатқан киелі Бөкей Ордасына деген мемлекетіміздің ықыласы. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қазақ жерінде ашылған тұңғыш аурухана ғимаратында жаңа экспозиция жасалып, 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Хан Ордасына сән беріп, көркейтіп тұрған мұндай ғимараттар көбейері сөзсіз. Әр көшесі шежіре, әр ғимараты сырға тұнған Бөкей елінің бәсі биік! Музей-қорықтың даңқы артып, келуші қонақ көбейе берсін, – деді облыс әкімі салтанатты жиында.
Хан Ордасы ауылындағы 1962 жылы 55 экспонатпен ашылған мұражай бүгінде үлкен музей-қорыққа айналып отыр.
Жаңадан салынған визит орталығы қазіргі заманға сай толық жабдықталған. Орталық кіреберісіне қойылған ақпараттық тақтадан музей кешені, Бөкей ордасы ауданы, тұңғыштар мекенінде дүниеге келген елеулі тұлғалар жайында деректермен танысуға болады. Сондай-ақ ақпарат тақтасы арқылы музей-кешеніне жасалар экскурсияны жоспарлау мүмкіндігі бар. Бірнеше бөлмеге бөлінген визит орталығының ақпараттық бөлімі музейге келушілер мен туристерге кешенді толық таныстыра алады. Аталған бөлім кешенді жарнамалау және музейді интернет желісінде таныту ісімен де айналысады. Жаңа ғимарат балалар бөлмесімен жабдықталған. Фотолаборатория да келушілерге қызмет көрсетуге әзір. Енді бұл мекенге келген әр қонақ Хан Ордасы, алғашқы қазынашылық сияқты тарихи орындарда түскен суреттерін бірден ала алады. Сондай-ақ жергілікті қолөнер шеберлері жасаған естелік сыйлықтарды да сатып алуға болады.
Дәл осы күні Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында ауылшаруашылық техникасынан жасақталған ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Еліміздің еш жерінде жоқ ерекше музейдің ашылуына Ақпәтер ғана емес, өңір тұрғындары арасында ерекше құрметке ие азамат Кәрім Өтеғұлов мұрындық болған. Жаңа музейде ХІХ, хх ғасырларда халық пайдаланған дүниелер, ауыл шаруашылығында пайдаланған техникалар қойылған. Жел диірменнің бөлшектері, ұсталар пайдаланған ауыр төс, Ақпәтер мен Алғай арасында қатынаған қайық та көпшілік назарына ұсынылыпты. Неше түрлі комбайн мен «Победа», «Волга», «УАЗ» көліктеріне де орын табылыпты.
Ж.ҚАЙЫРҒОЖИНА