АҚШ-та салмақ түсіретін жаңа дәріге рұқсат берілді. Жаңа препарат қант диабетімен ауыратын науқастардың салмағын түсіруге арналған. Артық салмағы бар адамдардың бәрі бұл дәріні қолдана ала ма?
Салмақ түсіретін өте тиімді әрі күшті дәріге рұқсат берілді
Фото Depositphotos сайтынан алынды
1,329
оқылды

Америкалық нарықта сатуға рұқсат берілген дәрінің қолданылу ерекшеліктерін NBC телекомпаниясы жариялады. Осы материалға сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz жаңа препараттың пайдасы мен мүмкін болатынын зиянын түсіндіреді.

Фото nbcnews.com сайтынан алынды

Нарыққа енді шығарылатын дәрінің аты – Zepbound. Өнімді шығарушы Eli Lilly компаниясы препаратқа АҚШ-тың Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау агенттігі (FDA) рұқсат бергенін жариялаған. Компания аптасына бір рет инъекция түрінде салынатын дәрінің бағасын, дозасын, сақтандыру субсидияларын және оның дәріханаларға қашан түсетінін жариялады.

Бұл жылдан жылға жаһандық проблемаға айналып жатқан артық салмақпен күрес индустриясында тиімді дәрі пайда болғанын білдіре ме?

Zepbound препараты 2-ші типті қант диабетін емдеу кезінде салмақ түсіруге қолданылатын Munjaro дәрісінің ресми бренді. FDA оны қант диабетін емдеу үшін 2022 жылдың мамырында мақұлдады, бірақ ол бүгінге дейін салмақ түсіру үшін де кеңінен қолданылған.

Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторы: George Frey

FDA шешімімен бірдей уақытта 8 қарашада Ұлыбританияның Дәрілер мен денсаулық сақтау өнімдерін реттеу агенттігі (MHRA) де Munjaro дәрісіне салмақты бақылау және салмақты түсіру үшін тағайындауға рұқсат берген.

Zepbound нарыққа бәсекелестері даниялық Novo Nordisk компаниясының Ozempic және Wegovy препараттарына деген сұраныс жоғары болып тұрған уақытта шығады.

Өздерінің жаңа дәрілеріне тапшылықты болдырмау үшін Eli Lilly компаниясы да 2023 жылдың соңына дейін өндірісті екі есеге арттыратынын айтуда. FDA-ның рұқсат беру туралы хабарламасынан кейін Eli Lilly акциялары 3,2% қымбаттады. 

Дәл қазір АҚШ-та ресми түрде бес миллион адам Munjaro алуға құқылы. Ал 50 миллион ересек адам Zepbound бағдарламасына қатыса алады. Сақтандыру компаниялары олардың дәріге жұмсалатын шығындарының жартысын жабады.

Фото Depositphotos сайтынан алынды

Жаңа Zepbound препараты 2-ші типті қант диабетіне арналған Ozempic және семіздікті емдеуге арналған Wegovy сияқты, тағамды тұтынуды азайтуға, асқазанның босатылуын баяулатуға және тәбетті басуға көмектесетін гормонға ұқсайтын глюкагон тәрізді пептид 1 (GLP-1) агонисі негізінде жасалған.

Дегенмен, Zepbound-тің белсенді ингредиентіне семаглютид емес, тирзепатид таңдап алынған. Ол глюкозаға тәуелді инсулинотропты полипептидті (GIP) екінші гормонды имитациялайды және денедегі қант пен майды ыдыратуға көмектеседі.

FDA мақұлдауы қант диабетінен басқа семіздік пен салмаққа байланысты проблемалары бар 2539 ересек адам қатысқан зерттеулерге негізделген. Диета мен жаттығу бірге жүргізілген зерттеулерде бастапқы салмағы 105 кг болған қатысушылар ең жоғары доза (15 мг) қабылдағанда 22 кг, ал ең төменгі доза (5 мг) қабылдағанда 11 кг салмақ жоғалтқан.

Фото freemalaysiatoday.com сайтынан алынды

Zepbound аптасына бір рет инъекция түрінде арнайы қаламмен енгізіледі және алты дозада 2,5 мг, 5 мг, 7,5 мг, 10 мг, 12,5 мг және 15 мг ұсынылады. Бір айлық курстың бағасы 1060 доллар тұрады.

Zepbound дәрісін қолданғанда жүрек айнуы, диарея, құсу, іш қату, іштің ауыруы, диспепсия, инъекция орнындағы реакциялар, шаршау, жоғары сезімталдық реакциялары, шаш түсуі және асқазан-ішек аурулары сияқты кері әсерлері де болуы мүмкін.

Жаңа дәрінің құрамына кіретін тирзепатид қазіргі уақытта Еуропа мен Қытайда реттеуші органдар тарапынан тексерілуде.