Жалған хабар таратқандар жазасыз қалмайды.
Көлік полицейлері 50-ге жуық терроризм туралы көрінеу жалған хабарлама тіркеді
Фото: kapital.kz
1,033
оқылды

Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша 49 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл туралы Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, соңғы уақытта әуе және теміржол көлігі нысандарында «әзіл-қалжыңды жалған терроризм» фактілері жиілеп кетті. Жыл басынан бері аталған қылмыстарды жасағаны үшін барлығы 21 адам анықталып, ұсталды. Бұл ретте «әзілқойлар» туындаған жағдайдың ауырлығын және салдарын түсінбей жатады. 

Мәселен, бір тәулік ішінде Астана қаласының әуежайында жолаушылар тіркеуден және тексеруден өту кезінде әуежай қызметкерлеріне «бомба», «граната» және т.б. тыйым салынған заттардың бар екені туралы әзіл-қалжың түрінде хабарлаған 3 факт тіркелді. 

«Жүргізілген тексеру іс-шараларының нәтижесінде тыйым салынған заттар табылған жоқ. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді полиция полковнигі. 

Сондай-ақ ведомство басшысы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар көлік инфрақұрылымының қызметін тоқтатып, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің күштерін нақты қылмыстар мен оқиғалардан аударып әкететінін, сондай-ақ материалдық залал түрінде елеулі зиян келтіретінін атап өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.