Синоптиктер республиканың 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМҚ ақпараты бойынша, 24 қарашада Астанада түнде қар, күндіз қар аралас жаңбыр жауады. Көктайғақ болып, дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 23-28 м/с жетеді.
Ақмола облысында түнде қар, күндіз қар аралас жаңбыр, облыстың солтүстік-батысында қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Көктайғақ, боран, тұман болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с жетеді. Облыстың батысы мен солтүстігінде секундына 30 метрге баратын, тіпті одан да күшті жел тұруы мүмкін.
Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында түнде қалың қар жауады, облыстың оңтүстігінде көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Түнде оңтүстікте, күндіз солтүстігі мен батысында солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с жетеді.
Атырау облысының солтүстігі мен шығысында күндіз көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел тұрады. Екпіні – 23 м/с.
Жетісу облысының таулы аймақтарында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз Алакөл көлі аумағында оңтүстік-шығыстан соққан жел жылдамдығы 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында күндіз көктайғақ болады. Облыстың батысында тұман түседі. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, күндіз облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с жетеді.
Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде боран тұрып, көктайғақ болуы ықтимал. Түнде облыстың солтүстігінде, күндіз облыстың көп бөлігінде оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен 15-20 м/с жел тұрады.
Қостанай облысының оңтүстігінде жауын-шашын түседі. Облыстың шығыс, оңтүстік және орталық бөлігінде көктайғақ болады, тұман түседі. Солтүстігі, шығысы мен орталығында боран соғады. Облыстың оңтүстігі, шығысына оңтүстік-батыстан, батыстан жел тұрып, екпіні 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с дейін барады.
Қызылорда облысында батыстан жел тұрады, түнде облыстың көп бөлігінде екпіні 15-20 м\с, облыстың солтүстігінде 25 м/с, күндіз солтүстігі мен орталығында 15-20 м/с болады.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында түнде қатты жауын-шашын болады. Облыстың солтүстігі мен солтүстік-шығысында тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, түнде батыс, солтүстік-шығысында жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Павлодар облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында көктайғақ, облыстың батысы мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын болады. Батысы мен оңтүстігінде оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғып, екпіні 25 м/с дейін барады.
Солтүстік Қазақстан облысының көп бөлігінде жауын-шашын түседі. Күндіз облыстың оңтүстік-шығысында қар жауады, көктайғақ, боран болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с, түнде кей жерлерде 30 м/с, тіпті одан да күшті болады.
Түркістан облысының оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысында көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстік, оңтүстік-батыстан жел соғып, түнде облыстың солтүстігінде, күндіз басым бөлігінде жылдамдығы 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с жетеді.