БАҚ бетінде еңбек адамы туралы жарияланған материалдарды қарап отырсаңыз, «еңбек адамы – ел мақтанышы», «еңбек адамы – елдің құты» деген сыңайдағы тақырыптарды жиі жолықтырасыз.
Әрине, бұлай болуы да заңдылық шығар. Әйткенмен... Еңбек адамының біздің елдегі өмірі, әлеуметтік жағдайы, қала берді салық төлеуші ретіндегі құны бар ма? Бар болса, қандай деңгейде? Немесе олардың адами үні билік өкілдеріне жетіп жатыр ма? Міне, кешелі бері көкейімдегі осы сауалдар маза таптырмай, бүгін сол орталықтан шалғай жатқан жердегі автобазардың артындағы көлеңкелі өмір иелерінің тіршілігін көзіммен көріп, құлағыммен жақыннан естіп, ауыр күрсініп қайттым.
Қош, сонымен әңгіме – көлік жөндеушілер хақында. Астанада күзге салым қар жауа қалса, машинаның дөңгелегін арзанға ауыстырып беретін көлік жөндеушілер, яғни «шиномонтаж» жұмысшыларын іздейтініміз рас. Бірақ олардың қандай жағдайда жұмыс істейтінінен көбі бейхабар болса керек. Соның бірі – мен.
Таң атып, жұрт жұмысына жанталасып жатқан кезде мен де мақала жазуға асығып, редакциядан 10-15 шақырым жерде орналасқан «Алаш» базарына бардым. Оған қарама-қарсы тұста «Шанхай», «Орда» базары, «BIG Шанхай» сауда үйі орналасқан екен. Айналада сауда жасап тұрған адамдардан көлік жөндейтіндер көбіне қайда болатынын сұрадым. Сөйтсем, базардың жанында «Керуен» деп аталатын үлкен автобазар бар екен. Ал оның артындағы контейнерлерден көлік жөндеп жатқан жұмысшыларды көрдім. Көрдім де, сондағы ең белсенді жұмысшылардың бірі, әрі сол жердегі контейнердің бірін жалға алып отырған, әрі сол жердің «әкімшісі» Санжар Әмірбековпен таныстым. Санжар осы жерде 6 жылдан бері жұмыс істейді. Жалпы, бұл кәсіппен айналысқанына 10 жыл болған білікті маман екен. Торғайдың қазағы. Отбасылы. Астанаға 2000 жылы көшіп келген. Жасы 40-та. Осы жердегі өмірді, осы маңдағы барлық мұң-зарды, тіпті өзге жұмысшылардың да әлеуметтік мәселесін маған осы Санжар айтып берді.
– Сәке, бұл жердегі жұмыс қалай? Мына контейнерді қаншаға жалдап отырсыз?
– Бұл жерде бәріміз пайызға жұмыс істейміз. Жалға алу, коммуналдық төлемдер құны – бәрі бірдей алынады. Содан қалғанын ортаға шығарып, бөлісеміз. Жұмысшылардың барлығының бала-шағасы бар. Өз үйі барлар да, пәтер жалдап тұратындар да жұмыс істейді. Ағам екеумізде де осында контейнер бар. Екеуміздікін қосқанда ұзын саны 10 адам жұмыс істейміз. Ай сайын жалдау құны – 200 мың теңге. Электр жарығына 40 мың теңге төлейміз.
– Дөңгелек ауыстыру қанша тұрады?
– Бір машинаның дөңгелегін ауыстыру 4 мың теңге тұрады.
– Қысқы маусымға дайындық қалай? Жұмысшылар қанша табады?
– Қазір қысқы маусымға дайындалып, көлігінің дөңгелегін ауыстырып жатқандар бар, әрине. Мұндағы адамдардың күніне табатын жалақысы – 8-10 мың теңге шамасында. Жұмыс өте жақсы болды деген күні 15 мың теңге табады.
– Салық төлейсіз бе?
– Салықты міндетті түрде төлеймін. Медициналық сақтандыру да төленеді.
«Емделгіңіз келсе, ақылы емханаға барыңыз...»
– МӘМС-ке қатысты мәселе бар ма?
– Ә-ә-ә... Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты мәселе бар... Бұрын бухгалтерия зейнетақы аударымымен қоса медициналық сақтандыруды да ай сайын төлеп тұратын. Мысалы, оны әр айдың 25-іне дейін төлеуіміз қажет еді. Қазір медсақтандыруды әр айдың 5-іне дейін төлеуге міндеттеді. Менің көкейімде "неге бұлай?" деген сұрақ бар?..
Мұны сұрап отырған себебімді түсіндірейін. Мысалы, бізде осыған дейін медсақтандыруға ақша аударып келіп, бір күні жұмыстан шығып қалып, ақша төлемесеңіз, сізді ауруханада ешкім қарамайды. Осы жақында әйелімнің аяғы шығып кетіп, аурухананың травматология бөліміне барғанбыз. Бірақ бізді «медсақтандыруыңыз жоқ!» деп дәрігерлер қарамай қойды. Мен де, әйелім де әр ай сайын медсақтандыруға уақытылы төлеп келгенбіз. Бір күні бухгалтерия төлеуді ұмытып, кешіктірген. Сөйтіп, компьютерлік бағдарлама бізді автоматты түрде МӘМС-ті төлейтін салымшылардың жүйесінен шығарып жіберген. Сол кезде 2 жыл бойы салық төлегеніміз ескерілмейді де, 1 ай медсақтандыруға қаржы аудармағанымыз бәрін жоққа шығарады екен... Содан бізге «емделгіңіз келсе, ақылы емханаға барыңыз немесе ақша төлеңіз» деп дүрсе қоя берді.
Ең басты құндылық – адамның денсаулығы мен құқығы
– Бұл тек сіздің басыңыздағы мәселе ме?
– Меніңше, бұл – менің ғана емес, осында жұмыс істейтін жұмысшылардың да басынан өткен не өтуі мүмкін. Тіпті, кез келген қазақтың жанына бататын үлкен мәселе. Көрдіңіз бе? Әңгімемізді әуелі осыдан бастайық. Егер елімізде шамамен 10 миллион адам жұмыс істейді делік. Соның бәрі кемі 3 жарым мың теңгесін төлесін. Онда МӘМС-тен түсетін ай сайынғы сома 35 миллиард қой, ойлаңызшы. Егер бізде адам емдейтін кадр жетіспесе, осы ақшаға шетелден-ақ дәрігерлер алдыртуға болар еді. Оған қоса, қазір әр айдың 5-сіне дейін ақша төленбесе, салық төлеушінің есепшотын жауып тастайды. Себебі заң солай. Қанша дегенмен барар жері, басар тауы жоқ адамның да құқығы болуы керек қой. Мемлекетте ең басты құндылық – адамның денсаулығы мен құқығы болуы қажет.
– Мұнда қауіпсіздік шаралары сақталған ба?
– Жұмыс істейтін жерімізде қауіпсіздік шаралары сақталған. Бөлмеміз бар, журнал бар. Күн сайын әрбір жұмысшының денсаулығын тексеріп, хал-ахуал сұрасып тұрамыз.
– Іште пешке жылынып отырсыздар. Күн суық қой...
– Қыстың кезінде суық, әрине. Бірақ оған не істей аламыз?.. Орталық жылу жүйесіне қосылмағандықтан, өзіміздің қолдан салған құдық пешке жылынып, өмір сүріп жатырмыз. От жағу үшін көмір керек. Ал көмірді айтсаң, тағы үлкен мәселе. 1 тонна көмір алу үшін күні бойы кезекке тұру қажет. Өз аяғымызбен барып, сатып аламыз. Оны әкелу үшін арнайы жүк көлігін (Газель – ред.) жалдаймыз. Шұбаркөл көмірінің тоннасы 22 мың теңге тұрады. Ал Қаражардыкі – 15 мың теңге. Көмірді тасып беретін адамға 10 мың теңге төлейміз. 1 тонна көмірді алдыртуға бас-аяғы 50 мың теңге жұмсаймын.
