Анимация ауылында жүргендер де бірен-саран ғана. Бұл жанкешті жандардың еңбегі неге көп көрінбейді? «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» мультфильмі сияқты көрермен көзайымына айналар дүние бар ма? Бұған мамандардың көзқарасы қандай?
Әбдіқадыр САБЫР,
продюсер, сценарист, режиссер, мультипликатор:
– Қазір статистиканың заманы, яғни сандарға қарап сөйлеу бағаланады. Шынайы өмірде ол мүлдем басқаша. Бір анимация өзін қаржылай ақтаған емес. Өйткені бұл бағытта мемлекеттік менеджмент жоқ, салық мәселесі де бар. Былайша айтқанда, қаржының жартысына жуығы сондай қосымша салықтарға кетуі мүмкін. Қазақ анимациясында еркіндік бар, тек белгілі бір тақырыпқа ғана. Бізде ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу керек деген ұстаным бар. Анимация тек балаларға арналған деген қатып қалған түсініктен арылмаған. Сананы сандалтатын ересектердің өзара әзілдесетін арзан әзілсымақтарын анимацияға тығып, ұрпақтың өресін төмендетудің қажеті шамалы.
Ділшат РАХМАТУЛЛИН,
режиссер-мультипликатор:
– Қазір қазақ анимациясының даму деңгейі жақсы. Оның дәлелі қазақ мультфильмдердің барлығы дерлік балалардың назарында жүрген Balapan арнасында көрсетіліп жүр. Менің ойымша, қазақ тілінде сөйлейтін балалар қазақ анимацияларын үзбей қарайды. Сондықтан еліміздің отандық мультфильмдері шетелдікінен кем түспейді деп айта аламын. Қазақ анимациясы бөлек ұйым болуы керек. Бұл қазір «Қазақ фильммен» де, «Ұлттық кино қолдау мемлекеттік орталығымен» де бірге жұмыс істейді. Егер қазақ анимациясы бөлек ұйым ретінде құрылатын болса, дамудың жоғары деңгейіне жетеді деп сенемін.
Жәнібек НҰРБЕК,
суретші, анимациялық кинорежиссер:
– Экраннан бөлек әлеуметтік желілерде қазақ мультфильмдері миллионнан аса қаралым жинайды. Бұл балалардың отандық қазақ тіліндегі анимацияларға шөлдеп отырғанын білдіреді, яғни сұранысқа ие деп айтсақ болады. Тағы бір дәлел ретінде мынаны айтайын: 2019 жылы «Қазақконцертте» балалар назарына ұсынылған «Мұзбалақ» пен «Күлтегінді» көруге 10 мыңнан аса бала келген еді. Бұл көрсеткіш қазір әлдеқайда өскен. Ата-аналар мен балалар тарапынан сұраныстың көптігі рас, бірақ жаңа анимациялық фильмдерді жарыққа шығарып үлгермей жатырмыз. Қазақстанда 40-тан астам анимациялық киностудиялар бар. Барлығын «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі қаржыландырып отыр. Аталған бірлестік өткен жылы 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлген. Бұл қаржыға 20 анимациялық студия 20 қысқаметражды анимациялық фильм түсірді. Одан бөлек, бөлінген қаржы ішіне қызметкерлерге төленетін жалақы да кіреді. Биыл қазақ анимациясы үшін 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Өкінішті – әрине.
30 жыл бұрын анимация саласынан қол үзіп қалған білікті мамандар қазір қайта студияларға оралып жатыр. Жас мамандар Франция, Испания, Түркия, Польша қалаларында тәжірбе алмасып, отандық анимацияларда түрлі тәсілдерді қолданып жүр. Егер мемлекет тарапынан жыл арасына арагідік салмай, жүйелі түрде үздіксіз 5-10 жылдай қаржылай қолдау көрсетілсе, қазақ анимациясы өзін-өзі толық ақтайтын дәрежеге жетеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