Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 4-санаттағы «Миялы-Тайсойған» автокөлік жолының құрылысы жұмыстары басталды. Аталған жоба «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
«Жол азабын жүрген біледі» демекші, құмдағы Тайсойған халқын аудан орталығымен байланыстыратын бірден-бір маңызды жолдың нашарлығы жанымызға бататын. Аядай ауылдың құжат, аурухана, банк, тағы басқа көптеген мәселесі Миялыдан шешіледі. Жол құрылысы аяқталғаннан кейін ауылдастарым жол азабынан құтылатын болды, - дейді ауыл ақсақалы, Тайсойған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатқали Каримов.
Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жоспар бойынша жол 2025 жылы толықтай пайдалануға берілмек. Енді тайсойғандықтардың Миялыға көлікпен қатынау уақыты екі есеге азаятын болады.
Еске сала кетелік, мердігер компания – «Ассана Дорстрой» ЖШС. Жоба құны – 14 700,0 млн теңге.
Баян Жанұзақова