– Ал еңбек шарты сақтала ма?
– Мұнда еңбек ететіндер – көбінесе, жалдамалы жұмысшылар. Жалдамалы дегенмен олардың ішінде барлығы дерлік біраз жылдан бері осында жұмыс істеп келеді. 4-5 жылдан бері жанымда жүрген азаматтар да бар. Бірақ соған қарамастан, олар «жалдамалы» болып саналады. Сондықтан жылына бірреттік еңбек шартына отырамыз. Жалақы күнделікті беріледі. Ресми жалақы алмайды. Ал еш себепсіз жұмыстан қалып, келмей жүрген адам жұмыстан босатылады. Барлығы бала-шағасын осы кәсіппен асырап отыр. Қатарымызда Қояндыда "времянка" жалдап тұратын 2 адам бар. Өзім «Тұлпар» базарының маңында өз үйімде тұрамын. Қалған жігіттер пәтер жалдап өмір сүреді.
Құлшыныс болса, барлық қиындықты жеңуге болады
– Осы сізден бірдеңе сұрайыншы. Тек айыпқа бұйырмаңыз. Көлікке, оны жөндеуге, жалпы автобөлшектерге қатысты жан-жағымдағы адамдардан қай маманға жүгіну керегін сұрасам, «орысқа бар» деген әңгіме айтады. Бұл стереотип пе, әлде шындық па? (Қарқылдап күлді)
– Қарап тұрсаңыз, жанымда жұмыс істейтін жігіттердің дені – қазақ. Арасында тек екі ел арасындағы қақтығысқа байланысты көшіп келген бір украин жігіті бар. Ол былай ғой. 70 жыл бойы кеңестік идеология сыңаржақ пікірмен сондай сана қалыптастырды. «Қазақтардың қолынан мал бағу ғана келеді. Техниканың тілін орыс жақсы біледі» деген түсінік күні бүгінге дейін барын байқап отырмын. Оқу, іздену, үйренуге деген құлшыныс болса, барлық қиындықты жеңуге болады деп ойлаймын. Қазіргі ақпараттық заманда мүмкіндік көп. Әлем ақпаратты меңгеру жағынан дамып жатыр. Естимін деген құлаққа, көремін деген көзге – бәрі ашық. Сондықтан жұмыс істеу қабілетін, техниканы меңгеру қабілетін ұлтқа бөлшектеуді жөн көрмеймін. Орыстың ішінде бар ақымақ қазақта да бар немесе керісінше. Ең бастысы – адам істейтін жұмысына үлкен жүрекпен келуі шарт.
– Тұрақты тұтынушыларыңыз бар ма?
– Әрине, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Мына жерге күніне шамамен 4-5 адам келеді. Қазір біз көбіне жүк көліктерін қабылдаймыз. Себебі жеңіл автокөліктерді қабылдауға жағдай келе бермейді. Мәселен, мына жерге өз көлігімен әйелдер келеді делік. Олардың машинамен кіріп-шығуына мүмкіндік жоқ, жол нашар, батпақ. Бір машинаның жұмысына шамамен 40 минут кетсе, оны күтіп отыруға мына жерде ешқандай қолайлы жағдай жоғын көріп отырсыз.
Тек Қытайдан келеді...
– Дөңгелектерді қайдан алып келесіз?
– Негізінен Қытайдан тасымалдайды. Шамамен 80-90 пайызы. Жанымызда келісімшартпен жұмыс істеп жатқан жүк қоймалары бар. Біз содан сатып алып, тапсырыс беріп жатамыз. Мәселен, тұтынушы келіп, «маған дөңгелек керек» десе, сол жерден алып беремін. Көлік дөңгелегін тек Қытайдан алып келеді. Еуропадан да әкеледі. Бірақ олардың бағасы тым қымбат. Қарапайым халық көлігіне Қытайдың баллонын салып жүр. Ал транзиттік көліктер сол Еуропадан келетін баллондарды салуы мүмкін.
