Шымкент қаласында ауыл шаруа­шылығының даму қарқыны жоғары. Бұған өңір климатының жылылығы, топырағының құнарлылығы оң әсерін тигізері сөзсіз.
Аграрлық саланың адымы аршынды
530
оқылды

Республика­лық мәртебе иеленіп, өз алдына енші алып шыққан Шымкентте ауылшаруашылық тауарларын өндіру де жақсы дамып келеді. Тіпті, үшінші мегаполис бұл саладағы жеткен жетістігі бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Шымкенттің ауыл шаруашылығында бұрын-соңды кездеспеген тың жобалар да бар.

Бағаны тұрақты ұстау бойынша келісімшарттар жасалған

Үшінші мегаполис тұрғындары бір жылда 500 мың тоннаға жуық әлеу­меттік ма­ңызы бар азық-түлік тауарын тұты­нады. Бұл туралы Шым­кент қалалық ауыл шаруа­шылы­ғы және Ветеринария бас­қарма­сының өкілдері атап өтті.

Қала халқын ұнмен «Алтын-Дән», «Пионер», «Дос», «Тұрар», «Кемел ұн» ЖШС қамтамасыз етсе, нан өнім­дері­мен «Ассоциация «НАН» қоғамдық бір­лестігіндегі наубайханалар халық қажеттілігін өтеп отыр. Ал макарон өнімдерімен «Барыс–2007», күнбағыс майымен «Шымкент май», тауық еті және жұ­мырт­қасымен «Шымкент құс», «Тас­сай құс» ЖШС өңірді толықтай қам­тиды. Сиыр етімен тұрғындарды 34 па­йыз қамтамасыз етіп, қосымша қа­жет­тілік Түркістан облысынан тасы­мал­данады. 

Қалалық ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасы өкілдері сүт өнімдерімен қамту орта есеппен 40-50 пайызды құрап, қалғаны Солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан тасымалдана­тыны туралы атап өтті.  Көкөніс өнімдеріне келсек, картоп – Павло­дар облысы, Қырғызстан мен Ресей­ден, ал пияз – Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан, сәбіз – Павлодар, Жамбыл, Түркістан облысы және Ре­сей­ден, ал қырыққабат Түркістан об­лысы мен Өзбекстаннан тасымал­дана­ды. Бакалея өнімдерінен қара­құмық жармасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден, күріш Қы­зыл­орда облы­сы­нан келеді. Шым­кент­тіктерді шекер­мен Жамбыл облысы мен Ресейдің, ас тұзымен Қызылорда облысының өндіру­шілері қамтамасыз етіп отыр. Атал­ған өнімдерді жеткізумен «Каис Инвест», «Ас-Ан», Meir-Trade Distribution company, ЖК «Сидель­ников» және «Прима Дистрибьюшн» секілді жауап­кер­шілігі шектеулі се­рік­тестіктер, ірі дистрибьютерлік же­лілер айналысады.

Сонымен қатар ұн, жұмыртқа, нан, күн­бағыс майы, сиыр еті, тауық еті өнім­дерін өндіретін тауар өндіру­ші­лермен айналым бағыты бойынша ке­лісімшарттар жасалған. Бұл қала тұр­ғындарына азық-түлікті тиімді бағада тұтынуға мүмкіндік береді. Көкөніс өнім­дерінің бағасын мау­сым­аралық кезеңде тұрақты ұстап тұру және баға өсімінің алдын алу мақсатында шаруа қожалықтармен форвардтық келісім­шарттар түзіл­ген. Сондай-ақ апта сайын жергілікті тауар өндірушілердің және шаруа қожалықтардың қатысуы­мен қала­ның 8 жерінде жәрмеңке ұйым­дастырылып, күнделікті тұтына­тын тауарлар нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда.

Айта кетейік, 2022-2026 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жол картасы аясында 61 млрд теңгеге 45 жобаны жүзеге асы­рып, нәтижесінде 1 435 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биыл 11 жоба жүзе­ге асырылып, 111 жаңа жұ­­мыс орны ашылған. Сонымен қа­­тар 2023 жылы жал­пы құны 15 млрд теңгені құрайтын 16 инвес­ти­циялық жоба жүзеге асы­рылмақ.

Мал шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды

Жуырда Шымкен қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сүтті мал шаруа­шылығын дамыту арқылы сүт өнім­дерін көбейту мақсатында ұйым­дастырылған семинарға қа­тысты. 

Семинар барысында қала бас­шы­сы ауыл шаруашылығы еңбек­керлерін кәсіби мерекелерімен құт­тықтап, халық­ты агроөнімдермен қамтып отырған шаруаларға алғы­сын білдірді.

– Ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие мен инвестиция, қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыт­тарында субсидиялау арқылы қолдау көрсетіледі. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, саланы әрі қарай да­мы­туға, қала халқын сапалы ауыл ша­руашылығы өнімдерімен қам­тама­сыз етуге және  өнімдердің экс­портын арттыруға шақырамын, – деді қала басшысы.

Жиында кәсіпкерлер мен жеке қосалқы шаруашылық иелері клас­терлік жобаларды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру тетік­терін қарастырды. Сондай-ақ ше­тел­дерден әкелінген сүтті және сүт­­ті-етті ірі қара малдың күтімі, сүт­­ті мал шаруашылығын дамыту та­қырыптарында пікір алмасты. Семинар аясында мал шаруашылығы өнімдері мен құрал жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды.

Бүгінде қала аумағындағы егістік көлемі 30,1 мың гектарға жеткенін мақтанышпен айтуға болады.  Ал 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Қазір 3 мың­­­нан аса шаруа қожалығы және 86 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнер­кәсібі индустриялық аймағы құры­лып, бүгінде инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.

Еліміздегі ең үлкен жылыжай Шымкентте салынбақ

Жақында Астана қаласында өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI қазақстандық дөңгелек үстел аясында өзара ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойылды. Әлемдік бизнестің және қаржы секторының өкілдерін жинаған іс-шараға Қазақстан Рес­публикасының Премьер-Ми­нистрі Әлихан Смайылов қатысты.

Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орын­басары Айдын Кәрімов жалпы со­масы 662 млн АҚШ долларға екі шетелдік компаниямен меморан­думға қол қойды. 

Оның біріншісі қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу бойынша Түркияның ірі компанияларының бірі – Alarko Holding. 650 млн АҚШ доллар қар­жы көлемінде  жүзеге асырылатын инвестициялық жоба кезең-кезең­мен жалпы 500 гектар аумақта 5 мың жаңа жұмыс орнын құруды, жаңа технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.

Екіншісі – IŞIKLAR PACKAGING Ltd. түрік компаниясы «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауытын салу. Жобаның құны 12 млн АҚШ долларын құрайды.

Екі жоба да тұрақты өңірлік өсу­ге, инвестициялар тартып, қала эко­­номикасының дамуына және ха­­лықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы