«AMANAT» партиясының қолдауымен Астанада екі күн бойы айтыс өткен. «Еңбек – ел ырысы» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында қа­ра­ғандылық Мақсат Ақанов топ жарды.
Мақсат Ақанов: Әннің ұясында өскен баламын
4,290
оқылды

Мақсат – айтыс ақындарының ішінде өзіндік өрнегі бар, ешкімге ұқсамайтын болмысы бар ақын. «Қыз бен жігіт» айтысындағы даралығы бір бөлек. Айтысты ардақ тұтатын көрермен Мақсат Ақановтың сахнаға шығар сәтін айрықша күтеді. Әсіресе, қыздармен айтысын жақсы көретіндер көп. 

– Мақсат, «Алтын домбыраңыз» құтты бол­сын! Мейірбектен жүлдені жұ­лып алу оңай болмаған секілді. Финал­дағы айтыс қиын болды ма?

– Мейірбек Сұлтанхан деген – өте ала­пат, бүгінгі айтыстың ең алдыңғы қа­та­рында жүрген ақын бауырларымның бірі ғой. Мейірбекпен айтысу кімге болса да аса жеңіл соқпайды. Жүрсін Ерман аға­­­­мыздың өзі осыдан он жыл бұрын: «Мейір­бек – алғашқы бестіктің ішіндегі ақын» деп айтып еді. Оған алып-қосары­мыз жоқ. Құдайдың қалауымен осылай бол­ды. Мейірбек бауырымның өнері өріс­тей берсін, Алла разы болсын дегім келеді. 

– Алғаш айтысқа шыққан сәтіңізді еске алыңызшы. Ақын Бағдат Мүбарақты қалай көндірдіңіз? 

– Оның тарихы өте қызық. Бағ­дат екеуміз бір ауылда, ағалы-інілі боп бір­ге өскен жандармыз. Бағдаттың әкесі – менің әкемнің ағасы боп өскен кісі. Өмірде де, өнер­де де қатар жүрген, бір ауылдың суын ішіп, бір топырақта жаралған азаматтар. Ме­нің әкем – еңбек сіңірген дәстүрлі ән­ші. Оның да әкесі – қазақтың қабырғалы, елге танымал ақыны. Сол жалғастық үзіл­ген жоқ: бізбен де бірге келе жатыр. Бір мек­тепте оқыдық, бірге өстік, өнерде – аға, өмірде дос болды. Балқашта өткен Ағы­бай батырдың 200 жылдық тойында маған қарсылас табылмай, Бағдат ағамды ұйқысынан оятып әкеліп, «менің бағымды ашып жіберуіңе бірден-бір септігің тигелі тұр» деп көндірген едік. Ол айтысқа Қара­ған­ды облысынан алты ақын қатысатын бол­ды. Соған іріктеу болып, одан өтпей қал­дым. Жүрсін аға он ақынды жұптап, «Алла ауыздарыңа сөз салсын, айтысқа дайындалыңдар» деп шығып бара жа­тыр екен. Соңғы мүмкіндікті құр жібер­меу ке­­рек, жүгіріп барып, ағаның қо­лын ал­дым. Танымаған соң «қай бала­сың?» де­ген­дей тосырқай қарады. «Осы ауылдың ба­ласымын» деп аты-жөнімді айтып, ай­­тысуға келгенімді білдірдім. Менімен ай­тыса қалатын қарсылас жоқ, «өзің тап» дегендей қылды. Содан бірден Бағдатқа жүгірдім ғой. Ол кезде оның енді-енді поэ­зияға қарай бет алып, айтыспен қош­тасып бара жатқан сәті еді. Онда «Балқаш өңірі» газетінде тілші болып, жұмыс істей­ді. 

Сол айтыста Бағдатқа:

– Үйленіп, жар қылам деп жүрген қыз­ды,

«Біреу алып қашыпты» деп естідім.

Жігіт қызды тастады деген бар ед,

Ол да болса серілік қызу екен. 

О заманда бұ заман қыз жігітті,

Тастап кетті деген сөз қызық екен», – дегенім есте. 

Қазір көп ақын айтып жүрген мына тір­кестің әу бастағы авторы да Бағдат ақын болатын. Ол сол айтыста:

«Қозы ғашық болғанмен, 

Баянын ол алған жоқ.

