Көкшетауда қарлы дауыл кезінде үш автобус аялдамасы құлап, бірнеше ірі ғимараттың шатыры ұшқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
– Көкшетауда 18 қараша күні кешкісін дауыл кезінде үш аялдама құлап қалды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қала тұрғындарын сабырлық сақтауға шақырамыз, – деді Көкшетау қаласы әкімдігінен.
Облыс аумағында дауылдан болған залал мен келтірілген шығындарды анықтау мақсатында Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен тілдесіп көрдік. Ведомствоның мәліметінше, облыс орталығында секундына 20 метр жылдамдықтан аса соққан дауылдың салдарынан бірнеше ғимаратқа ірі көлемде зақым келген.
– Көкшетауда төрт қабатты «Орталық әмбебап дүкен» сауда үйінің шатырын жұлып кетті. Мұнымен қоса «Ұрпақ» ЖШС-нің жалпы аумағы 170 шаршы метр болатын шатыры ұшқан. Жалпы аумағы 340 шаршы метрді алып жатқан ғимарат 1982 жылы салынған. Профилмен жабылған шатыр ағашқа қағылған. Абырой болғанда зардап шеккендер мен құрбан болғандар болған жоқ.
Қазіргі уақытта облыс бойынша деректер жинастырылуда.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы