Ауру – астан. Берекемізді алып, тыныш­ты­ғы­мызды қашырған бойымыздағы дерттің ас­қынуы­на негізгі себеп – дұрыс тамақтанбау.
Тамағы оның «у» ғой бір-ақ тамшы
1,634
оқылды

Күн­делікті ішіп-жемнің құрамы мен сапасына мән бе­ріп, тамақтану режимін ұстанған жаннан ауру-сыр­қау да алшақ болмақ. Сайып келгенде, сау­лы­ғымызға қатер төндірушілер де – өзіміз. Сәй­ке­сінше, жан мен тән саулығының үйлесімі – дұ­рыс күтімнің нәтижесі.

Соңғы жылдары елімізде астан улану оқиғалары жиілеп кетті. Көп­тің санасында «аса қауіпті» дерттер са­натынан саналмаса да, соңы қа­быр­ғаны қайыстырар қайғымен аяқталған фак­тілер жоқ емес. Ресми деректерге сүйен­сек, биыл алғашқы жартыжыл­дық­тың өзінде жаппай уланудың 15 жағ­­дайы тіркеліп, еліміз бойынша, жал­пы саны 350-ге жуық адам зардап шек­кен. Олардың арасында 131 бала болған. Өкі­ніштісі, астан уланудың салдарынан бір адам көз жұмған. Ал былтыр осы мә­селе төңірегінде 39 жағдай тіркеліп, 712 адам тамақтан уланған екен. Жыл сайын мұндай келеңсіздікке ұшы­рай­тын­дардың қатарында ересектерден өзге, мектеп жасындағы балалар бар. Бұл ­дегеніміз – мектеп асханаларындағы са­нитариялық ахуалдың жіті бақылауда болмауы. Әріге бармай-ақ жақында ғана елді дүрліктірген Жамбыл облысындағы мы­салды алайық. Байзақ ауданы, Са­ры­кемер ауылындағы Нығметулла Киік­баев атындағы мектеп-гимназиясын­да­ғы жағдай денсаулық сақтау, білім беру, СЭС органдары мен мобилдік топтарды аяғынан тік тұрғызды. Белгілі болғандай, аталған мектептің 33 оқушысы мен 2 мұғалімі астан уланған. Бастапқыда 23:00-ге дейін өтініш білдіргендер саны 46 адамды құраса, оның 35-і ауруханаға жатқызылған. Мектеп асханаларын сапалы өніммен қамтамасыз етуде сал­ғырттық танытқан осыған ұқсас оқи­ғалар өңірлердегі барлық білім ошағына са­бақ болуы тиіс. 

Таяуда 7 қараша күні «Алматы Да­­­­рыны» ЗТМО базасында та­мақ­тану сапасын бақылау жөніндегі ве­домствоаралық сараптама тобының оты­рысы өтті. Ведомствоаралық сарап­тама тобы тамақтану сапасын жақсарту үшін бақылау жүргізеді. Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, қаланың барлық мектебі үшін орта­лықтан бекітілген тамақ мәзірі Қазақ тағамтану академиясының ұсымдарын, тамақтану нормаларын, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзір­ле­неді. Білім басқармасының басшысы Ләз­зат Жылқыбаеваның сөзінше, 2023 жыл­ға жалпы білім беру қорының бюд­жет қаражаты есебінен 1-4 сынып оқу­шыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету­ге 18,6 млрд теңге, ал ХӘОТ сана­ты­нан 5-11 сынып оқушылары үшін 1,8 млрд теңге бөлінген. Сонымен тегін та­мақтануға арналған жалпы бюджет құны 20,4 млрд теңге болады. 

Осы тұста қоғамдық тамақтану орын­дарын, мектептер мен балабақ­ша­лардың санитарлық жағдайын ба­қы­лау ісіне қатысты ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау комитетіне сауа­лымызды жол­да­дық. Басқарма бас­шысы Гүлшарат Қо­жа­тованың айтуын­ша, балалардың ас­тан улануына негізгі фактор – тамақтану ны­сандары­ның (мектеп асханалары­ның) сани­та­рия­лық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы. Тарқатып айт­қанда, бұл – ны­санға санитариялық-эпи­демиоло­гия­лық қорытындының жә­не өндірістік бақылаудың болмауы, өнім­ді дайындау, сақтау және өткізу шарттарының, тағам дайындаудың тех­нологиялық про­це­сінің бұзылуы, мер­зімі өткен, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімді пайдалану, персоналдың медициналық тексеруден өтпеуі, жалған жеке медициналық кітапшалар (ЖМК) бойынша, жұмысқа рұқсаты бар қыз­меткерлер арасында ішек инфекциясы қоздырғыштарының тасымалдануы салдарынан туындайды.

