Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында жасалған ақпаратпен алмасу туралы келісім осы аптадан бастап күшіне енді.
Қазақстан мен Қытай: қос азаматтыққа жол берілмейді
egemen.kz
872
оқылды

 

Бүгінгі заманғы сын-қатерлер мен әлемді шарпыған саяси дүрбелеңдер аясында бұл құжат өте өзекті болып отыр. Осы тұрғыда еліміздегі көші-қон мәселелеріне, оның ішінде қос азаматтық проблемасына жіті назар аударылатын болады.

Ішкі істер органдары қос азаматтықты болдырмау, оның алдын алу және анықтау бойынша жан-жақты шаралар қабылдауда. Өйткені, елімізде қос азаматтығы бар адамдардың қарасы қалыңдаса, ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер ететіні айқын. Осылайша, визасыз режим енгізу шарасын қос азаматтықпен күресу тұрғысынан алып қарағанда, Қытай тарапымен жасалған мұндай келісімнің өзектілігі одан әрі арта түседі. Сондықтан да бұл құжат өте орынды қабылданған шешім боп отырғаны сөзсіз.

«Бұл тұста атап айтып өтетін бір жайт: екі ел арасында ақпаратпен алмасу тек қос азаматтықты анықтау және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында ғана жүзеге асырылатын болады. Демек, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан азаматтығын алған адам бұрын азаматтықта тұрған елінің құзыретті органдарын бұл туралы жеке хабардар етіп, сол елдің азаматтығынан шығуы міндетті. Өйткені, көп жағдайда, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алған азаматтардың кейін Қытай паспортымен шекарадан өту, екі елден де зейнетақы және басқадай жәрдемақылар алу оқиғалары тіркеліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ал азаматтық алмаған адамдарға қатысты Қытай тарапына ешқандай ақпарат берілмейді. Қытай тарапы Қазақстан азаматтығын алған адамдар туралы мәліметті тек қос азаматтықты тексеру мақсатында ғана сұрай алады. Қазақстанда да, Қытайда да қос азаматтыққа жол берілмейтінін ескерсек, бұл шарт екі елге тең дәрежеде тиімді болмақ», – дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің Сыртқы көші-қон басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Алдоңғаров.

Сонымен қатар, бұрын Қытай азаматы болып, кейін Қазақстан азаматтығын алған адамдар туралы деректер Қытайдың өздерінде де бар екенін атап өту қажет. Азаматтық беру, азаматтықтан шығару мәселелері бұл келісімде көзделмейді. Сол себеп бұл Келісім қандастарымызға еліміздің азаматтығын алуға еш кедергі келтірмейді. Полиция полковнигінің айтуынша, осы орайда аталған құжатқа қатысты қоғам арасында дүрлігіс тудырып жүрген сыбыстар негізсіз. Еліміздің  Ата Заңына сай Қазақстан азаматын шет мемлекетке беруге жол берілмейді. Оның үстіне ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекет өзiнiң аумағынан тыс жерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк беретінін де естен шығармайық. Бұл Келісімді тек визасыз режим әрекет ете бастаған соң екі жақтан орын алуы мүмкін заңсыз көші-қонды бақылаудың ең тиімді тетігі ретінде қарастыру қажет. Оған сәйкес екі елдің құзыретті органдары өздерінің азаматтарының дербес деректерінің қорғалуы үшін жауап береді. Сонымен қатар, Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда, сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген.

Айта кетейік, мұндай шарт Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан елдерімен жасалған және бүгінде көші-қон саласында нәтижелі жүзеге асырылуда. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қытайдан келген 125 мыңға жуық этникалық қазақ қандастарымыз Қазақстан  Республикасының азаматтығын алған екен. Ал қазіргі уақытта 26 мыңнан астам ҚХР азаматы әртүрлі мақсатта (туризм, жұмыс, оқу, жеке істері бойынша) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрып жатыр.