Мақат ауданының оқушылары әр аптаның жұма күні мектепке ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Балалар ұлттық киім киіп ғана қоймай, бұл күні ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған түрлі шаралар ұйымдастырып жүр. Дәстүр, мәдениет, әдет-ғұрыптарға қатысты түрлі сауалнамалар жүргізіп, салт-дәстүрімізді насихаттауға бағытталған көріністер қоюды да әдетке айналдырған.
«Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында бірен-саран оқушы ғана ұлттық киім кисе, екінші тоқсанда бұл бастаманы барлық оқушылар қолдады.
Ұлттық киіміміз өте әдемі. Өзім алдағы уақытта тек бір күн емес, үнемі киіп жүргім келеді» - дейді Б. Қанатбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Әмина Темірболатқызы.
Айта кету керек, қазір Мақат аудандық білім бөліміне қарасты 9 мектеп бар. Онда 6088 оқушы білім алады.
Баян Жанұзақова