– Халықтың санитариялық-эпиде­мио­логиялық саламаттылығы саласын­да­ғы мемлекеттік бақылау және қада­ға­лау субъектілеріне (объектілеріне) қа­тыс­ты бақылау және қадағалау Кәсіп­кер­лік кодексіне сәйкес жүзеге асыры­ла­ды. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпы білім беретін мектептер мен МДБҰ асханаларын бақылау ерекше тәртіп бойынша (жартыжылдықта 1 рет еселікпен) тексеру түрінде, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс жүргізілді, – дейді ДСМ Санитариялық-эпидемио­ло­гиялық бақылау комитетінің басқарма бас­шысы Гүлшарат Қожатова.

Зерттеуден өткені туралы ақпарат – жалған

Күніне жүздеген оқушыны ыстық та­мақ­пен қамтамасыз ететін мектеп ас­ханасы үшін тағам жеткізуші мердігер компанияға қойылар жоғары талаптың болуы міндетті. Санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау комитеті аумақ­тық бөлімшелерінің арнайы рұқсаты – объектінің санитариялық талаптарға, гигиеналық нормативтерге сәйкес бол­­­­ғанда ғана беріледі. Жалпы, талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақ­тау министрінің 2022 жылғы 17 ақ­пандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объек­ті­леріне қойылатын санитария­лық-эпи­демиологиялық талаптар» сани­тария­лық қағидаларында белгіленген. Негізгі талап бойынша медициналық тексеру­ден өткен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген, персоналдың жеке гигиенасын сақтаған қызметкерлерге тамақ дайын­дауға рұқсат беріледі. Алайда редакция­мыз­ға ДСМ Санитариялық-эпидемио­ло­гиялық бақылау комитетінің берген ақпаратына сәйкес, тексеру барысында жалған зерттеу нәтижесін көрсеткен мекемелерде бар көрінеді. 

– Тамақтан уланудың соңғы жағ­дайы бойынша екі өңірде (Маңғыстау жә­не Астана) қызметкерлердің 100 пайы­зы бактериологиялық зерттеуден өт­кені туралы жалған деректер көрсе­тіл­гені анықталды. Ас мәзірі қызметкер­лері үшін медициналық тексеруден өту жиі­лігі – патогендік қоздырғыштарды та­сымалдаушыға және паразитологияға бакте­риологиялық зерттеулер жарты­жыл­дықта 1 рет орындалады. Флюорог­ра­фия және гигиеналық оқыту жылына 1 рет жүргізіледі, – дейді Бақылау коми­тетінің басшысы.

Рационға қойылатын басты та­лап­тардың бірі – ас мәзірінің ви­таминдер мен минералдарға бай та­ғам­дармен қамтылуы. Бұл мектеп оқу­шыларының рациондары бойынша бірыңғай стандарттарда айқындалған. Тамақ­тану объектілерінде тағамдық құн­дылығы бойынша теңдестірілген перс­пективалы екі апталық мәзір жаса­л­ады. Мектеп мәзірін білім беруді бас­қару органы бекітеді. Тамақ жеткізуші мердігер компания мектеп басшысының келісімі бойынша тағамның шығу мер­зі­мін көрсете отырып, мәзірді күн сайын бекітеді. Сонымен қатар мектеп мә­зірі асханада, білім алушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдер үшін қолжетімді жерде орналастырылады.  ДСМ Санитарлық-эпидемиология­лық бақылау комитеті астан улану оқи­ғаларын алдын алуда қоғамдық тамақ­тану орындары, Атамекен ҰКП алаң­дары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырғанын алға тартты.

Алматыда тамақтан улану дерегі тіркелген жоқ

Қазақстанның бірқатар облыста­рын­да ушыққан мәселенің бағытын Алма­ты қаласына бұрсақ. Миллиондаған халық қоныстанған алып шаһарда астан улану мәселесінің жай-күйі қалай? Әр адым аттаған сайын фаст-фуд өнімдерін сататын дүңгіршектер жиі ұшырасатын қалада аталған мәселенің көтерілуі де– заңдылық. «Осы күнге дейін қоғамдық та­мақтану орындарынан ас ішіп, нәти­же­сінде астан уландыңыз ба?» деген сұрақ­ты алматылықтарға қойып көрдік. Сауалнама кезінде байқағанымыз, дү­кендегі тамақты тұтынамын деп бір емес, екі рет қиын жағдайға тап болған­дар бар екен. Солардың бірі – қала тұр­ғыны, студент – Лаура (аты өзгертіл­ген-ред).

