Мектеп қабырғасында еден жуушы болып еңбек ететін егде жастағы әйелдің туған күніне 1-сынып оқушылары жасаған тосынсый әлеуметтік желіге тарап кетті.
1-сынып оқушылары еден жуушыға тосынсый жасады
2,952
оқылды

Видеоны жүктеген автор Кенжегүл есімді еден жуушы 60 жасқа толып отырғанын жазған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

1-сыныптың жетекшісі тазалық қызметшісіне хабарласқан. Бір оқушы сыныпта еденге су төгіп алғанын айтып, жуып беруін өтінген. Бұл ұстаз бен оқушылардың еден жуушыны сыныпқа келтірудің өзара ойластырған тәсілі екен.

Бейнежазбадан қолына еден сүрткішін алып келген тазалықшының сыныпқа кіріп, «Қай жерді жуу керек?» деп сұрағанын байқауға болады. Осы сәтте оқушылар мен сынып жетекші бірден «Құттықтаймыз!» деп ізет көрсетеді. Еден жуушыға гүл шоғы мен тәтті тортты сыйға тарту еткен ұстаз өз тілегін де жаудырады.

«60 жасқа толған туған күніңіз құтты болсын! Деніңіз сау болсын! Біз сізді сыйлаймыз, жақсы көреміз, құрметтейміз. Біздің сынып оқушылары мен ата-аналары атынан кішігірім сыйлықты қабыл алыңыз», – дейді педагог.

Видеоны аз ғана уақыт ішінде бірнеше жүздеген желі қолданушысы көріп, ұстаздың ұлағаттылығына тәнті болды.

«Жақсының жақсылығын білген оқушылары мен ұстазына көп рахмет», «Жарайсың, көрегенді педагог екенсің», «Жап-жас ұстаз, керемет. Жаңа жасы құтты болсын», «Осы кісілердің жұмысы ауыр. Жалақысы аз. Алла күш-қуат берсін», «Мұғалім текті жердің қызы екен», «Еңбегін бағалап жатқан оқушылар мен ұстазға рахмет», «Не деген сый-құрмет», «Керемет тосынсый. Алла разы болсын!» деп жазды желі қолданушылары.

Бұл тосынсый еліміздің нақты қай өңіріндегі мектепте болғаны белгісіз.