– Тұтынушылар қай уақытта көп болады?
– Қыспен салыстырғанда, жазда көп болады.
– Қандай оқуды тәмамдадыңыз. Кәсіпті қалай меңгердіңіз?
– Жоғары білімім жоқ. Бірақ Қарағандыда кран жүргізетін оқуды, дәлірек айтқанда, үш айлық курсты оқып аяқтадым. Мұндағы жұмысты өзім қарап, қолдан үйреніп алдым. Басқалары да солай. Ешкім кәсіби білімі бар инженер емес.
Техникалық мамандар тапшы
– Еее, солай деңіз...
– Меніңше, қазір біздегі көп жас заңгер болуды, жылы-жұмсақ жерде отыруды армандайды. Ал мынадай жұмысты кім істейді? Инженерлік, техникалық оқуда жүргендердің қарасы аз-ау деймін. Мысалы, өткенде бізде токарь станогы болған. Бірақ оның жұмысын істейтін бірде-бір токарь таба алмадым. Бұл осы саладағы маманға деген тапшылықтың барын көрсетіп отыр. Бізде техникалық мамандар тапшы. Неше түрлі станок өз иесін күтіп, қаңырап, бос тұр. Оның жөнін Кеңес үкіметі тұсында оқыған үлкен кісілер ғана біледі. Олар да қартайды. Ал одан кейінгі жастар, яғни сол маманның орнын басатын ізбасарлар жоқ. Бұл – үкіметтік деңгейдегі әлеуметтік мәселе. Жұмыссыз жүрген адам көп, бірақ нағыз маман аз.
– Енді ол үшін не істеуіміз керек?
– Қазіргі жастың жүрегін оятуымыз қажет... Жер, ел, Отан, анаға деген махаббат болмай, іс өнбейді. Қазір сол мұнай бұрғыламай-ақ жақсы ақша тауып, еңбек қылуға мүмкіндік бар. Бірақ сол «мүмкіндікті» өз игілігіне пайдаланып кететін топтар бар. Мысалы, менің ауылда егін егетін ағатайларым бар. Мына Атбасардың маңайында. Алайда олар өз өнімдерін сата алмайды. Нарықта өз «заңымен» жүретіндер көп. Соның кесірінен қарапайым халық қана зардап шегеді. Айтатын мәселе көп, ол – жалғыз көлік жөндеушінің мұңы емес, жалпыға ортақ дүниелер. Айта берсең, тек жүйкең құриды.
– Жұмыс орнында неше түрлі құрал-жабдық бар екен. Қайдан келеді?
– Жақсы, техникалық құрал-жабдықтар туралы айтайықшы. Бағасы қымбат. Алдыңызда тұрған «домкраттың» өзі Қытайдан келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын 10 мың теңге тұрған. Қазір 50 мың теңге тұрады. Бұлар Ресейден келсе, бағасы одан да қымбат. Қарапайым заттың өзін тек қана Қытайдан аламыз. Ал оны неге Қазақстанда жасап шығармайды? Білмеймін тіпті. Әрі қарай жүрсеңіз, «кубалда» мен балғаны көресіз. Көрдіңіз бе?.. Жай ғана темір, бірақ ол да Қытайдан. Мен арғы жақта тұрған сіз түсіне бермейтін құрал-жабдықтар жайлы сөз қозғамадым, оны айтпай-ақ қояйық. Бұл – қарапайым темір ғой... Бұған кім кінәлі? Оны да білмедім.
– Қалай ойлайсыз, нарықтағы сіздер тұтынатын ресейлік және қытайлық тауарларда айырма бар ма?
