Ақмолада тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары аса күрделі мәселеге айналған. Тек жыл басынан бері 12 бірдей әйел отбасындағы дау-жанжал салдарынан көз жұмған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жыл басынан бері ғана әйелдерге қатысты 1,5 мыңнан астам түрлі қылмыс жасалған. Оның ішінде 24 әйел тұрмыстық жағдайда жапа шеккен болып шықты. Өкінішке қарай, 12 қылмыс әйел адамдардың өлімімен аяқталған.
Жалпы, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатайған. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап полиция арызданудан гөрі анықтауға баса назар аударған. Яғни, осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша жәбірленушінің арызы қажет болса, енді әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама факт болса болды толтырыла береді. Сонымен қатар сотта тек бір рет ғана татуласып, егер қайталанған жағдайда қамауға алу мерзімі ұлғаюы мүмкін.
Мәселен, отбасылық дау-жанжал кезінде тұрмыстық техника немесе жиһаздар қираса, бұзақы 5 тәулікке дейін қамауға алынбақ. Егер сот-медициналық сараптамасымен ұрып-соққан жұбайының денсаулығына жеңіл зақым келтірілгені анықталса 15 тәулікке дейін, ал одан әрі тағы қайталанса 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал егер жанжалдың арты денеге жарақат салып, дегенмен сараптама денсаулыққа залал келтіргенін анықтамаса 10 тәуліктен 20 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
– Іс жүзінде болған жағдайға байланысты хаттама толтырыла бастағандықтан, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандардың саны екі есеге жуық немесе 92 пайызға ұлғайды. Учаскелік полиция инспекторлары 3 мыңнан астам қорғаныс нұсқауларын шығарып, дәл солардың қолдаухаттарымен сот кезінде 1 мыңнан астам ерекше талап анықталды,– дейді Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Әбутәліпов.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу мақсатында бүгінде өңірде қызмет етіп жатқан сегіз дағдарыс және консультациялық орталықтармен тығыз жұмыс жүргізіле бастаған.
Осы жылдың 19 мамырынан бастап қылмыстық заңнамаға да түзетулер енгізілді. Оның ішінде кінәлі тұлғаға материалдық жағынан тәуелді тұлғаларға қатысты жасалған қосымша белгі енгізілді. Яғни, заң шығарушы орган тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы да қарастырған. Осылайша, қылмыстың ауырлық дәрежесі аздан орта дәрежеге ауысып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Сонымен қатар қылмыстық бап санкциялары да ұлғаяды. Мәселен, 106 бап бойынша қазір 3 жылдан 8 жылға дейін болып келсе, енді 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
Полицияның мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары көбінесе айтылмай, жабулы қазан күйінде қала береді. Әйелдер көп жағдайда күн сайын жапа шегіп жатса да полицияға арыздана бермейді.
– Биыл құқықтық статистика органдарының деректері бойынша, әйелдерге қатысты түрлі деңгейдегі 1,5 мың түрлі құрамдағы қылмыс жасалған. Оның ішінде 24 жәбірленуші әйел тұрмыстық жағдайда жапа шеккен. Осы жылы тергеу аяқталған 12 қылмыстың алтауы осы биыл жасалған. Оның ішінде біреуі Щучинск, екеуі Көкшетау қаласында және біреуі Атбасар қаласында болған. Отбасындағы жанжалдың салдарынан бес адам өлімі 2022 жылы болған. Биыл жасалған адам өлімі қылмыстардың 12-нің 6-да әйелдердің полицияға жүгінбегені анықталды. Олар жәбірленушімен бірге анайы тірлік кешеді. Көршілерінен де еш дабыл түспеген. Бұл қылмыстардың алтауы да 1 шілдеге дейін жасалған. 1 шілдеден бастап біз анықтау сипатына көшкенде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары төмендей бастады. Алайда қорғаныс нұсқаулары екі есеге дейін өсті, – деп толықтырды Серік Әбутәліпов.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы