Vertu телефондары өзінің ерекше дизайнымен және қымбат бағасымен ғана есте қалады. Жақында осы брендтің жаңа өнімдері таныстырылды. Сәнді смартфонда блокчейн технологиясы мен жасанды интеллект қолданылған, бағасы шарықтап кеткен.
Vertu қымбат смартфонымен таңғалдырды
1,613
оқылды

Премиум сегменті үшін телефондар өндіретін Vertu тағы бір жаңа өнімін нарыққа шығарды. Британдық брендтің жаңа METAVERTU 2 құрылғысының техникалық сипаттамаларын Slashgear.com сайты толық жариялады. Aikyn.kz осы мақалаға сүйене отырып жаңа модельдің сапасы мен бағасының сәйкестігін бағалайды.

Фото Vertu сайтынан алынды

Жаңа Vertu телефоны Android операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Смартфон ЖИ тіл үлгілерінің керемет мүмкіндіктерін және блокчейн негізінде жасалған жоғары қауіпсіздік деңгейімен ерекшеленеді. Бұл қазіргі Android-та жұмыс істейтін телефондардың ішіндегі флагмандық нұсқа болып саналады.

Құрылғының 12 ГБ жедел жады және 512 ГБ, 1 ТБ сақтау конфигурациясы бар, ол Qualcomm Snapdragon 8 Gen 2 SoC процессорымен жабдықталған. Алдыңғы панелінде 6,78 дюймдік OLED экраны бар, оның тұнықтығы 1,5 мың (1260 x 2800) пиксель және жаңарту жиілігі 120 Гц. 

Смартфонға оптикалық тұрақтандыруы бар 54 мегапиксельді негізгі камера, 50 мегапиксельді ультра кең бұрышты камера және оптикалық кескінді тұрақтандыратын 8 мегапиксельді телеобъектив орнатылған. Телефонға екі SIM карта орнатуға болады.

Фото Vertu сайтынан алынды

METAVERTU 2 смартфонының түсі төрт нұсқада шығарылған: Carbon Fibre, Creamy White Crocodile, Navy Blue Crocodile және Iron Black Crocodile. Смартфонда аэроғарыштық гипоаллергенді болат пен сапфир кристалы, Birkin маркалы қолтырауын терісі қолданылған. Осындай сәнді дизайн мен сапалы материалдардан басқа Vertu METAVERTU 2 қауіпсіздікті күшейтетін блокчейн технологиясы мен жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді.

METAVERTU 2 смартфонына блокчейн үшін 10 ТБ тегін сақтау орны бөлінген және жеке кілттер мен құпия деректерді сақтау үшін арнайы қауіпсіздік чипін қамтитын «банк деңгейіндегі шифрлау жабдығы» бар. Бұндай мүмкіндіктер цифрлық әмиянда сақталатын криптовалюталармен жұмыс істейтін адамдарға өте пайдалы.

Фото Vertu сайтынан алынды

Смартфон хабарламаларды шифрлау арқылы қорғайды және екінші жақтағы адам экранның скриншотын жасаса немесе экрандағы бейнені видеоға түсіріп жатса жедел ескертулер жібереді. Сондай-ақ, Vertu смартфонында сақталған барлық құпия деректерді бір рет басу арқылы өшіруге мүмкіндік беретін Ghost жүйесі бар.

Компания жасанды интеллектегі кейбір қызықты жетістіктерді ұсынады. Мысалы, пайдаланушының саяхатының маршрутын жоспарлайтын ЖИ моделі, оның виртуалды көмекшісі ретінде қызмет көрсетеді. Бұдан басқа телефонда Гордон атты қаржылық кеңесші мен Альфред есімді цифрлық үй қызметшісінің қызметі де қарастырылған.

Vertu-дің жаңа METAVERTU 2 смартфонының бағасы $5100 басталады, ал талғампаз тұтынушылар үшін былғары опциялары бар нұсқалар 9 300 доллардан кем болмайды.