Сенат депутаты Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Архивтердің 98%-і талапқа сай келмейтін ғимараттарда орналасқан – Дархан Қыдырәлі
1,339
оқылды

Сенат депутаты қазіргі кезде архив ғимараттарының талапқа сай келмейтінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, кез келген елдің өткенін қаттап, бүгінін болашақпен жалғайтын жады, ұлттың тарихи санасын қалыптастыратын құнды құжаты, мемлекеттің меншігін айқындайтын айғағы – архив екені белгілі. 

Бізге келіп түскен хаттарға байланысты, "архивтеріміздің жай-күйі қандай?" деген сұраққа жауап іздеген едік. Жағдай көңіл көншітерлік болмай шықты. 

Бірінші кезекте  архив саласының қауіпсіздігі мәселесі. Елімізде архив құжаттарын сақтандыру қорын қалыптастыру мен оны сақтау бойынша заңнамалық талаптар тиісті материалдық-техникалық жағдайдың болмауына байланысты жүзеге аспай келеді. Республика бойынша архив қоймаларының 90%-дан астамы толып қалған. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 100% болуына байланысты құжаттар сақтауға қабылданбайды. Архивтердің 98% заңнама талаптарына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан. 2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомстволық архивтері отқа оранды, қаншама құнды құжат жанып кетті. Түрлі апаттар мен төтенше жағдайларда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар жоқ. Сондықтан архив қоймаларын кеңейту, құжаттарды қорғау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды ескере отырып, архивтер үшін арнайы ғимараттар салу ісі ұлттық мұраның сақталуы тұрғысынан маңызды міндет. 

Өркениетті елдердің мұрағат ісіне қаншалықты мән беріп отырғаны белгілі. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстан сияқты іргелес елдерде архив ісі тікелей Президентке немесе Премьер-Министр кеңсесіне қарайды. Елімізде құзыретті органның өкілеттігінің жетпеуінен түрлі бюрократиялық кедергілер туындап отыр.   

Архивтердегі құжаттарды сақтау мәселесі де сын көтермейді. Олардың басым бөлігінде талаптарға сай келетін тиісті қор сақтау қоймалары, тіпті қарапайым құрал-жабдықтар жоқ. Салдарынан құнды құжаттар қолдануға жарамай қалады. Арнайы мамандар тапшы болғандықтан, реставрациялық жұмыстар да жүргізілмейді. 

Елімізде 229 мемлекеттік және арнаулы архив жұмыс істейді екен. Оларда жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан, кәсіби мамандар тұрақтамайды. Өңірлерде ауысым 50% құрайды. Орталық мемлекеттік архивтердің штат саны мен бекітілген еңбек нормасы жоқ. Әрбір архив «цифрландыруды» жүйесіз, қызметкерлердің біліктілігіне байланысты әртүрлі жүргізеді. Ұлттық бағдарламар арқылы елге әкелінген көптеген құжат  әлі жеке қолдарда жүр. Оларды ұлттық архивке өткізу міндеттелмеген. Сонымен бірге «Архив – 2025» бағдарламасын қайта қарау қажеттігі де туындап отыр. 

Жалпы, ұлттық архив саласында қалыптасқан ахуалды саралай келе төмендегідей сауалдар туындайды: 

 Архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? 

 Төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар ма? 

 Өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделген бе?

Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады. Бұл ретте тиісті ғимараттардың ескіргені, құзырлы орынның өкілеттігінің жеткіліксіздігі, қаржыландыру мен штаттың аздығы, жалақының төмендігі сияқты себептерге байланысты архивтерге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігі айқын сезіледі.