– Ресей мен Қытай тауарларының айырмасын мына мысалдан-ақ білуге болады. Мәселен, Ресейдің «КамАЗ» жүк көлігін жөндеуге 3,5 миллион теңге кетсе, Қытайдың Howa жүк көлігін жөндеуге 1 миллион қаржы кетеді. Сондықтан қазір бізге келетін жүк көліктерінің көбі Қытайдан келеді.
– Айналаны көріп шықтым. Жол нашар, жер батпақ. Бұған кім жауап береді? Базардың әкімшілігі не істейді?
– Базардың әкімшілігі көктемде, қар еріген тұста шебень, ұсақ тастар төсеп, мына жерді жөндейді. Бірақ жүк көліктері бәрібір бұл жерлерге ойық жасайды. Бізге көлігін әкелетіндер негізінен жалпыхалықтық жол арқылы келеді. Ал мына автобазардың айналасындағы жол тап-таза, теп-тегіс. Олай болуы да дұрыс, заңдылық қой. Себебі ол – жеке.
Адамнан бұрын иттің құқығы алға озды...
– Айтарыңыз көп сияқты ғой... Тағы қандай мәселе бар?
– Сізге қазір бірдеңе айтсам, таңғаласыз. Бізде тап қазіргі уақытта адамнан бұрын ит-күшіктің құқығы алға озып кетті. Себебі итті ұрып-соққандар жазаланады. Ал қараусыз, құлап жатқан адамнан жай аттап өте салатын халге жеттік. Адамға қарағанда, жан-жануардың құқығы қатты қорғалған.
– Сіз білесіз бе?
– Ау? Нені?
– Астанада 3 бірдей қаңғыбас жан-жануарларды асырайтын үй бар. Соның біріне барғанмын. Оны қазір айтып берейін. Осыдан біраз уақыт бұрын жұмыс алаңының маңында кезбе иттер қаптап кетті. Біреу емес, екеу емес, көп. Одан кейін бұған жауапты мекемеге хабарласып, арнаулы мамандарды шақырдым. Сөйтсем, олар қара ормандай қаптаған итке тиіспеді. Тек адамға шапқан кезде 1-2 сағатқа денесін жансыздандырып, алып кетеді екен. Өлтіруге қатаң тыйым салынады. Содан кейін «үйлеріне» апарады.
Қызық үшін деп солардың біріне бардым. Осы Астананың шетінде иттердің үйі бар. Шамамен 100 шақты ит бар екен. Құдай-ау, мына үйсіз-күйсіз жүрген жандар жататын бейімделу орталықтарындағылар ондай тамақ ішпейтін шығар. Іші-сырты таза, кәдімгі тап-таза үй, тіпті кейбірі оған мейрамханадан тамақ тасиды. Өздерінің қоғам белсенділері бар, қателеспесем, әкімшіліктен арнайы қаржы бөледі. Міне, осының бәрін өз көзіммен көрдім. Ал жұмыс істесін, көрсін деп өмірге бейімдеу орталығынан жанымызға қолының ебі бар адам алғымыз келген. Сөйтсек, ондағы жағдай мәз емес екен. Бізде адамға қарағанда иттің құқығы жоғары дейтінім – сол. Шынымды айтсам, бұл көңіл көншітетін жағдай емес.
– Солай деңіз...
(Түс кезі. Сосын сұхбат беріп отырған Сәкең екеуміз сыртында «асхана» деген жазуы бар контейнерге кірдік. Ол жерде маңайдағы жұмысшылардың бәрі келіп, тамақ ішеді екен. Түскі ас барысында әңгіме одан әрі өрбіді.)
– Айтпақшы, жұмыс уақыты қалай?
– Таңғы сағат 09.00-дан кешкі сағат 19.00-ге дейін.
– Әәә... Жаңа бір сөзіңізде базардың «әкімшісімін» дедіңіз, сосын көлік те жөндейсіз. Әмбебап екенсіз ғой?