Төлеген ғашық болғанмен,

Жібекпен бағы жанған жоқ.

Ақан ғашық болғанмен,

Ақтотымен білсеңіз,

Бірігіп әнін салған жоқ.

Естай ақын білсеңіз,

Хорланына ғашық боп,

Оның да бағы жанған жоқ» деген еді. 

Жалпы, Бағдат бала күнінде керемет ай­тысқан, мықты ақын болды. Ол ай­тыста жү­ре берсе де, «Алтын домбыра­ны» үш рет алатын еді. Әкесі сияқты поэ­зияға бет бұрып, қазір қазақтың үл­кен дуалы ақы­нына айналды. Бағдат­тай ағамның бол­ғанына шүкір айтамын. 

– Айтысқа шығуыңызға әкеңіздің ерекше қамқорлығы болды. Алғаш ай­тысқа жетелеп алып келгенімен, жарқы­раған кезіңізді көре алмай кеткен секілді. Әкеңіз де өнер адамы болды ма?

– Ақтоғай – ән мен жырдың мекені. Ме­нің әкем – Асылмұрат Ақанов Ақто­ғай­да Мәдениет басқарған, дәс­түрлі өнер­дің жібін жалғаған кісі. Әкем­мен бірге тәй-тәй басқанымнан сахнада бірге жүр­дім. Айтыстан бұрын сахнаға бимен шық­тым. Ән де айттым. Өсе келе айтысқа бет бұ­рып кеттік. Оның да өзіндік себептері бол­ды. Қазақтың керемет ақыны Ерік Асқаров – әкемнің ең жақын достарының бірі. Менен кейінгі інім дүниеге келген жылы, 1986 жылдың наурыз айында Ерік ақын Ақтоғайға келген еді. Сол кісіні көрген сәттен бастап, айтыс ақыны дейтін ұғым миыма сынамалап енді. Шынболат Ділдебаев деген мықты ақын өтті өмір­ден. Шын­болат ақынның барлық термелерін бала кезден естіп өстік. Сол кісінің де бата­сын алдым. Әлі есімде, тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары Ақтоғайда Алаш қай­раткерлеріне арналған үлкен ас өтті. Астың аясында аудан ай­тыс өткі­зіп, оған Абаш Кә­ке­­нов бастаған ақындар кел­ді. Солардың батасын алып, сарқытын ішіп өстік.

Әкем марқұм менің ай­тыс­ты алғаш бастаған кез­дерім­ді көрді. Өмірден ерте ке­тіп қалды. Айтыста нағыз жар­­қыраған сәтімді көре алма­ды. Ең үлкен өкінішім де осы.

– Ақтоғайда туып, елге танылған ақын­ның бір жылдары айтысқа ренжіп, кетіп қал­ған кезі болыпты. Неге?

– Айтысқа өкпелеген кезім болған жоқ. Спортта жүрген сұрмергендер де жа­сы қырықтан асқан соң спорттан кетіп, тренерлікке ауысып жатады ғой. Мен де өзімді спортшы сезінген шы­ғар­мын. Жасым қырыққа жақындаған соң басқа кәсіпке, ауыл шаруашы­лығына қарай бет бұрып, соны аяққа тұрғыза­мын деп, біраз уақыт айтыстан алыс­­та­ға­нымыз бар. Артымнан алапат жас буын өсіп келе жатыр, оларға айты­суға мүм­­кіндік беру керек деп ойлағаным сә­тім болды. 

– Мақсатты «қыз бен жігіттің» сайы­сын­да көріп үйренген едік, жігіт­термен де ай­тысып, топжарған сәтіңіз көп екен. Қай­сысы жеңілірек?

– Жалпы, әр ақынның өз стилі бола­ды десек, менің маңдайыма елдің айтуы бойын­ша, қыздармен айтысқан ың­ғайлы, қо­лайлы деп жатады ғой. Қыз­дармен ай­тыс­қан көңілді, көрер­мен­­нің де көңілінен шығатындай. Ұл­дар­мен «жаға» жыртысып отырғанша, қыздармен қалжыңдасып, ойнап-күліп, еркелетіп, қылдан нәзік, мақ­тадан жұм­сақ қыз баланы ренжітпей, көңілін тауып айтысу – оған айтатын нәрсеңді тіке­лей айтпай, бетіне баспай, тұспал­дап, абайлап жеткізу де үлкен өнер. Оның өзі керемет шеберлікті талап етеді. 

