Қайғылы оқиға бес ай бұрын болса да, іс әлі сотқа жетпеген.
«Тойға дайындалып жүрген»: Алматыда қалыңдығы көз алдында қайтыс болған жігіт мән-жайды айтты
Фото: видеодан алынды
5,151
оқылды

Алматыда самокатпен траншеяға құлап қаза тапқан келіншектің жұбайы кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқып жүр. Кирилл Василенко әйелінің өліміне жолдың жөнделіп жатқаны туралы ешқандай белгі қоймаған компания мен оның жұмысын бақылауда ұстамаған әкімдікті кінәлайды. Әрі тергеудің де созбалаңға салынып кеткенін айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға бес ай бұрын болса да, іс әлі сотқа жетпеген. Тіпті, күдікті ретінде ешкім танылмай отыр. Әділдік іздеген марқұм әйелдің күйеуімен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.

Оқиға биыл жазда болған. Әйелі мен күйеуі самокат тақымдап, Абай даңғылындағы велосипед жолағымен батыс бағытқа қарай келе жатады. Қонаев көшесінен өте бере дәл сол жерде, сол уақытта қазулы болған траншеяны байқамай аунап түседі. Ауыр жарақаттан келіншек сол жерде қаза тапқан.

Қазулы тұрған траншеяның суреті. Мұндай орға самокаттың дөңгелегі түгіл, көлік те қадалып қалары анық. Шұңқырды байқамауының себебі де белгілі. Біріншіден, оқиға түнгі сағат 1-2 шамасында болған. Екіншіден, жөндеу жүріп жатқаны туралы ешқандай ескерту де, белгі де болмағанын айтады марқұмның жұбайы.

«Екеуміз бір самокатта болғанбыз. Солай жиі жүрдік. Ол кезде ешқандай шектеу болмаған. Сол күні мен екі көшенің қиылысына жеткенде жылдамдықты азайттым. Жан-жағыма қарап, көліктің жоқ екеніне көзімді жеткізіп барып қозғалдым. Траншеяның қазылғанын тақаған кезде ғана көрдім. Тежегішті басуға тырысқаныммен, нәтиже бермеді. Аунап түстік. Көзімді ашсам, әйелім есінен танып жатыр. Жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды», – дейді марқұмның жұбайы Кирилл Василенко.

Марқұм Саида Гусманова небәрі 23 жасында көз жұмды. Жас болса да университет қабырғасында сабақ беріпті. Ал Кириллмен осыдан үш жыл бұрын танысқан. Көп ұзамай некелерін заңдастырған. Енді тойдың әуресімен шапқылап жүргенде көз жұмып отыр.

«Қазақтың барлық салт-дәстүрін сақтау мақсатында ұзату тойын өткіземіз деп ойлағанбыз. Сырға салу рәсіміне дайындалып жүргенбіз. Оқиға болған күні, 24 маусымда біз асабамен өтетін тойды талқылап, үйімізге қайтып бара жатқан едік»,  дейді марқұмның жұбайы Кирилл Василенко.

Биыл жазда Абай даңғылының жолын жөндеуге Asmar Stroy серіктестігі жауап берген. Жұмысына сылбырт қарап, арнайы белгі қоймаған сол компания дейді заңгер. Айтуынша, осы уақытқа дейін талай тендер ұтқан мердігер тамыр-танысы көп ірі компания болған соң іс созбалаңға салынған.

«Бес айдан астам уақыт өтті. Бірақ ешқандай тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Ешкімді  Аsmar Stroy-дан күдікті ретінде танымады. Бізді жәбірленуші ретінде танымаған ол іс бойынша. Сегіз тендер ұтып алды, 2022 жылы. 2023 жылы айналымында 10 миллиард ақшасы бар компания. Үлкен компания. Ол жерде біраз қызметкер жұмыс істейді. Мүмкін тергеуге өзінің бір қысымын көрсетіп жатқан шығар деп ойлаймыз»,  заңгер Данияр Кәріпжанов.

Алайда компаниядағылар да, әкімдіктегілер де қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Екеуі де тергеуді желеу етіп отыр. Полицейлер марқұмның жұбайы жәбірленуші болып танылғанын ғана жеткізген.

«Медеу ауданы ПБ басқармасының мәліметінше, аталмыш іс бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Қайтыс болған келіншектің жұбайы ресми түрде жәбірленуші болып, қылмыстық іс аясында танылды. Тергеу жалғасып жатыр»,  дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал күдікті кім? Әзірге белгісіз. Полицейлер тергеуде анықталады деп отыр. Марқұмның жұбайы мердігер компанияның директоры мен солардың жұмысын бақылауда ұстау керек болған шенділердің қатаң жазаға тартылуын талап етуде. Егер іс сиырқұйымшақтанып кетсе, қалалық прокуратураға арыздануға бекініп отыр.

Фото: видеодан алынды