– Базардың ішінде «әкімшімін». Өзің көрген жүк көтергіш машиналарды жүргіземін. Одан бөлек, көлік жөндеймін, дөңгелегін ауыстырамын. Жалпы, мүмкіндігінше осы базардың барлық мәселесіне араласып, шешуге тырысып жүремін.
Менің бір арманым бар...
– Одан басқа ойлап жүрген ісіңіз бар ма еді?
– Менің негізі бір арманым бар... Телефоныңды қосшы, айтайын. Міне, асханадағы адамдарға қарашы. Бәріміз бір-бірімізбен жақсы араласамыз. Осындағылардың біреуі кішігірім цех алып, біреуі контейнер жалға алып, әйтеуір қарызданып-қауғаланып, тынымсыз еңбек етіп жүр.
Сонда да масштабты жұмыс істеу ресурсы шектеулі болып отыр. Ал оған жер керек. Біздің Астананың төңірегінде 50 шақырымға дейін жердің бәрін алып қойған. Жоқ. Зауыт ашуға мүмкіндік жоқ. Осы отырғанның бәрі көп нәрсе істегісі келеді. Бірақ не қаражат жетіспейді, не жер жетіспейді.
Мен де мысалы, осы жерде контейнерді жалға алып, күн көріп отырмын. Өзіңіз аумақты көрдіңіз. Тар. Мұның бәрін реттеп, жөндеуге болады. Бірақ ол менікі емес, біреудікі. Ал енді жер мәселесіне келейік. Жерді ешқашан сіз бен біз секілді қарапайым адам ала алмайды. Тап қазіргі Шанхай болсын, Алаш базары болсын, Керуен автобазары болсын, осы маңайдағы негізгі әлеуметтік мәселе – алып жүк көліктерінің автотұрағы жоқ.
Көшеге, кез келген үйдің арасына, біреудің базасына, жолдың бойына адамдар жүк көлігін қоя салады. Ал «ҚазАвтоЖол» қаланың сыртындағы айналма жолға автотұрақтар салған. Жақсы, сала берсін. Бірақ оған тек транзиттік көліктер барады. Сосын оның қауіпсіздігі де шамалы, күзет жоқ. Тіпті, ол жерге адамдар көлігін қойып кетсе де, үйіне қайта алмайды. Менде осы мәселені шешілсе деген ниетім бар. Сіз мені түсініп тұрсыз ба?
– Иә.
– Дұрыстап тағы түсіндірейін. Осында келе жатқанда жолдың бойынан бірнеше жүк көлігін көрдіңіз бе?
– Иә. Толып тұр.
– Олар жайдан-жай тұрған жоқ. Бұл – біздегі әлеуметтік «аурудың» симптомы. Себебі осы Астанадағы жүк таситын көлік жүргізушілерінің тұратын автотұрағы жоқ. Мен сізге оны әкімдік тегін қылып қойсын демеймін. Егер жағдайын жасап, мәселен, маған жер берсе, оны өзім-ақ кәсіпті дөңгелетер едім. Жұмысшылардың бәрімен жақсы жұмыс істеймін. Ешкімнің ақысын жемеймін. Тұрақтың құны күніне 700 немесе 1 000 теңге болсын дейік. Жанына қонақүй ме, хостел ме, сала берсін. Таза асханасы болсын. Мына контейнердегілер де сол жерге барар еді. Ары кеткенде 5 гектар... жарайды 2-3 гектар жер берсін, бізге сол жетеді. Ал мына жүк көліктері сол қалаға кететін керек-жарақтарды, жеміс-жидектерді тасиды.
Жаңа өзіңіз біреуін көрдіңіз. Кейбірі қаладағы құрылысқа атсалысады. Біреуі қардан, судан қаланы тазартады. Бірақ сол қарапайым жұмысшыларға, яғни жүк көлігін жүргізетіндерге жағдай жасалмаған. Оны «кет!»» деп дөкейлер шырылдатқысы келеді. Бірақ ол қайда барады? Жер жоқ қой... Жарайды, транзиттік жүк көліктеріне арнап, «ҚазАвтоЖол» миллиардтап ақша жұмсап, айналма жолға тұрақтар салды.
