Айтуынша, бір жыл ішінде экономикалық өзгерістер болып жатыр деп айту әлі ерте, өйткені экономикалық мәселерлерге президент тек осы жылғы жолдауында кеңінен тоқталған болатын.
«Әлеуметтік кодекс қабылданды»: экономист Президент сайлауынан кейінгі өзгерістерді айтты
639
оқылды

Белгілі экономист Мақсат Халық соңғы 1 жылдағы еліміздегі өзгерістерді айтып берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айтуынша, бір жыл ішінде экономикалық өзгерістер болып жатыр деп айту әлі ерте, өйткені экономикалық мәселерлерге Президент тек осы жылғы Жолдауында кеңінен тоқталған болатын.

«Бүгін журналистер көп хабарласты, президенттің сайлауына 1 жыл өтті. Осыған орай өз пікірімді білдіріп қояйын деп шештім.

Бір жыл ішінде экономикалық өзгерістер болып жатыр деп айту әлі ерте. Өйткені экономикалық мәселерлерге Президент тек осы жылғы жолдауында кеңінен тоқталды.

Халқымыздың әл- ауқатын арттыру бойынша әлеуметтік кодекс қабылданды. Әлеуметтік кодекстің оң тұстары жасалынайын деп отырған отбасының цифрлық картасы. Оның көмегімен отбасылардың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқат деңгейін анықтап, жіктеуге болады. Соған сәйкес әлеуметтік қорғау жүйесін басқаруда да автоматтандырылған ақпараттық жүйе деректерін кеңінен қолдануға болады деген сөз.

Сонымен қатар келер жылы айналымға еңгізілетін цифрлық теңге де бұл жүйенің қалыптасуы мен дамуына оң ықпалы болады. Ең бастысы қаражаттың бөлінуі мен тиісті отбасыға жетуінің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Өзім байқаған тағы бір артықшылығы бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылғандығы. Егер 2 жылға ұзартылғанда тіпті дұрыс еді, бала балабақшаға баруға дайын болып, ал ана бірден жұмысқа шығу мүмкіндігіне ие болар еді. Уақытымен оған да қол жеткізерміз.

Әлеуметтік кодекстің нәтижесі туралы сөз қозғамас бұрын, оның нәтижесі деп нені айтамыз – соны нақтылап алу қажет. Басты басымдық –кедейшілікті азайту және халқымыздың өмір сүру сапасын жақсарту деп белгіленуі тиіс.

Меніңше, бұл құжатта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі ашық күйде қалып отыр. Ең төменгі табысты есептеу, ең төменгі күнкөріс шегін анықтау, кедей халықтың нақты көлемін анықтау қажет.

Президенттің тапсырмаларының ішінде еліміздің әл ауқатына әсер ететіні, ол келер жылдан бастап балаларымыздың шотына аударылатын Ұлттық қордың үлесі. Енді ғана Ұлттық қор келешек ұрпақ қоры деген функциясын орындай бастады деуге болады.

Әзірге оның көлемі өте аз, Ұлттық банк сарапшыларының айтуынша 18 жылда 3000-3500 мың доллар жиналады деп отыр. Бірақ осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырсақ. Ұлттық қордың инвестициялық кірістерін арттыру бойынша және ұлттық қор көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар дұрыс жүргізілсе онда балаларымызға түсетін түсімдер еселенетін болады.

Менің есебімше кемі 10 000 доллар жасауға болады. Осы жерде халқымыздың азаматтық бақылаушылық позиция ұстауы маңызды деп білемін. Шет елден қайтқан активтерді арнайы шотқа емес, Ұлттық қорға аудару қажет. Ұлттық қор активтерінің инвестициялық кірістілігін арттыру бойынша жұмыс жасайтын қаржыгерлерді халықаралық сертификациядан өткізу қажет.

Президент 7 жылда ел экономикасын 2 еселеп ЖІӨді 450 млрд долларға жеткізу қажет деген меже қойды. Ол үшін үкімет ЖІӨнің жылдық өсімін кемі 7 пайыз қамтамасыз етуі қажет деп атап өтті. Меніңше экономикамыз екі еселенуі үшін кемі 10 пайыздық өсім болуы қажет. Ал үкімет ол мақсатқа қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте еліне жаны ашитын азаматтардан құралған халық қызметшілерімен толысу қажет, екіншіден халқымыздың әл-ауқатын арттыруды жаңа деңгейге шығаруға, алаш идеясына негізделген ұлттық экономикамыздың жаңа моделін бекіту қажет деп есептеймін», деп жазды ол.

Айта кетейік, 2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Сайлау қорытындысы бойынша Тоқаев сайлаушылардың 81,31% дауысын жинады. Ол үшін 6 456 392 адам дауыс берген.

Президентті ұлықтау рәсімі 26 қарашада өтті.

фото: Halyq Uni