Жиынға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры – басқарма төрағасы Мұратжан Мұсайбеков, кәсіпорын қызметкерлері мен партия мүшелері қатысты.
«Әділет» партиясы Атырау мұнай өңдеу зауытында Президент Жолдауындағы негізгі міндеттерді талқылады
136
оқылды

Бүгін «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Болат Қонарбай «Атырау мұнай өңдеу зауыты» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиынға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры – басқарма төрағасы Мұратжан Мұсайбеков, кәсіпорын қызметкерлері мен партия мүшелері қатысты.

Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтар талқыланды.

Болат Қайроллаұлы мұнай өңдеу саласын дамыту, өндірісті жаңғырту, мұнайды терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні өндіріске енгізудің маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірісті жаңғырту, цифрландыруды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру міндеттерін айқындады. Бұл басымдықтар мұнай өңдеу саласы үшін де маңызды. Өндіріске заманауи технологияларды енгізіп, мұнайды терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономиканың тұрақты дамуына үлес қосады. Сонымен бірге өндірістің басты күші – еңбек адамы екенін ұмытпай, жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөлуіміз керек, – деді Болат Қонарбай.

Кездесуде кәсіпорындағы «Әділет» партиясының бастауыш ұйымының төрағасы сайланды. Ұжымның қолдауымен бұл міндет Жандос Бөлекбаевқа жүктелді. Жандос Талғатұлы – «АМӨЗ» ЖШС-нің мемлекеттік органдармен және мердігер ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы. Оның мемлекеттік басқару саласында да тәжірибесі мол. Сонымен қатар ұйым бюросының құрамы жасақталды.

Жиынды қорытындылаған «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры – басқарма төрағасы Мұратжан Мұсайбеков талқыланған мәселелердің өзектілігін атап өтіп, партия мен еңбек ұжымы арасындағы ынтымақтастықтың маңызын айтты.

Кездесу соңында Жолдаудағы міндеттерді еңбек ұжымдары арасында кеңінен түсіндіру, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін жинақтап, партия жұмысына енгізу бағытында нақты міндеттер айқындалды.