Әрине, халық бұл өзгерісті зор қуанышпен қарсы алды. Бұл түсінікті де еді. Өйткені өңірде қордаланған мәселелер жеткілікті болатын. Арада біршама уақыт өтті. Елдің көңіліндегі үмітті күдік басқандай ма, қалай? Жаңа облыстың атына сын айту, мін тағу белең алды. Әсіресе, әлеужеліде. Осы орайда «Жаңа облыс қандай жағдайда құрылып еді?» дейтін сұрақ қойғанның артығы болмайтын секілді.
Экологиялық жағдайы мүлде сын көтермейтін еді. Облыс орталығы Жезқазған қаласында, басқа қала, аудандарды, ауылдарды айтпағанда, заманауи медициналық мекемелер мүлдем дерлік жоқ болатын, әрине халық арасында «Самсунг» аталып кеткен «Жезқазғанмедорталығын» айтпағанда. Бұл орталық негізінен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты болғандықтан, оған көп адамның қолы жетпейді, ақысын төлеп емделуге қалта көтере бермейді.
Басқасы басқа, облыс орталығы Жезқазған қаласындағы ауызсудың сапасы туралы сөз қозғауға да болмайды. Ішуге жарамсыз болса, мұның несін сөз етесің? Дем алатын таза ауа тағы жоқ. Кей күндері қаланы мыс зауытының түтіні басып қалғанда, көз ашиды, ми айналады.
Облыс құрылған тұста облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 23%-ы (277,4 шақырым), қалаішілік және кентішілік жолдардың 30%-ы (163,4 шақырым) қанағаттанғысыз күйде болды.
Азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету де өзекті мәселелердің бірі болатын, атап айтқанда, облыс бойынша тұрғын үй алуға 6 044 адам кезекте тұрған еді.
Бетінен сыдыртып айтқанда, осындай кесек-кесек мәселесі бар өңірді ертегілердегі сиқырлы таяқша арқылы ғана бір сәтте өзгертіп жіберуге болатын шығар. Әйтпесе, басқаша мүмкін емесі айқын ғой.
Облыс басшылығы өңірдің әлеуетін бағамдай отырып, аймақты дамытудың жолдарын қарастырды, тетіктерін іздестірді. Мүмкіндіктерді зерделеу барысында облыстың алдында тұрған міндеттер нақтыланды. Сөйтіп, Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалды. Ел Президенті тарапынан қолдау тапқан соң Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 4 қарашадағы № 871 Қаулысымен «Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді.
Кешенді жоспарда облыстың барлық саласы қамтылды. Мұның ерекшелігі де сонда. Егер жоспар толық жүзеге асатын болса, қандай нәтижелерге жеткізуі мүмкін?
Әрине, қазір экономикада шағын және орта бизнестің деңгейі артып келеді. Халықты жұмыспен қамтуға келгенде де, қызмет көрсету мен өнім өндіруде де кәсіпкерлікке көп үміт артылады. Өйткені кәсіпкерлік дамыса, экономика да алға басады. Кешенді жоспарда шағын және орта бизнеске өте қатты маңыз берілгені де сондықтан. Егер ойдағы жоспар орындалатын болса, облыстағы шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандар санының өсуі 10,8%-ды құрайды. Бұл дегеніңіз – 30 212 адам. Ал бұл цифр 2021 жылы 27 257 адам болған еді. Сол сияқты шағын және орта кәсіпкерлік арқылы өнім өндіру 2,7 есе ұлғайып, 448 826 млн теңгені құрайтын болады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 164 381 млн теңге құраған еді. Кешенді жоспар 9,5 мың жаңа, соның ішінде 4 894 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.
Жол жақсармай, облыстың өзге өңірлермен байланысы жеткілікті деңгейге көтеріле алмайды. Сондықтан кешенді жоспарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 2026 жылға қарай 98%-ға, ал қалаішілік және елдімекенішілік жолдардың деңгейі 90%-ға дейін жетуі тиіс деп белгіленді.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса назар аударылмақ. Соның нәтижесінде аймақта мал басын өсірудің тамаша мүмкіндігін пайдалана білу керек. Бұл орайда да облыс алдына орасан міндет қойып отыр. Яғни, алдағы үш-төрт жыл шамасында облыстағы сиыр саны – 236,4 мың, қой-ешкі – 419,4 мың, жылқы 193,6 мың басқа дейін көбейеді деп жоспарлануда. Әрине, кешенді жоспарда көзделген барлық шаруаны тізбелеп шығу міндет болмаса керек.
Қош, кешенді жоспар қабылданғалы жылдан аса уақыт өтті. Енді «сол жоспардың орындалуы қандай?» дейтін сұраққа жауап іздейтін кез де келіп жетті.
Бізге мәлім болғанындай, кешенді жоспарда белгіленген 12 іс-шара қазірдің өзінде орындалды. Нақтырақ айтқанда, Қаражал қаласындағы «Батыс Қаражал» кен орнында тау-кен жұмыстарының шегін 10 шақырымға кеңейтуге бағытталған геологиялық барлау, №1, №2 Жезқазған байыту фабрикасының орта және кіші ұсақтау жабдығын жаңғырту, Жаңаарқа ауданында 30 орындық қонақүй салу және Жаңаарқа ауданында ет өңдеу және ет өнімдерін өндіру кешенін құру жұмыстары 2022 жылы жүзеге асырылды. Ал биылғы жыл басынан бері жоспардағы тағы 8 іс-шара өзінің нүктесіне жетті. Бұлардың арасында «Алашпай» кен орнына барлау жүргізу, «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарында тамақ өнімдерін есепке алу жүйесін енгізу, Шалғы су қоймасын, Манақ бөгетін күрделі жөндеуден өткеру және т.б. бірнеше шаруа бар. Кешенді жоспарды жүзеге асыру басталғаннан бері 7,5 млрд теңге қаражат тартылып, 485 жұмыс орны ашылды.
2023 жылға жоспарды жүзеге асыру мақсатында барлығы 186 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен – 21,2 млрд, жергілікті бюджеттен – 10,6 млрд теңге, жеке инвестициядан 154 млрд теңге тарту жоспарланған болатын. Қазір осы соманың 162,4 млрд теңгесі бөлінді.
Кешенді жоспардағы 126 іс-шараның 105-і қазірдің өзінде қолға алынды десек, соның 93-і жүзеге асырылуда, мұның 58-і жұмысын келесі жылы жалғастыратын болады.
Облыстың индустриялық-инновациялық дамуына зор ықпалын тигізетін Жезқазғанда шикі мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін және өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытын салу, «Жомарт» кен орны базасында мыс өндіру, Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту жобалары биылғы жылдың соңына шейін іске қосылмақ. Осы үш жобаны іске қосуға ғана 10 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қай жағынан алсақ та, анықтап қарағанда облыста ілгерілеушілік байқалады. Мысалы, облыстың келуімен бірге өңірде құрылыс қарқын алды.
Мәселен, 2023 жылдың 8 айында облыста тұрғын үйді пайдалануға беру 39,7 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 56,7%-ға артық. Халық санының өсуін ескере отырып, облыста 2 жалға беру, 1 несиелік және 4 коммерциялық тұрғын үйлер салынды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 18-ден астам пәтер сатып алынды.
Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларына қатысты жаңа нысандардың бой көтеруі, бұрынғылардың қайта жөндеуден өткізілуіне де айрықша көңіл бөлінуде. Сәтбаев қаласының орталық ауруханасы, Жаңаарқа ауданының көпсалалы аудандық ауруханасы, Қаражал қаласының орталық ауруханасы және Жезді кентінің ауруханасына күрделі жөндеулер жүргізілді. Ал Ұлытау ауданының орталығында бір мезгілде 100 кісіні қабылдауға қабілетті аурухана құрылысы бой көтерді. Аталған нысан келесі 2024 жылдың бас кезінде пайдалануға берілетін болады. Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр.
Облыс орталығындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары үшін салынып жатқан 200 орындық жатақхананың жыл соңына дейін үш қабаты толық көтеріліп, шатыры жабылатын болады.
Жезқазған қаласында тағы бір салынып жатқан нысан, бұл – өрт сөндіру депосы мен оның әкімшілік ғимараты. Қазір кәріз, электр желілері мен су құбырлары тартылған нысан келер жылдың ортасында толықтай пайдалануға беріледі.
Облыстың құрылуы алыс ауылдарға да жақсы жаңалықтарын әкелуде. Мысалы, Егінді – облыстың ең шеткері ауылдарының бірі. Мұндағы клуб үйінің әбден тозығы жеткен еді. 40 жыл бойы жөндеу көрмегендіктен, азып-тозған клуб биыл кісі танымастай өзгерді. Өйткені клубтың шатыры жаңартылды, еден-терезесі ауыстырылды, жаңадан қазандық орнатылды.
Сонымен қатар биыл желтоқсан айында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы күтілуде. Республикалық бюджет есебінен шамамен 2 млрд теңге сомаға заманауи медициналық жабдық сатып алынып, оның 500 млн теңгесін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағыттау жоспарлануда.
Жезқазғанның басты проблемаларының бірі – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екені жоғарыда айтылды. Кешенді жоспарда бұл мәселе айрықша көрсетілген. Жақында өткен алқалы жиынның бірінде облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы келесі жылы облыс орталығындағы ауызсу сапасына қатысты мәселе оң шешімін табатынына тоқталды. Бұл негізсіз айтылған сөз емес. Өйткені қазір шаруашылық ауызсу тазарту кешеніндегі жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Нысан қолданысқа берілген соң ауызсу заманауи, жаңа технологиялар арқылы тазартылатыны анық. Ал бірақ құрылыс толықтай тек 2026 жылы аяқталатын болады. Дегенмен 1960 жылдан бері ауыстырылмай, салдарынан істен шыққан су резервуарларының құбырларын айырбастау аяқталып қалды. Бұл Жезқазғанға жеткізілетін су сапасын қазіргіден анағұрлым жақсартатыны сөзсіз. Халық мұны тағатсыздана күтіп отыр.
Облысқа алғашқы шетелдік инвесторлардың келе бастауы да халықтың ертеңге деген сенімін нығайта түсті. Қытай кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, Жезді кентінде кремний зауытын салу, Жаңаарқа ауданында жел электр стансасын орнату, Жезқазғанда сол стансаға қажетті құрал-жабдықтар өндіретін зауыт ашудың жоспарлануы өңірдің ертеңі бүгінгіден де келбетті бола түспегінің кепілі іспетті. Халық осылай қабылдап жатыр.
Кімнің де болсын көңілі тойымсыз. Кім болсын қай нәрсенің де тезірек іске асқанын, көз көргенін қалайды. Бірақ уақытқа бағынбауға болмайды. Әрбір істі атқару үшін қаншама құжат жинау қажет. Қаншама кеңсеге кіріп, қаншама шендінің алдынан өтіп, рұқсатын алу керегі тағы бар. Осының бәрі уақытты жейді, шыдамды тауысады. Ең бастысы, елдің күткен қажетті шаруасының оң шешімін табуы десек, Ұлытау облысында айналасы екі жылға жетер-жетпес уақытта көптеген іс атқарылғанын аңғару қиын емес. Жоспарлы жобалар біртіндеп жүзеге асып жатыр. Демек, облыс өзінің алдына қойған мақсатының биігіне көтеріліп келеді.
Майлыбай КЕТЕ,
Ұлытау облысы