Әйелге "ми шайқалу" диагнозы қойылды.
Таразда жүкті әйелдің басына бағдаршам құлады
987
оқылды

Таразда жүкті келіншектің басына бағдаршам құлады. Салдарынан әйел басынан қатты соққы алып, есінен танып қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, жол ережесін бұзған көлік бағдаршамға соғылып, ол жол бойында тұрған әйелдің басына құлаған. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқыс оқиға қаладағы көлік көп жүретін көшелердің бірінде болып, бақылау камерасына түсіп қалған. Аз уақыттан соң полиция қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Көлік айып тұрғанына қойылып, жүргізушіге бірден екі айыппұл салынды.

– 2002 жылғы келіншек апатқа ұшырап, таңертең ауруханаға түсті. Науқасқа "ми шайқалу" диагнозы қойылып, нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Маңдай аймағының тері астында гематома пайда болған. Жарақат отаны қажет етпейді. Қазір науқастың жағдайы орташа ауырлықта. Жүктіліктің 10-аптасы жалғасуда, – деп мәлімдеді Тараз қаласындағы көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары.