Үкіметтегі баспасөз брифингінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қаза тапқан кеншілердің толық тізімі қашан жарияланатынын айтты,– деп хабарлады Aikyn.kz.
«Қазір қаза тапқан 6 шахтер кім екенін анықтап жатырмыз. ДНҚ сараптамасын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана тізімді жариялаймыз. Бұл жұмыс 3-4 күнді қажет етеді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, алғашқы 40 кеншінің денесі бірден табылған.
«Соңғы табылған кеншінің мәйіті бөлшектеніп кеткен. Сондықтан ДНҚ сараптамасы қажет», – деді ол.
Айта кетейік, 28 қазан күні Костенко шахтасында апат болып, 46 кенші қаза тапқан еді.