Астанадағы мейрамханада көз жұмған Салтанат Нүкеноваға тағайындалған сот-медициналық сараптаманың нәтижесі көпшілікке жарияланады. Бұл туралы Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегенов хабарлады.
Прокурор Бишімбаевтың ісіне қатысты түсінік берді
tengrinews.kz
4,033
оқылды

Астанада кәсіпкерлер мәселесін талқылауға арналған жиыннан кейін елорда прокуроры Ерлан Өтегенов тілшілердің Бишімбаевтың ісіне қатысты қойған сұрағына жауап берді.

– Күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша екінші күдікті – Астанадағы «Гастро-орталық» директоры. Олар бір-біріне туыс адамдар, – деді Е. Өтегенов. 

Қала прокуроры қайғылы оқиға болған орталықта бейнекамера жазбалары қалпына келтірілгенін растады.

– Салтанат Нүкенованың нақты не себептен қайтыс болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар 1 ай шамасында іске асырылады. Содан кейін сараптама нәтижесін жариялаймыз, – деді Ерлан Өтегенов.

Еске салайық, биылғы 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Елорда Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.

11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевты 2 айға қамауға алу бойынша бұлтартпау шарасын санкциялады. Ертесінде кісі өлімі болған «Гастро-орталық» мейрамханасының директоры ұсталды. Ал 15 қараша өткен кеңесте Президент Қ.Тоқаев ІІМ-ге Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.