Астана қаласының әкіммен кездесуде кәсіпкерлер бір балаға есептелген мектеп тамағының құнын көтеру мәселесін қозғады.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде бір балаға азық-түлік құны ҚҚС қоса есептегенде 580 теңге болып отыр. Бұл сома азық-түлік өнімдері жиынтығының құнын әрең жабады. Алайда жеткізушілердің эксплуатациялық шығыны, жалақысы мен басқа шығыны ескерілмеген.
Елорда әкімі қазір бір балаға мектептегі тамақтандыру көлемін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Сіздер де бізді түсінуіңіз керек, соған тырысамыз. Сіздерге сөз беремін, қазір бір балаға шамамен 700 теңге болады, ал алдағыны бір жыл ішіндегі есептеулер көрсетеді", – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде мектептегі жаңа ас мәзіріне есептеулер жүргізіліп жатыр. Бірақ әкім бюджеттің шексіз емес екенін ескертті.
"Қаланың бюджеті біреу ғана екенін түсініп отырсыздар. Бұл – өте маңызды мәселе. Бәлкім, ең маңыздыларының бірі. Бірақ балабақша салу да маңызды, мектеп салу да маңызды мәселе, жылу мен су да міндетті түрде берілуі керек, бірақ бюджет біреу. Сондықтан бір шетін жапсақ, екнші жеті ашылып қалады", – деді қала әкімі.
Өз кезегінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев жаңа ас мәзірі әзірленіп жатқанын, оның алдын ала құны 697 теңге екенін айтты.