Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ұлттық рухты дәріптеген үлкен ғылыми іс-шара өтті.
Білім ордасына қарасты Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының мұрындық болуымен өткен «Тарихи деректер мен көркем әдебиеттегі Ағыбай батыр бейнесі» атты конференцияда айтулы ғалымдар сөз алып, тағылымды, мәнді, салмақты баяндамаларын жасады.
Алғашқы сөзді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Нұрлан Дулатбеков алып, Ақжолтай Ағыбай батырдың қазақ халқының ұлт-азаттық күресі жолындағы еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар, университеттегі ішкі гранттар негізінде қазақ тарихы мен руханиятын байыту мақсатындағы Ахмет Байтұрсынұлына, ашаршылық тақырыбына және Қасым Аманжолұлына арналған ғылыми жобалар жүзеге асып жатқанын, соның ішінде мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілген ұлт батыры Ағыбай Қоңырбайұлы сынды тарихи тұлғаларды тану белгілі бір даталарға байланбай, дәстүрлі түрде жыл сайын жүргізіле беретінін жеткізді.
Филология факультетінің деканы Елдос Ерғазыұлының кіріспе сөзінен соң, «Қазақ фольклорындағы Ағыбай батыр бейнесі» тақырыбында ф.ғ.д. Берік Рахимов; Ағыбай батыр тұлғасы және Алаш мұраты туралы ЕҰУ профессоры Сағымбай Жұмағұлов; “Тарихи аңыз-әңгімелердегі Ағыбай батыр бейнесі” тақырыбында ақын, халық қалаулысы Аманжол Әлтай; Ағыбай батырға байланысты мұрағат деректері хақында Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, тарихшы Темірғали Аршабеков баяндама жасады. Сондай-ақ “Ағыбай батыр және Әйеке болыс образы” тақырыбында PhD, MNU халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы, “Елдікті сақтап қалған бабалар тағылымы” тақырыбында Кенесары ханның ұрпағы, профессор Қанат Садықов; «Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Ағыбай батыр образы» тақырыбында ф.ғ.к. Азат Бабашов; «Қазақ әдебиеттануында Ағыбай образының зерттелуі» тақырыбында қауымдастырылған профессор Саржан Уахитұлы; Ағыбай батырдың қазақ әскери өнеріндегі рөлі туралы журналистиканың аға оқытушысы Әлімжан Құтжанұлы сынды ғалымдар сөз алып, жиналған жастарға салмақты тұжырымдарын ұсынды.
Өз заманында қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас әскери қолбасшысы, саяси кеңесшісі және айнымас адал досы болған Ағыбай Қоңырбайұлы – көзі тірісінде-ақ тарихи және әдеби туындыларға арқау болған даңқты тұлға. Әдетте біз Ағыбай батырдың қайраткерлігі қазақ жыршылары мен арыстарының, тарихшылары мен әдебиетшілерінің, атап айтқанда Доскен жырау, Шашубай жырау, Бұдабай жырау, Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедүлы, Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Мұхтар Әуезов, Иса Байзақов, Қалижан Бекхожин, Ілияс Есенберлин, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов, Жүсіп Алтайбаев, Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Жеңіс Қашқынов, Жарылқасын Боранбаев, Аманжол Әлтай, Жұмағұл Шөженовтың шығармалары мен ғылыми еңбектеріне арқау болғанын жиі айтамыз. Ал шет елдік әдебиетте, атап айтқанда француз саяхатшысы әрі жазушысы Жюль Верн өзінің «Михаил Строгов: курьер царя» атты романының бас кейіпкері ретінде суреттеген Феофар-хан дегені Кенесары Қасымұлы болса, сол туындыда Ағыбай батырдың образы да кеңінен ашылғанын көпшілік қауым біле бермейді. Ресейлік тарихшылардың ішінде ұлт-азаттық көтерілісті объективтілікке жақын етіп тарқатқан тарихшы А.Ф.Рязановтың 1928 ж. Орынбордан жарық көрген «На стыке борьбы за степь. 1835-1845 гг.» атты кітабы мен Н.А.Середаның 1870 жылы жарық көрген «Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1838-1847)» атты еңбегінде сөз болған Ағыбай батырдың бейнесі әлі де қазақ тарихының ғылыми-ақпараттық айналысына толыққанды енбей отырғаны конференция барысында айтылды. Сонымен қатар, көптеген жорығынан оң нәтижемен оралғандықтан «Ақжолтай» атанған Ағыбай батырдың ұлт-азаттық жолындағы майдандық әдіс-тәсілдерінің стратегиясын Қазақстан Республикасының әскери өнерін дамытуда зерттеу керектігін, сондай-ақ қазақ ақпарат кеңістігінде соған сай медиаөнімдер дайындаудың өзекті екендігін жиналған ғалымдар айрықша атап өтті.
PhD ғылым докторы Алма Сайлауқызының “Ағыбай батыр және Әйеке болыс образы” тақырыбында жасаған баяндамасында Сыр өңірінде “Ағыбайдың соңғы жорығы” атанған тарихи оқиға мен сол арқау болған, “Қазақтың 23 жоқтауына” енген “Әйекені жоқтау” жыры сөз болды. 1926 жылы Алаш арыстары Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы жинақтап, Мәскеуден басып шығартқан жоқтаулар жинағындағы эстетикалық мазмұны жоғары он бірінші жоқтау Ағыбайдың інісі Әйекеге арналып, ең алғаш рет 1883 жылы «Қазақ хрестоматиясына» енген еді. Ағыбай мен Әйекенің хатқа түскен тығыз қарым-қатынасынан қос тұлғаның көсемдігі мен шешендігін ғана емес, сол кездегі елдің ауызбіршілік пен отарлау мәселесін көруге болады. Ғылыми баяндама барысында Әйеке Бекежанұлының ұрпақтары, ҚР мәдениет қайраткерлері Мұхамеджан Рүстемов пен Әшімхан Оспанов анықтаған батырға қатысты құнды тарихи деректер жиналған қауым назарына ұсынылды. Дәл осы тарихи оқиға арқылы Ағыбай Қоңырбайұлының көрегендік, дана, тапқыр, қолбасшылық, батырлық қасиеті ғана емес, ел ертеңін ойлаған бітімгерлік, дипломатиялық, стратегтік қабілеттері айқын көрінеді деуге болады.
Жиын соңында Кенесарының адал, дана досы, бас әскери қолбасшысы болған даңқты Ақжолтай Ағыбай батырдың тікелей ұрпағы Татиева Қанағат Тарғынқызы сөз алып, ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді. Ал Ағыбайдың Сыр өңіріндегі ұрпақтарының атынан арнайы келген Нүркеев Сансызбай Сыздықұлы ғылыми баяндама жасаған ғалымдардың сөзінен рухани азық алғанын айтып, әлі де зерттелетін дүниенің көп екенін жеткізді. Айтулы іс-шараға Алматыдан арнайы келген ақын, жазушы Айжан Шайқықызы бұл алқалы жиынның басты құндылығы өскелең ұрпаққа рухани азық беру деп түсінетіндігін және мықты тактик әрі стратег бабаларымыздың өмірі мен құндылығын зерделеу ісі толастамау керектігін айтты. Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., профессор, іс-шара модераторы Жансая Жарылғапов келген студент жастар, қонақтар мен ғалым замандастарына рақметін айтып, мұндай тағылымда шаралар дәстүрлі жалғасын таба беретінін жеткізді.
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,
Астана-Қарағанды-Астана