Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Бішкек қаласында өткен Қырғызстан Жогорку кенешінің құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысты.
ТМД елдері парламенттері палаталары басшылары мен депутаттары қатысқан іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев алдымен, әріптестерін аталған мерейлі датамен құттықтады. Сенат Төрағасы қазіргі таңда Жогорку кенеш елдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланатын және маңызды шешімдер қабылданатын жалпыұлттық алаң ретінде айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол өңірде парламентаризмнің ежелден қалыптасқан дәстүрлеріне назар аударды. Олардың негізі құрылтай және халық жиналыстары институты екені анық. Дәл осы жүйелер дала демократиясының негізін қалыптастыруда зор маңызға ие болды. Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдеріміздің үдемелі дамуы жолында парламентаризм институтының орны ерекше болғанын атап өтті.
«Біз елдеріміз теңгерімді саяси жүйе құру және дамудың өзіндік үлгісін табу жолында түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Қазір ТМД елдерінде парламентаризм институты қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде ол мемлекет пен қоғамның мүддесіне сай қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта да Парламенттеріміз уақыт талабына сай үнемі дамып, жетіліп отыратыны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері аймақ елдерінің Парламенттері арасындағы байланыстың жоғары деңгейін тілге тиек етіп, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін айтты.
«Қазіргі таңда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Парламенттері арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Оған біздің халықтарымыздың ғасырлар бойғы тарихи байланысы мен өзара сенімге табан тірейтін қарым-қатынасы негіз болғаны сөзсіз. Парламенттеріміздің қызметі өзара байланысты нығайтуға және халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Заң шығарушы органдар елдеріміздің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік, экология және басқа да салалардағы ынтымақтастығына үлкен үлес қосып отыр. Сондықтан парламентаралық өзара іс-қимыл мен диалогті одан әрі белсенді дамытудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар бүгін Сенат Төрағасы ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Онда ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары Ассамблеяның 56-пленарлық отырысына дайындық барысын талқылады.
Айта кетейік, пленарлық отырыста парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайту мәселелерін жан-жақты талқылау жоспарланған. Атап айтқанда, терроризм мен экстремизмге қарсы қызметті құқықтық реттеуді, экономикалық қауіпсіздікті, зияткерлік меншікті қорғауды және басқа да бірқатар маңызды мәселелерді жетілдіру саласындағы модельдік актілер қаралады.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық іс-қимылды арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясы Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесу өткізді. Онда Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясының Кеңесі арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес бірлескен жұмыстың перспективалық бағыттары сөз болды.
Қырғызстанға 2 күндік сапар барысында қазақстандық делегация қазақ-қырғыз жастар форумына, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-пленарлық отырысына және Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толуына арналған конференцияға қатысуды жоспарлап отыр.