Алматы-Өскемен тасжолының ШҚО аумағында жол апаты салдарынан 1 адам қаза тапты. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жол-көлік оқиғасы 9 қараша күні «Алматы-Өскемен» тасжолының 1075-шақырымында болған. «Зил» және «ВАЗ-2114» көліктері соқтығысып қалды. Салдарынан бір жолаушы оқиға орнында қайтыс болды.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Барлық мән-жай анықталуда», – делінген хабарламада.
Осы ретте, полицейлер көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, өздерінің және жақындарының қауіпсіздігін ойлауды ескертті.