Кездесуге қатысқан әр елдің спикерлері әлемдік медиа-кеңістіктегі ақпараттың дұрыс таралуы, азаматтарға жас кезінен бастап берілетін бағыт-бағдар, бір орталықтандырылған бақылау орталықтары жайлы ойларын айтты.
ШЫҰ жастар кеңесінің мүшелері нашақорлықпен күрес мәселесін талқылады
649
оқылды

 

XXI ғасырдың басты мәселесінің бірі – нашақорлықпен күресті Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь елдерінің сарапшы мамандары талқылады.

Бейнеконференц байланыс арқылы ұйымдастырылған онлайн кездесу «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық ету аясында өтті.

Кездесуге Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ нашақорлықпен күрес саласының сарапшы мамандары қатысты.

«Жастар рухы» ЖҚ Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс басқармасының жетекшісі Сұлтан Аллабергеновтың айтуынша, қоғамда белең алып жатқан нашақорлық мәселесін ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдермен бірге талқылап, алдын алу шараларын қарастыру ерекше маңызға ие.

«Біз үшін әр елдің нашақорлыққа қарсы күрестегі тәжірибесін тыңдап, оны жұмыс барысында қолдану маңызды. Сондықтан біз бұл мәселені халықаралық алаңда көтеруді шештік. Жастар қанатының «Есірткіге жол жоқ!» жобасына шетелдік әріптестер мен сарапшылардың ұсыным-пікірлерін пайдаланып, аясын кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ 2024 жылы ШЫҰ-на біздің ел төрағалығы кезеңінде аталған мәселені бір рет қана көтеріп қоймай, оны шешу тетіктерін жан-жақты қарастырып, басқа да шетелдік мамандармен тығыз жұмыс істейтін боламыз», – деп атап өтті Сұлтан Аллабергенов.

Кездесуге қатысқан әр елдің спикерлері әлемдік медиа-кеңістіктегі ақпараттың дұрыс таралуы, азаматтарға жас кезінен бастап берілетін бағыт-бағдар, бір орталықтандырылған бақылау орталықтары жайлы ойларын айтты.

 «Бұл проблемамен күресу үшін жастардың есірткінің зияны туралы хабардар болуы, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетілуі, жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, сондай-ақ есірткіге тап болғандар үшін тиімді оңалту және қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысты қарқынды жалғастыру қажет. Сондай-ақ, жастар арасында есірткінің таралуына ықпал ететін жаңа тенденциялар мен технологиялардың дамуын мұқият бақылау маңызды. Себебі, жаңа технологиялар заманында оларға таралатын ақпараттарды басты назарда ұстап, дұрыс бағытта дамуына көңіл аудару керек», – дейді БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының жаттықтырушы-маманы, пәкістандық бас психиатр Мохд Амджад. 

«Нашақорлық – бұл эпидемия. Оқу орындарындағы есірткімен күрес профилактикасын күшейтіп, жүйелі және ашық түрде шаралар атқарылуы керек. Қазір көптеген елдерде есірткі түрлі бағытта, өте үлкен жылдамдықпен таралуда. Біз білмейтін, ескермеген көптеген алдын алу шаралары бар. Оңалту орталықтары мен қоғамдық қорлардың жұмысын жүйелеп, қадағалауда ұстайтын арнайы орган керек деп санаймын», – дейді Тәуелді адамдарға арналған «7Н» бағдарламасының сертификатталған маманы, кеңесші-психолог, қазақстандық аддиктолог Рущук Александр. 

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидің бастамасымен бейнеконференция режимінде өткен ШЫҰ саммитінде таяудағы 5 жылға есірткіге қарсы стратегиясын қабылдауды ұсынды. Қазақстанның төрағалығы шеңберінде «үш зұлымдық күшімен» – трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы және киберқылмыспен күресу жолға қойылуда.

Сонымен қатар, «Жастар рухы» ЖҚ-ның Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің қолдауымен өткен «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінде нашақорлықпен күрес бағыты қарастырылып, талқыға салынған болатын.