Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Садовое ауылында қаңғыбас иттер мал қорасына кіріп, 16 бірдей қойды жайратып кетті.
16 қойды талап өлтірді: Ақмола ауылында қаңғыбас иттер тұрғындарды шошытты
173
оқылды

Тұрғындардың айтуынша, бұл – ауылда алғаш рет болып отырған жағдай емес. Енді жұрт малынан ғана емес, балаларының қауіпсіздігі үшін де алаңдап отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ауыл тұрғындарын алаңға салған оқиға Садовое елді мекенінде болған. Қаңғыбас иттер ауыл тұрғынының қорасына басып кіріп, 16 қойды жарып кеткен. Мал иесі бір сәтте қыруар шығынға ұшыраса, бұл жағдай өзге ауылдастарын да әбігерге салды.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауыл ішінде еркін жүретін иесіз иттердің тұтас бір тобы бар. Олар көшелерді емін-еркін кезіп жүрген көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, қаңғыбас иттердің ауыл шаруашылығы жануарларына шабуылы бұған дейін де болған. Алайда мәселе әлі толық шешімін таппай отыр.

Енді ауыл халқының алаңдауы күшейген. Өйткені аш иттердің келесіде кімге немесе неге шабуыл жасайтыны белгісіз. Әсіресе, көшеде ойнайтын балалардың қауіпсіздігі ата-аналарды қатты алаңдатады. Осыған байланысты тұрғындар жергілікті әкімдікке шағымданып, мәселені шұғыл шешуді сұраған.

Садовое ауылдық округінің әкімі тұрғындардың өтініші бойынша қаңғыбас иттерді аулау жөнінде өтінім берілгенін хабарлады. Алайда арнайы бригаданың ауылға нақты қашан келетіні әзірге белгісіз.

Ал әзірге ауыл тұрғындары белгісіздік пен үрей құшағында отыр. Бір жағынан – қырылған малдың шығыны, екінші жағынан балалардың амандығы. Тұрғындар мәселе кезекті өтініммен шектелмей, нақты шешімін тапқанын қалайды.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы