Сотта анықталғаны - Н. шекара заставасында келісімшарт бойынша мобильді топтың басшысы қызметін атқарған.
Сарбазды суицид жасауға итермелеген сержантқа қандай үкім шықты?
2,912
оқылды

Жамбыл облысында сарбазды қорлап, өз-өзін өлтіруге жеткізген әскери қызметшіге жаңа үкім шықты,-  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әскери соттың дерегінше, Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы күш қолданып бопсалады (ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы) және өкілеттігін асыра пайдаланды (451-баптың 1-бөлігі) деп айыпталған шекара заставасының сержанты Н.-ға шыққан үкімнің күшін жойды.

Ол сондай-ақ Б. деген сарбазды өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі (ҚК 451-бабының 2-бөлігі және 105-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) деген күдікке ілінген еді. 

Еске сала кетейік, 24 тамызда Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімімен сержант Н. ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 451-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бірақ 105-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 451-бабының 2-бөлігі бойынша ақталды. 

Сөйтіп, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. 

Сотта анықталғаны - Н. шекара заставасында келісімшарт бойынша мобильді топтың басшысы қызметін атқарған. 

2022 жылғы тамызда ол әскери қызметшілер Қарулы Күш жарғысын бұзып, нарядтағы бекеттерді өз еркімен ауыстырғанын анықтайды.

Н. осыны пайдаланып, жәбірленуші Қ.-дан ақша бопсалайды, сосын ол аталған соманы сотталушының банк шотына аударған.

Н. шекара заставасының аумағында алкоголь ішкен жәбірленуші Б., К., А.-ны көріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, оларға дене жарақатын салған.

Кейіннен сотталушы Н. осы себепті жүйелі және негізсіз пайдаланып, өкілеттік шегінен шығып, әскери қызметші Б.-ның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, бұл сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соққан.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелерді қарап тексерумен, оның ішінде банк шотынан үзінді көшірмемен, шекара заставасынан алынған бейнежазбамен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жаңадан үкім шығарып, әскери қызметші Н.-ны ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 451-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды. 

Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.