Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Франция энергетика саласы бойынша әріптестікті нығайтпақ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Orano S. A. компаниясының бас операциялық директоры Николя Мас энергетика саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Үкімет басшысы Қазақстан мен Франция энергетика саласында байырғы стратегиялық әріптес екенін атап өтті.

«Orano – біздің осы бағыттағы маңызды және сенімді серіктесіміз. Компания Қазақстанда 27 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл орайда, “КАТКО” бірлескен кәсіпорны – ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестіктің дәлелі. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз», – деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Николас Мас Orano-ның Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылығын білдірді.

«Қазіргі уақытта бізге екі тараптан да өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ете алатын ірі жобалар жетіспейді. Сол себепті бүгін мен қарым-қатынасымызды нақты жобалар негізінде жаңғыртуды ұсынғым келеді», – деді ол.

Сонымен қатар кездесуге ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Анықтама: Оrano S.A. – Францияның атом өнеркәсібінің ірі көшбасшы компаниясы. Қызметінің негізгі бағыттары – атом энергетикасымен, яғни уран өндіру, өңдеу және байыту, ядролық отынды тасымалдау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және т. б. байланысты.