Есімі елге оралған, кейінгі уақытта ғана аты атала бастаған Мұстақым кім?
Алаш ардақтысы
Деректер Мұстақым Малдыбаевтың 1880 жылы бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Үшқара тауының баурайындағы Сарықияқ қыстауында дүниеге келгенін жеткізеді. 1927 жылы желтоқсан айында 47 жасында Семейде қайтыс болып, Сарықияқ қыстауына әкеліп жерленген.
Алаш арыстарының бірі болған Мұстақым Малдыбаев кешегі өткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермековпен бірге ұлт мүддесі үшін күресте бірге жүрген. Мәди Бәпиұлының сыйлас, пікірлес досы болған.
«Мұстақымнан бір ұл, екі қыз қалған. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның құрметіне ұлының атын Әлихан деп атаған. Әлихан Алматыда, кіші қызы Талдықорғанда, тұңғыш қызы Сүйімбике Семей қаласында тұрған. Асылдың тұяғы Әлихан Малдыбаев танымал ақын, белгілі журналист Кәрім Сауғабаевқа жазған хатында былай дейді: «Әкем бес жаста, оның ағасы Сәулей жеті жаста жетім қалыпты. Шешелерінің қарауында жүріп, жерлестерінің қойын бағып, күн көріпті. Троицкіге жылқы айдаушылармен барып, сонда оқуға түсіпті. Кейінірек Уфада «Ғалия» медресесінде оқып, ауылында өзінің ағайындарының, жерлестерінің балаларын оқытыпты. Семейде де мектепте сабақ берген болуы керек. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген татар қызына үйленіп, елге алып келіпті. Шешеміз Ғазиза 1891 жылы туып, 1928 жылы қаңтар айында әкеміздің қырқының алдында қайтыс болыпты. Күйеуінің сүйегін еліне апарып қайтқанда, өкпесіне суық тиген болуы керек». Осы хатта жазылғандай Троицк қаласындағы орыс-қазақ мектебінде, сонымен бірге қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. «Ғалия» медересесін аяқтағаннан кейін 1910–1911 жылдар аралығында Жетісу өңіріндегі Есенқожа Маманов сияқты танымал азамат негізін қалаған Мамания мектебінде оқытушы әрі басқарушы қызметін атқарғаны туралы тарихи деректер кездеседі», – деп жазады, филология ғылымдарының кандидаты Саржан Уахитұлыь Ortalyq Qazaqstan газетінде «Аталмай жүрген арыс» атты мақаласында.
Одан әрі қарай Мұстақымның 1912 жылдан бастап Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқытушы болып қызмет істегенін, ХХ ғасыр басындағы әлемдегі өзгерістер мен төңкерістерден қазақ даласы да тыс қалмағанын тілге тиек ете келе, алмағайып кезеңде қазақ халқының ұлттық санасын оятып, өз дәуіріндегі көкейкесті мәселелерді көтерген Алаш көсемдерінің қасынан Мұстақым Малдыбаевтың да табылғанын атап өтеді.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Семей облысында Қазақ комитеті ұйымдастырылғанда, Мұстақым сол комитеттің құрамына енеді. Қазақ комитеттері ұлттық мәселелерді көтеріп, халыққа жетекшілік ететін ұйымға айналады. Семейде облыстық Қазақ съезі ұйымдастырылады. Съезді ұйымдастырған зиялы топтың жуан ортасында болады. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. Мұнан соң М.Малдыбаевтың ұлттық мәселелерге деген танымы айқындала түседі. Қазақ халқының болашағы тәуелсіздікте екенін білген ол «Алаш» партиясының Семейдегі комитетін құруға ерекше еңбек сіңіреді. 1917 жылы наурыздың 7 жұлдызында Семей қаласында Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, тағы басқа ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен Қазақ комитетін құруға қатысты өткен, бірінші жиында, қаланың «Заречная Слободка» деген бөлігін «Алаш қаласы» деп атау туралы шешім қабылданды. Осы жылдың қараша айының 21-22 жұлдызында болған жиында Алаш қаласы Думасының төрағасы болып Алашқа ерен еңбек сіңірген азаматтың бірі Биахмед Сәрсенов, ал оның орынбасары болып Мұстақым Малдыбаев сайланады. Ал аталмыш қаланың басшысы болып П.Шевченко тағайындалады. Сонымен қатар Алаш әскерін жасақтауға да атсалысады.
Деректі фильм түсірілді
Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырып Қарқаралыда туып-өскен, еліне еңбегі сіңген «Алаш» қозғалысының белді мүшесі, ағартушы ғалым, публицист жазушы, педагог, ұстаз Мұстақым Малдыбайға арнап ескерткіш тұғыр ашылды. Ескерткіш-тұғыр Қарқаралы ауданы, Мәди ауылы, Үшқара тауының етегіндегі Сарықияқ қыстағының қасында жатқан қайраткердің зираты қасына қойылды.
Міне, осы жерге елге белгілі зиялы қауым жиналды. Сол уақытта Qagan production жобасының Мұстақым Малдыбаев туралы деректі фильм түсірілген болатын.
