Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
«Ауыл – ел бесігіне» – 18,1 миллиард теңге, ауызсумен қамтуға 19,8 миллиард теңге бөлу керек
Фото: Нұрсұлтан Байбулин
1,139
оқылды

Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынымына сәйкес,  Жоғарғы сот судьясын қызметтен босату туралы мәселені қарады. Отырыс барысында сенаторлар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды да қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Палата отырысында Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылды. Сенаторлар тиісті шешімді ел Президентінің ұсынымын қарау нәтижесінде қабылдады. Аталған кандидатура Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланғанын атап өткен жөн.

Сенат отырысына елдің Премьер-Министрі, Ұлттық банктің төрағасы, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, Үкімет мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңда жыл сайын Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансферт қарастырылған. Бұл республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатты қарау нәтижесінде сенаторлар заңды мақұлдады. Енді аталған заң қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберіледі.

Сенат Төрағасы атап өткендей, қаралған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда әлеуметтік бағытқа басымдық берілген. Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы осы салаға бағытталмақ.

«Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үш жылдық бюджеттің маңызды басымдықтары екенін атап өткен жөн. Бюджетте аса маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қажетті қаражат та қарастырылған. Өңірлерді дамытуға 7 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 миллиард теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар маңызды бағыттарға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар назар аударған барлық мәселені алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар республикалық бюджет жобасын концептуалды тұрғыдан мақұлдады. Алайда Сенат құжатқа 180 түзету енгізіп, оны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Палата депутаттары бірқатар негізгі бағытты қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, ауылдың дамуын қолдау үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 18,1 млрд теңге бөлу ұсынылды. Таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды шешу бағытында осы салаға тағы 19,8 млрд теңге бөлу керектігі айтылды. Бұл қаражат қазақстандықтардың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда – 99,5 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 97,8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесу барысында газдандыруға қатысты мәселе жиі көтеріледі. Осы саладағы жағдайды да жақсарту үшін депутаттар қосымша 5,1 млрд теңге қарастыруды ұсынды. Бұл тәсіл газдандыру деңгейін 61 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Еліміз үшін тағы бір өзекті проблема  жол мәселесі. Сенаторлар көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 13,3 млрд теңге бөлуге ұсыныс жасады. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, республикалық маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі – 43 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 89 пайызға дейін жеткізілмек.

Сондай-ақ сенаторлардың республикалық бюджетке енгізген түзетулерінде 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар көзделген. Оған 25,9 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек, депутаттар бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға қосымша 4,9 млрд теңге бағыттауды қолдап дауыс берді. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды тапсырған еді. Бұл өсім ел бойынша әлі де 85 мың теңгеден төмен жалақы алатын 354 мың адамға әсер етеді.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Көктемгі су тасқыны жеке тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкін...

Әлібек Нәутиев Үкіметті Атырау облысындағы газ тапшылығына қатысты проблемаларды шешуге шақырды. Сенатор бұл мәселені шешу үшін Атырау облысында магистральдық газ құбырының тармағын салуды ұсынды.

 

Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны жеке тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкін. Облыс орталығында газ тапшы, ал ауылдардың бірі су астында қалуы мүмкін. Сенатор Әлібек Наутиев еліміздің Премьер-Министрінің атына Атырау облысы тұрғындарының проблемалары туралы депутаттық сауал жолдады.

Депутат тұрғын үйлерді жылытуға қажетті көгілдір отынның жетіспейтіні туралы шағымдар көптеп түсе бастағанын атап өтті.

«Өткен жылыту маусымдарында газды көп мөлшерде тұтыну кезінде газ қысымы көрсеткіштерінің күрт төмендету фактілері тіркелді. Бұл мәселенің шешімі – Атырау облысы магистральдық газ құбыры тармағын салу. Жоба жылумен жабдықтау мәселесін шешу үшін Махамбет ауданы мен Атырау қаласында тұтынушыларға берілетін табиғи газ көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аталған жоба іске асқан жағдайда 150 мыңнан астам адам тұратын қаланы және қала маңындағы кенттерді газбен қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік міндеттер шешілетін болады», – деді сенатор.

Депутат сонымен қатар Атырау облысындағы Махамбет ауданы Алға ауылында Жайық өзенінің жағасының  шайылуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл елді мекен тұрғындарына зор қауіп төндіріп отыр.

«Осы кезеңде жағалаудағы тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 60-70 метр қалды. Көктемгі су тасқыны кезінде жылына жағалау 15-20 метрге құлап келеді. Бұл мәселенің шешімі ұзындығы 3,2 шақырым құрайтын Жайық жағасын бекіту жұмыстары болатын. Аталған мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, жағаны бекіту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Алайда жұмысты 2024 жылы аяқтауға қажетті қаржы келер жылдың бюджетінде қаралмай отыр.  Егер ол қаржы бөлінбеген жағдайда өткен жылдардағы жасалған жұмыстарды және жеке тұрғын үйлерді көктемгі тасқын су шайып кету қаупі бар», – деді депутат.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына проблемаларға назар аударуды, сондай-ақ оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.

Мемлекеттік сатып алудың жаңа және сапалы жүйесін жасау қажет

Бекболат Орынбеков мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемаларды көтеріп, Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өзгерту қажет екенін айтты. Заң нормалары ең арзанын емес, сапалы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға көмектесуі керек.

 

Сенатор Бекболат Орынбеков еліміздің Премьер-Министрінің атына мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады.

Сенатор мемлекеттік сатып алу кезінде ең төменгі баға емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болуы тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, қаржыны үнемдеу үшін заңға енгізілген жүйелі өзгерістерге байланысты тапсырыс берушілер де, жеткізушілер де жаппай шектеулерге тап болуда. Сонымен қатар кейбір жеткізушілердің мемлекеттік сатып алу жүйесімен жұмыс істеуге деген ұмтылысы да төмендеп барады.

«Бұрын заңда «бір көзден» сатып алу туралы норма болған, яғни біртекті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді 100 АЕК-қа дейін сатып алу туралы болды, қазір бұл норма жойылды. Осы норманы қайтарып, тапсырыс берушілерге қысқа мерзімде сапалы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді», – деді сенатор.

Сенатор айтқан тағы бір мәселе – жақында мемлекет балансына берілген табиғи монополиялар субъектілері. Мұндай кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың өзіндік ережелері бар.

«Бірақ мемлекет меншігіне оралғаннан кейін, біздің заңнама қандай да бір себептермен сатып алуды табиғи монополиялар субъектілерінің ережелері бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді және мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша жүргізеді. Осылайша, жекелеген субъектілерге табиғи монополиялар ережелері бойынша сатып алуды жүзеге асыруға тыйым салынады, бұл өз кезегінде олардың құқықтарын шектеп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін тиісті заңнамаға түзетулер енгізу қажет», – деді Орынбеков.

 

Үкімет ядролық медицина саласындағы күрделі жағдайды реттеуі тиіс

Айнұр Арғынбекова ядролық медицина саласындағы жүйелі проблемаларға назар аударды. Сенатор ұсынған шаралардың қатарында иондаушы сәулеленудің калибрлеу көздерін өндіру үшін ядролық физика институтының базасында зертхана ашу мәселесі де бар. 

 

Сенатор Айнұр Арғынбекова еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы ядролық медицинаны дамыту мәселелерін көтерді.

Депутаттың айтуынша, ол бұл саланың проблемасын бірнеше рет көтерген болатын, алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен Өнеркәсіп министрлігі тарапынан қажетті қадамдар жасалмай отыр.

«Бүгінде елімізде ядролық медицинаның жаңа мекемелерін құру жөнінде айтарлықтай күш-жігер жұмсалуда. Бұл ретте осы саладағы нормативтік-құқықтық құжаттардың бір-бірімен сәйкес келмеуіне және арнайы құжаттаманың болмауына байланысты проблемалар туындап отыр. Қазіргі уақытта елімізде 7 ядролық медицина орталығы ашылды, тағы 4 орталық ашу жоспарлануда. Таяу болашақта осы саладағы мамандар саны тек өсе беретін болады және қазірдің өзінде оларды әлеуметтік қорғау мәселесі осы бағыттағы мамандарға тартымды болуы үшін өз шешімін талап етеді», – деді сенатор.

Депутат сондай-ақ қазақстандық Ядролық физика институтының қолда бар мүмкіндіктерін ескере отырып, ауруларға диагностика жасау және емдеу үшін елімізде өндірілетін радиофармпрепараттардың көлемі жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Жоспарлы профилактикалық жұмыстар жылына екі рет 30 күн бойы жүргізіледі, соның нәтижесінде өндірілген радиофармпрепараттар саны азаяды және 1 000-ға жуық науқас тиісті ем-шарасын ала алмайды. Осыған байланысты иондаушы сәулеленудің калибрлеу көздерін өндіру үшін аккредиттелген жеке зертхана жасауға қаржы іздестіру қажет. Бұл қымбат калибрлеу көздерін шетелден сатып алуға емес, керісінше оларды өздері қолдануға және сатуға мүмкіндік береді», – деді Айнұр Арғынбекова.

Сенатор Үкімет басшысына сауалында ядролық медицина саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар шара  ұсынды. Атап айтқанда, Энергетика және Денсаулық сақтау министрліктері ядролық медицинаны дамыту мәселелерін реттейтін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер әзірлеуі тиіс және өзара келісуі керек. Радиофармпрепараттардың отандық нарығын кеңейту үшін Ядролық физика институтына екінші циклотрон сатып алу үшін қаржы іздестірілуі тиіс. Сондай-ақ иондаушы радиацияның калибрлеу көздерін өндіру үшін Ядролық физика институты базасында аккредиттелген жеке зертхана ашылуы керек.

Фото: Нұрсұлтан Байбулин