Министрдің айтуынша, жұмыстан кету-кетпеуді өзі шеше алмайды.
Оқу-ағарту министрі өзінің отставкаға кетуін талап еткен мұғалімдерге жауап берді
1,271
оқылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің отставкаға кетуін талап еткен мұғалімдерге жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

БАҚ өкілі министрге "Қоғамда мұғалімдер сіздің отставкаға кетуіңізді талап етіп жатыр. Олардың пікірінше, сіз аттестация тапсыруды қиындатып жіберіпсіз. Сіз отставкаға кетесіз бе?" деп Мәжіліс отырысынан соң сауал жолдады.

Ғани Бейсембаев бұл мәселеден хабары бар екенін жеткізді.

"(Аттестацияның ережесі) Ашық НҚА порталында жарияланды. Ондағы құжаттарды мұқият оқысаңыздар, негізгі идеология – оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген болатын.

Осыған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылды. Айтылған сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруді көздеп отырмыз. Аттестация ережесі мен жобасы ұстаздар мен педагогтердің талабына сәйкес келеді", – деді министр.

Министрдің айтуынша, жұмыстан кету-кетпеуді өзі шеше алмайды.

"Жалпы кез келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді", – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бір топ мұғалім ашық хат жазып, Оқу-ағарту министрін отставкаға жіберуді талап еткен еді.

фото: Halyq Uni