– Қоғамдық тамақтану орындары­нан ас ішем деп бір емес екі рет уланып қал­ғаным бар. Алғашқыда Zheka's дүке­нінен тамақ пен артынша балмұздағын сатып алдым. Үйге келгеннен кейін улану­дың алғашқы белгілері басталды. Жедел жәрдем шақырып, соңында ау­руха­надан бір-ақ шықтым. Асқазаным­ды тазалатқан соң жағдайым түзелді. Бастапқыда барлық тамақты аралас­ты­рып жегеннің салдары шығар деп ойла­дым. Ал осыдан бір ай бұрын дәл сол дүкеннен тағы да тамақ сатып алдым. Тура бірінші жағдай қайталанды. Ағзам әлсізденіп, құсқым келді. Дәрі ішіп, үй жағ­дайында емделдім. Содан бері ол дү­кеннен тамақтанудың қажеті жоқ еке­нін түсіндім, – дейді ол.

Елімізде жиілеген дерттің оңтүстік астанадағы ахуалын білу үшін Алматы қа­ласы Санитариялық-эпидемио­ло­гия­лық бақылау департаменті тамақтану нысандарын бақылау және қадағалау бө­лімінің басшысы Кенжегүл Қоныс­бай­қызы байланысқа шығып, пікірін білдік. Бөлім басшысы биыл қалада ас­тан улану дерегі тіркелмегенін атап өтті.

– Қоғамдық тамақтану орындары, мектептер мен балабақшалардың сани­тариялық жағдайын бақылау – өте маңызды. Егер тағам қауіпсіздігі стан­дарттары сақталмаған жағдайда қыз­мет­керлерге заңнама және ішкі ережелер жүзінде шара қолданылады. Бұл – айып­пұл, рұқсат құжаттарынан айыру не­месе қызметті тоқтату секілді жаза түр­лерін қамтуы мүмкін. Тағам қауіп­сіздігінің барлық аспектісіне қатысты ақпаратты жеткізу, тағамды дайындау мен сақтау техникаларын жақсарту, ны­сандардың өз-өзіне тұрақты санитария­лық тексерулер жүргізуі – тағамнан улану салдарын алдын алудың негізгі ша­ралары, – дейді бөлім басшысы К.Қонысбайқызы. 

Тағам қауіпсіздігі стандарттарын сақтамаған

Мәселені заңдық тұрғыдан қа­расақ, елімізде санитариялық қа­ғидалар мен гигиеналық нормативтер­ді бұзғаны үшін қылмыстық жауап­кер­шілік қарастырылған. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы» Кодексінің 425-ба­бы­ның 1-бөлігі бойынша 30-дан 1600 АЕК-ке дейін (кәсіпкерлік санатына бай­ланысты) айыппұл түрінде әкімшілік жауап­кершілік көзделген. ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан жағдайларда қылмыстық жа­за­ланатын іс-әрекет белгілері болмаса қыз­­­­метін тоқтату, өнімді тәркілей оты­рып, 200-ден 2000 АЕК-ке дейінгі айып­пұл салуға міндетті. Сондай-ақ абай­сыз­да адамдардың жаппай ауруға шал­дығуы­на, инфекция жұқтыруына, сәу­ле­ленуіне немесе улануына әкеп соққан са­нитариялық қағидалар мен гигие­налық нормативтерді бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық бар. Жаза түрлеріне 2000 АЕК (6126000 тг) мөл­шерінде айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шек­теу, белгілі бір лауазымдарды атқару құ­қы­ғынан айыру ісі кіреді. 

Басқарма басшысы Гүлшарат Қожа­тованың пікірінше, жоғарыдағы қара­пайым қағидаларды орындау – астан уланудан және өткір ішек инфекция­лар­ынан аулақ болуға көмектеседі. Айта кетейік, мемлекеттік орта білім беру ме­кемелерінде білім алушылар үшін тегін тамақтанудың орташа құны 2022 жы­лы 600 теңгеден 2023 жылы 830 тең­геге өсті. Мамандар құнның жоғарылауы өз кезегінде балаларға түрлі табиғи өнім­мен сапалы тамақтануға мүмкіндік бере­тінін айтады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы