Ел ағасы ерте жасынан адал еңбекпен нан табудан шаршаған емес. Дала жұмыстарынан қолы қалт етсе, қоғамдық істерге да бел шеше кірісіп, елдің мұң-мұқтажы мен талап-тілегін назардан тыс қалдырмайды.
Іскер азамат Жаңақорған ауданы Төменарық елді мекенінде дүниеге келген. Жоғары тергеу мектебін, «Ақалтын» гидромелиоративтік техникумын ойдағыдай бітіріп шығады.
Еңбек жолын Қызылорда «ТрестВодСтрой» мекемесінде 4-ші разрядты бетоншы болып бастаған. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеп келіп, облыстық Ішкі істер басқармасына жұмысқа орналасады. 1994 жылға дейін осы салада тынбай еңбек етіп, абырой биігінен көріне білді. Одан кейін жеке кәсіпке бет бұрып, 2002 жылы «Жан-Арай» ЖШС-ін құруға ықпал етті. Қазір ол – «Жан-Арай» ЖШС және «Жан-Арай Жем» серіктестіктерінің құрылтайшысы.
Бүгінде кешенде екі зауыт жұмыс істейді. Алғашқысы – қуаттылығы тәулігіне 150 тонналық оңтүстіккореялық күріш өңдеу зауыты. Бұл өндіріс орны жоғары сапалы күріш көлемін арттыруға және экспорттауға мүмкіндік беріп келеді. Сонымен қатар өңірде мал, құс және тауарлы балық шаруашылығы салаларының дамуына серпін беретін құрама жем шығаратын зауытын да іске қосқан. Өндіріс орны тәулігіне 80 тонна түйіршіктелген құрама жем өндіреді. Еуропалық зауыт соңғы технологиямен жабдықталған. Зауыт бес түрлі жем өнімін шығарып, облысымыздың барлық шаруашылығын қамтамасыз етумен қатар, өнімдерін экспортқа шығаруға да қауқарлы.
«Бүгінге дейін «Жан-Арай» агроөнеркәсіп кешеніне қарасты ғимараттардың құрылыс жұмыстары үшін барлығы 3 500 000 000 теңге жұмсалды. Аталған жобалар бойынша, қазір 100-ден аса адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Сондай-ақ қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында 2017-2018 жылдары кешенді кеңейте отырып, оқу орталығы және ойын-сауық кешені мен қонақүйлері ашылды. Онда 70-тен аса адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл кешенде оқу орталығы, конференция залдары, қонақүй, 500 адамдық мейрамхана жұмыс атқарып отыр. Кешенді іске қосу үшін барлығы 730 000 000 тенге қаржы жұмсалды», – дейді Бақдәулет Еркінбекұлы.
Сонымен қатар «Жан-Арай» агроөнеркәсіп кешені жаңадан өндіріс көздерін ашу жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес. Алдағы уақытта жылыжай, көтерме сату орталығы, 10 гектар алма бағы, өңдеу орталығы және тағы басқа жобалар жоспарда тұр. Аталған жобаларды іске асыруға 2 300 000 000 теңге межеленген.
Іскер азамат 2016 жылдан бері «AMANAT» партиясынан облыстық мәслихаттың депутаты болып, елдің сенім үдесінен шыға білді. Партияның бағдарламалары аясында көптеген игі шараларға мұрындық болып, өзі сайланған округі бойынша халықтың ұсыныс пікірлерінің оң шешілуіне ықпал болып келеді. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жыл сайын шамамен 10-20 млн теңге көлемінде көмек жасауды жолға қойған. Атап айтқанда, 2018 жылдың өзінде тұрмысы төмен отбасыларға 10 млн теңге көлемінде жәрдем көрсетілсе, 2019 жылдың басынан бері тұрмыс-жағдайы төмен 100 отбасыға дәл осындай қаражатқа азық-түлікпен көмектесіп, түрлі қайырымдылық шара бойынша қаржылай қолдау білдірген. Сондай-ақ серіктестікте жұмыс істейтін жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын 1 сәуірден бастап 30 пайызға арттырып отыр.
2020 жылы пандемия кезінде ВIRGEMIZ республикалық акциясы аясында қауіпті індеттен қиналған облыс халқына азық-түліктер мен қажетті дәрі-дәрмектер және түрлі денсаулыққа қажетті аппаратты жеткізуде айрықша үлес қосты. Атап айтатын болсақ, Қызылорда қаласы және Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы аудандарына 10 млн теңгеге қайырымдылық көмек берілсе, облысқа қажетті дәрі-дәрмекті Өзбекстан елінен шұғыл алдыру мақсатында 50 млн теңге көлемінде уақытша қаржылай көмектер көрсеткен.
Еңбек адамының елі үшін жасаған өлшеусіз еңбегі елеусіз қалмады. Атап айтқанда, Тәуелсіздік күніне орай 2015 жылы «Құрмет» және "Парасат" орденімен, 2016 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2018 жылы «Қазақстанның үздік фермері» номинациясын иеленген. Сондай-ақ 2019 жылы «Мәслихаттың 25 жылдығы» төсбелгісін кеудесіне таққан.
Елдің алғысын арқалаған азамат алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына өз үлесін қосуды азаматтық парызым деп санайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы