Тілшілермен тілдескен шаһар басшысы жылу энергиясы тапшылығының алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жоспары жасалғанын айтты.
Жаңа нысандарда жылу қуаты жеткілікті бола ма? - Қонаев қаласының әкімдігі жауап берді
687
оқылды

Алматы облысының орталығында әкімшілік және кәсіпкерлік нысандар көптеп салынуда. Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев "жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлерге жылу қуаты жеткілікті бола ма?" деген сұраққа жауап берді.

Тілшілермен тілдескен шаһар басшысы жылу энергиясы тапшылығының алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жоспары жасалғанын айтты. 

 «Бүгінде қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Біз осы жылдың тамызында бекітілген Бас жоспарға барлығы сәйкес болуын бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы көлемі 23 мың шаршы метр болатын "Сан сити" тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Кешен 12 қабатты 3 бөліктен құралған. Бұдан бөлек, 2024 жылдың басында қолданысқа берілетін басқа да нысандар бар. Ал сіздердің сұрақтарыңыз орынды. Әлбетте, жылу жүйесіне артық жүктеме болады. Бірақ мен жауаптыларға ғимараттардың ішкі жұмысы жасалып жатқанда жылуға бірден қосуды тапсырдым», – деді Нұрлан Құматаев.

Қала әкімінің сөзінше, ол халық тұрып жатқан көпқабатты үйлерге артық жүктеме түсіп кетпеуін ерекше қадағалап отыр. Қазіргі таңда «Қонаев қаласының жылу желілері» МКК 275 көппәтерлі үй мен 648 жеке үйді жылумен қамтамасыз етуде. Кәсіпорында 6 бу, 4 су жылытқыш қазандықтар орналасқан. Осы қуатқа қарамастан, қала әкімдігі кәсіпорынды үлкейту үшін шаралар қабылдаған.

«Жылу беруді оңтайландыру мен оның айналымы, барлық шағынаудандарға жылуды біркелкі тарату мәселелері өзекті күйінде қала бермек. Аталған түйткілдің түйінін тарқату бағытында жылу желісін жаңғыртудамыз. Газ бен мазутты қазандықтарды сатып алудың арқасында қуатты 20 000 кг/сағатқа ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ол кезде қысым 16 бар (204ᵒС) болмақ»,–  деді шаһар басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Қонаев қаласы – қазандығы көгілдір отынға қосылған Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы.