Конкурсқа әлемнің 60 елінен 150 талант қатысқан.
Қазақ қызының туындысы Испанияда өткен халықаралық суретшілер байқауында бас жүлдені иеленді
3,647
оқылды

Атыраулық суретші-дизайнер Назерке Ищанова енді халықаралық сыйлықты алу үшін Испанияға барады.

Біз әлем суретшілерін мойындатқан жас талантқа хабарласып, жеңісімен құттықтадық.

Назерке   Испанияда өткен әлемдік «Усы Дали» байқауының  Digital Painting номинациясына онлайн форматта өтінім жолдаған.

Әлемнің 60 елінен 150 талант қатысқан конкурсқа Назерке  «Бәрі бір адамның бастамасынан басталады» атты  Digital Art стилінде салынған туындысын ұсынған.

«Конкурстың қорытындысы туралы хабарды электронды поштама келген хат арқылы оқып, қуанып отырмын. Хатта салтанатты марапаттау рәсімінің  келер жылы наурыз-сәуір айларында Испанияның Коста-Бравада қаласында өтетіні жазылған. Сол жерде халықаралық сурет фестивалі болады»,  дейді Назерке.

Айта кету керек, бұл Назеркенің халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін Назерке Лондонда өткен халықаралық «Алтын таланттар уақыты» байқауында тарихи тақырыпта салынған «Мұнар күн» туындысымен  І орынды жеңіп алған болатын.

 Назерке Ищанова «Атырау – Ақпарат» медиахолдингінде кітап дизайнері болып еңбек етеді. Сонымен бірге   «Қыр баласы» қоғамдық ұйымында да волонтер.

Назерке салған ерекше туындылар галереясын  заманауи   Digital Art стилінде салынған Алаш қайраткерлерінің бейнесі даралап тұр. 

Осылайша, атыраулық талант Назерке Ищанова өзінің заманауи өнері  арқылы, қазақтың дара тұлғаларын жастар арасында дәріптеп жүр.

Баян Жанұзақова