Халықтың абыройын ұлтын ұлықтаған асыл ұлдары, ұлы тұлғалары асқақтады. Ұланын ұлықтаған елдің ғана көсегесі көгереді.
Инаугурация – тың дәуірдің рухын әдіптеген тарихи белес
1,635
оқылды

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 26 қарашада, елдің төрі елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.  

Бұл шынында, қазақ тарихының алтын қорына қосылған ірі оқиға болды. Өйткені дәл осы күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет «7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер» мәртебесіндегі Президент қызметіне кірісті. 

 

Бұл – елімізде Әділетті Қазақстан құру жолында жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалардың биігі, асқаралы асуы болды. Бұл – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшудегі тарихи бетбұрыс болды. Бұл – демократияландырудағы әлемде теңдесі аз маңызды қадамға айналды.

 

«Президент – әулие емес», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылғы 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде. Елде жүргізілген реформалардың арқасында бұдан былай Қазақстан Президенті «Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер, мемлекеттік басқарушы» болады. Яғни, Президент – халықтан биік тұратын тұлға болмайды. 

Сонымен бірге қоғамымыз Мемлекет басшысына құрметпен қарағаны маңызды, яғни саяси тұрғыдан көзі ашық, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде оған ой-пікірін, ұсыныстарын айтып отыруы қажет. Осылайша, елімізде саяси мәдениеттің, өркениетті қоғамның озық үлгісі қалыптасады. 

Заң ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Зәуре Әбдікәрімованың пікірінше, инаугурация институтының бірнеше маңызды міндеті бар. Біріншіден, ол жаңа сайланған Президенттің легитимділігін арттырады. Екіншіден, ұлықтау салтанатында Мемлекет басшысы «адал қызмет етуге, Қазақстанның Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ел Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға» Қазақстан халқына ант етеді. 

 

Үшіншіден, жаңа Президент өз сөзінде елдің дамуының жаңа дәуірін жариялайды, түбегейлі бетбұрысқа жол ашатын ауқымды өзгерістер көкжиегін көрсетеді.

Ғалым бір жыл бұрынғы ұлықтау салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 7 жылдық каденциясының басты кредосын жария еткенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың: «Байлық не керек, адал жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген даналығын президенттік қызметі барысында «бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидаты» ретінде қабылдағанын хабарлады. Яғни, билікті байлық жинау үшін қолданбауға, ел билігенде әрдайым әділдікті ұстанып, адалдықты үстем етуге уәде етті. 

Ал сарапшылардың байламынша, әділеттілік, жаңғыру мен халық демократиясы – мемлекет пен қоғамның орнықты дамып, өрге өрлеуінің маңызды шарты, мығым ұстыны болып табылады. 

 

Философия ғылымдарының докторы Андрей Свириденко болашақта ұлықтау рәсіміне өзгеріс енгізуге болады деген ұсынысын білдірді. Мысалы, Қазақстанда салтанатты ұлықтау рәсімінде жаңа сайланған Президент Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы аясында, Қазақстан Конституциясына қолын қойып тұрып, ант береді. 

«Бірақ Ата заң заман талабына қарай өзгеріп тұратын құжат. Менің ойымша, Президент ант бергенде ол оң қолын Құран Кәрімге қойып тұрғаны жөн. «Тоқтаңыз, оныңыз қалай? Қазақстан зайырлы мемлекет, бізде дін мемлекеттен бөлінген» деп таусыла наразылық білдіретіндер табылар. Алайда дамыған, зайырлы елдерде де Мемлекет басшысы қолын қасиетті кітапқа қойып, ант етеді. Бұл – бір. Сонымен бірге, мемлекет діннен бөлінген, бірақ қоғамнан бөлінбеген. Ал мұсылмандары абсолютті басымдыққа ие қазақстандық қоғамда діннің асыл діңгегі бекіп келеді. Сондай-ақ киелі кітапты ұстап, ант берсе, Президенттің жауапкершілік дәрежесі де айтарлықтай жоғары болады», – деді философ.

Оның байламынша, мемлекеттілік, егемендік пен тәуелсіздік – қасиетті құндылықтар болса, оларды қолдап ұстап тұратын және ұрпаққа ұластыратын билік те киелі. «Биліктің онтологиялық түп-тамыры» бәрібір дінмен, рухани темірқазықтармен тығыз қабысып жатыр.   

