Президент саяси реформаларының философиясы
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жаңғырудың өзегіне айналды.
Бұл формула әлемнің озық демократиялық елдерінде қалыптасқан классикалық checks and balances, яғни билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежеу жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Саяси реформалар топтамалары мен Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы еліміздегі ауқымды әрі жүйелі өзгерістердің іргетасы болды.
Жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына негіз болған, демократиялық институттың бір бағыты болып табылатын, жалпыхалықтық референдум арқылы фундаменталды конституциялық реформа жүзеге асырылды.
Демократиялық реформалар легитимділікке және халықтың көпшілігінің қолдауына ие болды.
Нәтижесінде, Қазақстан суперпрезиденттік модельден ықпалды Парламенті бар классикалық Президенттік республикаға көшті.
Septennat, яғни президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу және пропорционалды-мажоритарлық, аралас сайлау жүйесінің енгізілуі еліміздегі биліктің негізгі тармақтарын демократияландырды.
Осылайша, Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басты.
Бұған дейін биік мінберлерден халқымыздың әлі де демократияға дайын еместігі және өзіміздің «ерекше жолымыз» бар екендігі туралы сөздер жиі айтылатын.
Алайда төл тарихымызға үңілер болсақ, демократияның Ұлы дала империялары мен мемлекеттерінің саяси басқару жүйесінің ажырамас бір бөлігі болғанын көруге болады.
Дала демократиясының дәстүрлері сақтардың мемлекеттерінде, ғұндардың империяларында және түркілердің қағанаттары тұсында қалыптасып, кеңінен қанат жайды.
Бұл дәстүрлер одан әрі Жошы Ұлысында, Қазақ хандығында жалғасын тапты.
Егер еуропалық абсолютті монархияларда билік әкеден балаға мирас болып қалса, Ұлы дала қағандары мен хандары халықтық Құрылтайда сайланған.
Дала және Батыс Еуропа демократияларының синтезі ХХ ғасырдың басында қазақтың бірінші республикасы – Алаш Орда да ескерілген болатын. Сол кезде еліміздің тарихындағы тұңғыш Үкімет басшысы Әлихан Бөкейхан баламалы таңдау, яғни демократиялық негізде сайланды.
«Қазақ» сөзі көне түркі тілінен аударғанда «азат, еркін, тәуелсіз адам» деген мағына береді.
Ал егер мемлекетіміздің атын сөзбе-сөз аударсақ, «Қазақстан – еркін адамдардың елі» болып шығады.
Қазақ халқы әуел бастан азаттық пен тәуелсіздікті аңсаған. Кенесары хан көтерілісі мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – осы жолдағы күрестің айқын символы.
Демек, демократия қазақтың сан ғасырлық саяси мәдениетінің және ұлтымыздың генетикалық кодының бір бөлігі екендігі айдан анық.
Ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік демократиялық тәжірибеміз Жаңа Республиканы құрудың тарихи негізіне айналуда.
Қазір алдыңғы қатарлы мемлекеттерде демократиялық басқару формасының өзіндік концепциялары қалыптасса, кейбір елдер әлі де ізденіс үстінде.
Америка Құрама Штаттарында, Еуропа елдерінде, Аустралия мен Канадада классикалық либералдық (liberal democracy) немесе батыстық демократия үлгісі қалыптасты.
Бауырлас Түркия Республикасы консервативтік демократия (muhafazakâr demokrasi) тұжырымдамасын жариялады. Бұл жерде ислам дәстүрлері мен батыстық түсініктегі демократияның қосындысын байқауға болады.
Көршілес Ресейде екінші мыңжылдықтың алғашқы жылдарында егеменді демократия (суверенная демократия) тұжырымдамасы ұсынылды.
Аталған тұжырымдамалар бірінші кезекте бұл мемлекеттердің саяси тарихы мен мәдениетіне, сонымен қатар идеологиялық құндылықтарына сай қалыптасты.
Осы ретте, «біз, Қазақ мемлекеті қандай демократия құрып жатырмыз?» деген заңды сұрақ туындайды.
Ол үшін ең алдымен Президенттің саяси реформаларының мәні мен философиясын терең түсінген жөн.
Бірінші – саяси стиль.
Нақты реформаларды ұсынбас бұрын Мемлекет басшысы өз баяндамалары арқылы қоғамға әртүрлі бағыттар бойынша месседждер жолдайды. Кейін бұл ұсыныстар түрлі алаңдарда қызу талқыға түседі. Нәтижесінде, халықтың басым көпшілігі нені қалайтынын анықтауға мүмкіндік беретін түрлі идеялардың ортақ шешімі қалыптасады.
Екінші – тарихи мұра.
Жоғарыда көрсетілгендей, Президент қазақ халқының мыңжылдық демократиялық дәстүрлерін үнемі назарда ұстайды. Оның жарқын көрінісі Ұлттық құрылтайдың қайта жаңғыруы болып табылады.
Үшінші – шешім қабылдау.
Мемлекет басшысының демократиялық бастамалары әрқашан салмақты және жан-жақты саралануымен ерекшеленеді. Яғни, келісіп пішілген тон келте болмас деген бабалар ұстанымы айқын көрініс береді. Ал заманауи саяси тілмен айтсақ, центризм ұстанымын көруге болады.
Төртінші – жеке тәжірибе.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың
мультилингвизмі мен халықара-лық тәжірибесі оған ішкі және сыртқы саяси процестерге сыни ойлау призмасы арқылы қарауға көмектеседі.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Президент жауапты шешім қабылдаған кезде нағыз мемлекетшіл тұлғаға тән парасаттылыққа сүйенетіндігін көреміз.
Басқаша айтқанда, саяси шешімдерді қалыптастырғанда саналы, яғни рационалды қадамдар жасайтынын көруге болады.
Демек, Қазақстанда демократияның өзіндік үлгісі – рационалды демократия қалыптасып келе жатқанын айта аламыз.
Рационалды демократия – Президенттің саяси реформалар философиясының фундаменталды базисі.
Көріп отырғанымыздай, ұсынылған жаңа демократиялық тұжырымдама әлемдік саясаттануда қазақстандық ноу-хауға айналуына толық негіз бар.
Қазір ТМД елдерінде «рационалды демократия» тіркесі саясаттану термині ретінде қолданылмайды. АҚШ пен Батыс елдерінде бұл атаумен түрлі зерттеулер жарыққа шыққан, бірақ ол еңбектерде бұл тіркес жалпы қабылданған саясаттану термині немесе нақты ұғым ретінде қолданылмайды.
Нәтижесінде, Қазақстанның қалыптасып келе жатқан жаңа саяси жүйесі «рационалды демократия» түсінігін анықтаудың үлгісі немесе эталоны бола алады.
Бүгінде біз мемлекетіміз үшін тарихи даму кезеңінде тұрмыз. Қазақ елінің болашағы қандай болатыны қазіргі ұрпақпен тікелей байланысты.
Төл демократиялық жолы-мыз мемлекеттілігіміздің іргетасы мен тәуелсіздігімізді нығайту-ға бағытталған дұрыс таңдау екендігі анық.
Сондықтан біз барлық демократиялық жетістіктерімізді нығайтып, одан әрі дамытуымыз керек.
Ерлан АХМЕДИ,
саяси сарапшы