Сол уақытта Қарқаралы ауданын басқарған Ерлан Құсайын: «ХХ ғасырдың басы, өзіңіз қарап тұрсаңыз небір оқиғаларға толы өтті. Қазақтың маңдайына біткен, қаймағындай болған ұлт зиялылары ел үшін күресті, басын бәйгеге тікті, Махамбет айтқандай, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» жан аямай арпалысты. Сол жолда шаһид кешті. Біздің тарихшыларымыздың зерттеуіне қарағанда жүз мыңнан астам адам итжеккенге айдалды. Жиырма бес мыңдай қазақтың маңдайына біткен мықты тұлғасы, жақсы мен жайсаңдары ату жазасына кесілді... Қарқаралының тарихы – бұл күллі қазақтың тарихы деп білеміз. Себебі қазақтың осынау тағдырлы тарихында болған небір оқиғалар Қарқаралы өңірін айналып өткен жоқ. Қарқаралы – Алаш арыстарының кіндік қаны тамған жер. Сол қатарда бүгін біз келіп, басына белгі қойып отырған Мұстақым Малдыбай әкеміз де бар еді. Оның саналы ғұмыры жайында елге сіңірген еңбегі туралы тарихшыларымыз, жазушыларымыз алдағы кезеңде айта жатар. Менің ойымша, мұндай іс-шаралар, белгі қоюлар біз үшін өте қажет. Өскелең ұрпақ үшін қажет, жастар үшін керек. Өкініштісі, осы уақытқа дейін Мұстақым сияқты тарихи тұлғаның болғандығын, елге сіңірген еңбегін біздің ұрпақ, аға буын еміс-еміс естісе де, көбі білмей өсті. Мектепте оқытпады. Олар туралы айтылмады. Олар туралы еңбектер жазылмады. Тәуелсіздігімізбен азаттығымыздың арқасында ақтаңдақтар толып, өткенге қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді», – деп жазады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов: «Қазір менің басымнан қилы-қилы сезімдер өтіп жатыр. Жаңа жолда келе жатқан кезде шеті жоқ, шегі жоқ қазақтың ұлы даласын, онда туып-өскен небір айтулы тұлғаларымыз туралы тебіреніс толқыныс өтті жүректен. Қаншама уақыт бойы қазақ халқы осы біздің арыстарымыздың жолына түсе алмай адасқанымыз – соның барлығы жанымызды тербетеді. Толқытады. Небәрі 47 жасында дүниеден өткен арысымыз Мұстақым Малдыбай туралы, ұлы қайраткер тұлға туралы кейінгі буынның зерттей бастауы – адамның жан дүниесін тербейді.
Біз неліктен осыншама көп уақытқа дейін анық-қанығына дейін түгелдеп жеткізе алмадық?! Бұл немқұрайлылық па, жайбасарлық па деген түрлі ой мені мазалайды. «Біз Әлихан, Ахмет, Мұстафа Шоқайларды білеміз. Бүкіл елдік тұлғадағы республикалық деңгейдегі тұлғаларды білеміз. Біз облыстық, аудандық деңгейдегі алашордашыларға әлі күнге дейін толық жеткен жоқпыз», – деген тарихшы Мәмбет Қойгелді. Тіпті, оларды осылайша аудандық, облыстық деңгей деп айтудың өзі артықтау болар. Жалпы, бәрі де ұлты үшін жанын пида еткен азаматтар, оларды біз ештен кеш болса да көтеруіміз керек. Қырық жеті жасында дүниеден озған алаш қайраткері Мұстақым Малдыбай ескерткішінің ашылуындай тарихи оқиғаға куә болу – мен үшін де үлкен бақыт», – дейді.
Алаш арыстары туралы кітап жазып, елге танылуына себепкер болып жүрген Qyr balasy қоғамдық қорының негізін қалаушы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай: «Осыдан 12 жыл бұрын ұстазым Тұрсын Жұртбай Мамания мектебінде білім алған, Мамания мектебіне қолдау көрсеткен әрбір шәкіртті толық зерттеп шық деп тапсырма берген болатын. 2014 жылы Мұстақым Малдыбайдың бүкіл шығармасын мұрағаттан тауып, жаңғыртып, кітабын шығара бастадық. Ең алғашқы кітабы 200 дана болып Қарағанды мемлекеттік университетінен шыққан болатын. Одан кейін 2020 жылы Қарғанды облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы болып тұрған кезінде Ерлан Бейсенбайұлы қаражат тауып беріп шығартқан болатын», – дейді.
Сол уақытта елін сүйген ерлер біріне бірі қолғанат бола білді. Мысалы, 1921 жылы Мұстақымды түрмеден алып шығамын деп қару-жарақсыз келген, большевиктік жүйенің құрбаны болған Мәди Бәпиұлы болатын. 1921-жылдың шілдесінде Семейде шыққан «Қазақ тілі» газетіне Мұстақым Малдыбайдың «Жолдасы» деген лақап атпен Мәдидің өлімі туралы мақала жазады. Сол мақалада: «Ол өзінің досын құтқарамын деп түрмеге келіп қаза тапты», – деп жазады.
Мұстақым сол уақытта туған өңірінде тұңғыш мектеп ашқан, зауыт салдырған. Бір басына жүз адамның істер ісін жүк қылып артқан арда азамат болды. Ол сол кезеңдегі қазақ ұлтына өзекті болған мәселенің бірі оқулық шығарумен де айналысты. «Қазақша ең жаңа әліппе» мен «Қазақша оқу кітабы» секілді пайдалы оқулықтарды жазып, ағарту саласы дамуына үлес қосты.
Екі жылдан кейін 145 жылдығы аталып өткелі отырған, елім, жерім деп еміреніп өткен Алаштың ардақты ерінің атына қалаларда көше, ескерткіш орнатып, «Мұстақым Малдыбаев деген кім?» дегенде осындай ардақты да асыл тұлғамыз болған деп тарих оқулығына да енгізген дұрыс болар ма еді?!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