Әрине, ең бастысы, рәсім емес, ең бастысы – Мемлекет басшысының инаугурацияда беретін халық алдындағы антына жеті жыл адал болуы. Оның күйттегені, күнделікті ойлағаны қара бастың қамы емес, отбасының зары емес, мемлекеттіліктің мызғымастығы, ұлтымыздың ұлықтығы, халқымыздың әлемдегі теңдігі мен елдігі болуға тиіс.  

 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Президент неғұрлым көп отырса, кең өкілеттілікке ие болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналатынын қадап айтты. Сондықтан елде конституциялық жаңғырулар мен саяси реформаларды жүзеге асырды. Қ.Тоқаев «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын билікте бекіту үшін бірқатар өкілеттіктерінен бас тартты. «Мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ» екенін мәлімдеді. 

Қазақстанда тоқсаныншы жылдардан бері суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасқаны белгілі. Дамудың бастапқы кезеңінде тәуелсіздікті нығайту үшін бұл қажет те болған шығар. Бірақ өмір бір орында тұра бермейді. Қоғам да, еліміз де өзгерді. Саяси жүйе болса, жаңа жағдайларға бейімделе алмады. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындатты және мемлекетті дағдарысқа ұшыратты.  Сол себепті ол Әділетті Қазақстанды құрудағы алғашқы қадамдарын да саяси үстемдікке барынша шектеу қоюдан бастады. 

Демек, кейінгі жылдары жүзеге асырылған саяси реформалар Қазақстан үшін сірескен тоңды бұзып, қалыпты шеңбер аясынан шығып, тың бағытқа бет бұрудағы күрделі белес болды.

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген сөзді Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осындай қисынға сай айтқан. Шынында, өткен өмірге өзгеріс енгізу мүмкін емес, алайда өткеннің ісін бағамдап, сабақ алып, бүгінгі және болашақтағы өмір ағымына ықпал етуге болады. Ел Президенті тарих тағылымына ден қойып, саяси дағдарысқа соқтырған жүйелі проблемаларды жоюдың қамын жасады, еліміздің қазіргі және болашақтағы көшбасшыларының негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуына тосқауыл қойып, саяси бәсекені қалпына келтірді.

 

Саяси жаңғыру биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарының жұмысы мен өзара ықпалдастығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Былтырғы конституциялық реформа негізгі мемлекеттік биліктің міндет-миссиясын, мемлекеттік функциялардың мазмұнын, тіпті бүкіл қоғамдық-саяси институттардың мәнін жаңаша пайымдап, оларды озық дамыту перспективасын тыңғылықты түсінудің жаңа концептуалды тәсілдемесін түзуге жол ашты. 

Мұның бәрі азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды мемлекеттік маңызды міндеттерді қалыптастыруға, шешім қабылдауға кеңірек тартуға мүмкіндік берді. Бұл «еститін мемлекет» қағидатын өрістетуге, халыққа қызмет ету үшін құрылған биліктің қоғамдағы өзгерістерге сайма-сай бейімделуіне, ел мен заман талабына лайық билік етуіне ықпал етті.

Сондықтан да 2022 жылғы 26 қарашадағы ұлықтау салтанаты – Әділетті Қазақстандағы бүкіл саяси, әлеуметтік жаңғыруды әдіптеген тарихи оқиға саналады. Оның барша тағылымы бүгініміз бен болашағымызға қызмет етеді. Дәл осы күні жеті жылдық бір мерзімде елінің бағын ашуға, еңсесін елдікпен көтеріп, берекесін бірлікпен келтіруге барын салатын президенттердің жаңа дәуірі бастау алды.

Отаншыл, әлеуметшіл, әділ, әрі елжанды басшы – елдің бағы. Осы орайда жаңғырудың жаңа дәуірінде ел Президенті Қазақстанның беделін арттыру, бүгінгі тұғырымызды биіктету бағытында тынбай еңбек етіп, ел мүддесін ұлықтай білудің өрелі өнегесін көрсетіп келеді. 

Айхан ШӘРІП