Заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған 18 реанимобиль көліктері жыл басында еліміздің 5 өңіріне тарту етілген болатын. Осылайша, медициналық автокөліктер Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамашыл жобасы аясында Қостанай, Түркістан, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына жеткізілді. Қазір бұл көліктер шалғай елді мекендердегі басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың қажетіне жарап, науқастанған тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетуде. Бес айдың ішінде 84 реанимациялық ауыр жағдайдағы науқас ауруханаға, ал 227 жүкті әйел перзентханаға еш кедергісіз жеткізілді.
Бұл медициналық көліктер әр өңірден ұсынылған әлеуметтік қажеттіліктер аясында тарту етілген болатын. Мәселен, Қостанай облысында алапат өрт болған Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылы тұрғындарының басына түскен ауыр жағдайды ескеріп табысталса, қалған 4 облысқа жергілікті халықтың сұранысымен берілді.
Өңірлерге жеткізілген жедел медициналық жәрдем көліктерінің ішінде реанимациялық бригада күштерімен емдеу іс-шаралары мен медициналық процедураларды жүргізуге, ауруханаға жатқызылғанға дейін пациенттердің халін бақылауға арналған барлық жағдайы бар.