– Қыздардың осал тұсын меңгеру қиын секілді. Дегенмен Сараның сіңлі­лерінің арасынан қай ақын қызды мықты қарсылас деп санайсыз?

– Сараның сіңлілерінің әрқай­сы­сы­ның орны бөлек. Бәрі өзгеше, ерекше ақын­дар. Айтыс сахнасында жүрген ақын қыз­дардың барлығымен дерлік айты­сып­пын. Тек Ақмарал Ілеубаева апаммен ай­тыспаған екенмін. Өзіме қиын, қызық бо­латыны – Айнұр Тұрсынбаевамен ай­тысу. Қыздардың ішінде ең озығы, жүйрігі Айнұрға жете­тін ақын жоқ деп есептеймін. 

– Айтысқа келгеніңізге өкінетін сәтіңіз бола ма?

– Бала күнімде хоккейді жақсы көрген едім. Әлі де жақсы көремін. Ұлым болса, хок­кейге бергім келетіні де сондықтан. Мек­тепте жүргенде үздік шабуылшы атан­ғаным бар-ды. Жеңіс Қорабаев деген көр­шіміз болды. Сол кісі КСРО кезінде Ақтоғайдың хоккей командасын Мәс­кеуге алып барып, 15 одақтас мемлекеттер арасынан 7 орын алған екен. 5 жасымнан бас­тап, сол кісі мені хоккейге үйретті. Қыс бас­талса, Тоқырауын жайылады. Біздің үй өзен­ге жақын, сабақтан келе сала конь­киді иыққа іліп, мұзға сырғанауға кетеміз. Жеңіс аға менің хоккейге деген махаб­ба­тымды оятты. 

Ал айтысқа келгеніме өкінемін деп ай­та алмаймын, бұл да адамның маң­дайы­на жазылған тағдыр. Алла екінің бірінің таңдайына өлең сала бермейді. Рас, бір өкініш бар, ол – хоккейге бара алмағаным ғана. 

– Қазір көпшілік әлеуметтік желіге тәуел­ді. Сізді желіден көп көре бермейміз. Неге? 

– Осыдан біраз бұрын Мейірбек Сұлтанханмен сұхбатымда да осы мәсе­лені айтып едім. Маған әлеуметтік желіде отыр­ған ұнамайды. Әйтпесе, оны да мең­геріп алуға болады. Ұялы телефонға бай­ла­нып жүргендер жетер­лік. Адамның уа­қы­тын ұрлайды. Ондай бос уақыт менде жоқ. Тіпті, көп сұхбат та бермеймін. 

– Айтыс ақыны болмағанда, биші не ак­терлікті таңдар ма едіңіз? Бишілікті қаламайтыныңыз белгілі, актерлікке неге бармадыңыз?

– Бимен айналысып кетпейтінім бел­гілі. Тіпті, кәсіби актер болар едім деп ай­та алмаймын. Негізі, бәріміз де өмір сах­насында жүрген бір-бір актерміз ғой. Жез­қазғанда 1996 жылы Жамбыл Жабаев­тың 150 жылдық тойы өтті. Тойға тоғыз аудан­нан өнерпаздар қа­тысты. Сол сайыс­та бала Жамбылдың рөлін ойнап, бас жүлдені иемденген едім. Ол кезде 14 жас­тамын. Шындап актерлік қырымды шың­дасам, менен де жақсы актер шығ­а­тын еді. Бірақ өмір басқа бағытқа бұрып жіберді. 

– Айтыстан кетсеңіз, немен айна­лысар едіңіз?

– Атакәсібіміз мал шаруашылығы­на ба­ра­тын шығармын. Басқа қайда бара­мыз?! Мал бағу да өнер ғой. Ол да қазаққа оңай емес. Сұхбатқа шақырған­дарыңыз үшін мың алғыс! Газеттеріңіздің ғұмыры ұзақ болсын! 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС