«Әйелін қадірлемеген елдің ертеңі жоқ» дейміз.
Президент: Ана мен бала бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет
712
оқылды

Бірақ соңғы уақытта БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарды көрсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Өткені былтырдың өзінде 90-нан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен ажал құшса, биыл кемі 18-ден астам өлім дерегіне тұрмыстық жанжал себеп болған. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық «Бейбітшілік және әйелдер қауіпсіздігі индексі» есебіндегі рейтингте 177 елдің ішінде 70-орында тұр. Демек аталған мәселе бойынша дабыл қағатындай жағдай орын алып отыр. Қазір қоғамдағы көңіл күйдің жаппай бір арнаға тоғысып, жантүршігерлік фемицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі кездесетін мысалдарды талқылап кетуіне бірден-бір себеп – осы.

Мұны Мемлекет басшысы да жақсы біліп отыр. Сондықтан бүгін Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесті.

Оған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне жуырда ғана болған әйел өліміне қатысты оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Кездесуде: «Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді Президент.

Бұдан бөлек, естеріңізде болса, былтыр ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында осы мәселеге баса мән беріп:

Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау.  Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Бұл – дұрыс.

Менің тапсырмам бойынша, биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Біз аналар мен балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Сол арқылы өркениетті, дамыған елдің берік тұғырын қалыптастырамыз, – деген болатын.

 

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы  тұрмыстық зорлық-зомбылықпен тұтас қоғам болып күресуіміз қажет екенін айтқан.

Фото: inbusiness.kz