Басқа жаққа баратындар 1-2 сағат сол жерде демалады да, кете береді. Ал осы қалаға келетіндер, осында еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргендер ше? Оларды кім ойлайды? Одан кейін жүк көлігі болған соң, оның майы тамады, жерге қоқыс түседі. Ал пайдаға аспай қалған дөңгелектері далада жатады. Табиғатқа зиян. Оны қоқысқа да тастауға келмейді. Шірімейді. Шашылып жатқан ескі дөңгелектерді жинап, утилизацияға жіберемін. Егер маған мүмкіндік берсе, осының бәрін жөнге салып, жасар едім. Мына даланы ластамай, жүргізушілердің де жағдайын жасап, бейберекетсіздіктің бәрін реттер едім.
Әкімдік тек жер берсе, болды. Өзім секілді адамдарды жинап, жергілікті бизнесмендердің біріне қонақүй, біріне елге керек дүниені салғызып, бизнесіңді жүргіз, тек заңды сақта деп айтар едім. 2 жыл ішінде бәрібір нәтиже болады. Бәрі ақылы, тек бағасы халықтың тұрмысына ыңғайлы, қолжетімді болар еді. Себебі күзеті бар, сервисі бар, тазалығы бар. Мысалы, мындағы жұмысшылар жуыну үшін, дәретханаға кіру үшін автобазарға барады. Дәрет алып, жуыну – 200 теңге.Дәретханаға кіру – 50 теңге. Онда жұмыс істейтін өзіміздің қаракөз апамыз бен қарындастарымыз. Олардың да еңбегі бағалануы керек.
– Арманыңыз осы ма?
– Иә, менің арманым – осы... Алматы, Шымкент, Қостанайда жүк көлігіне арналған автотұрақ, автокемпинг бар, бас қала – Астанада жоқ. Ұят қой.
(Осы әңгімеден кейін ас ішіп, тамақтанып болған соң, далаға шықтық)
Жұмысшыларға арналған асхана
– Одан кейін қандай мәселе бар?
– Мына жаққа барайық. Қарашы, жанымызда хостел бар. Әнеу жерде көліктен кейін соның канализация жолын көре аласыз. Біздің жұмыс істейтін территорияға заңсыз қойған. Бетонмен жерге көме салған ғой. Оны ешқашан арнайы техникамен лас суын сорғызып, тазаламайды. Ол тасиды да, жаз бойы біз иісін иіскеп келеміз. Айтсақ, басшысы түсінбейді. Тап қазір де иісі мүңкіп тұр. Өзім қоңырау шалып, бірнеше рет экологтерді шақырттым. 5-6 рет айыппұл салды. Бірақ одан пайда болып жатқан жоқ. Сонда осы ғимараттың құрылысына кім және қалай рұқсат берген деп аң-таңбыз. Әйтеуір бір орган мұны қадағалауы керек.
– Тағы не айтасыз?
– Бұл – менің жерім, менің елім. Қандай болса да, Үкімет те менікі. Дұрысында – біздікі. Сондықтан мына мемлекетті халық та, билік те ойлауы керек қой. Келіп, жағдайымызды біліп жатқаныңызға көп рақмет! Амандықта болайық!
Жұмысшылар бөлмесі
– Рақмет, сіз де аман жүріңіз!
P. S. Осылайша, өзім жұмыс істейтін редакциядан 10-15 шақырым жердегі базардан қайтып келе жатып, біраз ойға шомдым. Бір жағынан сондағы адамдардың қарапайым әрі бәрін «өзіндей» көретін аңғал мінезіне риза болсам, екінші жағынан аталған аймақта қордаланған мәселелерді естіп, біліп, «жақыныңды жаттай сыйла» деген нақылдың мәнін енді түсінгендей болдым...
Фотоға түсірген: автор