Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Петропавлдағы сауда желісінің басшылығынан ақша бопсалағандарды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сауда желілерінің бірінің директорының арызы бойынша жедел шара жүргізген СҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жәбірленушіден 50 миллион теңге ақша бопсалағаны үшін Петропавлдың екі тұрғынын ұстады.
33 және 34 жастағы екі жас жігіт әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған ресурстардың авторлары ретінде көпшілік арасында жақсы таныс. 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқығын қорғауды ұран еткен ер адамдар Петропавлдың сауда нүктелерінде рейдтер жүргізіп отырған. Блогерлер ретінде сауда желісі қызметкерлерінің қатысуымен арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсіріп, полиция мен өздері арасында жанжалды жағдайлар жасап отырған. Алайда олар желідегі аудитория арасында зор танымалдыққа ие болмаған. YouTube арнасы мен Instagram желісінде бірнеше мың жазылушысы бар, көпшілігі – СҚО тұрғындары.
Олар арандатушылық пен жанжалдар кезінде мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етіп жүрген. Алайда кей жағдайда шоколад, сусындар сияқты тауарлардың ақшасын төлемей, өздерімен бірге алып кетіп отырған.
Күдіктілер рейдтік шараларымен бірге, мемлекеттік органдарға сауда орындарында анықталған заңбұзушылықтар туралы шағымдарды жіберген. Осындай әрекеттері арқылы бизнесті жоспардан тыс тексеруге себепші болды. Қыркүйектің басында жастар бопсалау арқылы сауда желісінің өңірлік директорынан өз әрекеттерін тоқтатуға 50 млн теңге ақша талап ете бастаған. Алайда оларды СҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері бопсалау арқылы талап етілген соманың 5 млн теңге көлеміндегі бір бөлігін алып жатқан жерінде ұстады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тінту шаралары мен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Фото: polisia.kz