Қалада бір ерекше орталық ашы­­лыпты. Яғни, адамның мі­нез-құлқын анықтап, жазып береді екен. Қазір кімде оңған мінез бар дейсің?
Қазір кімде оңған мінез бар
1,682
оқылды

Сөз көтермейді, қаны бе­­­ті­не шабады. Жұмыр жұ­­­ды­­­ры­­­­ғын ала жүгіреді. 

Жаңалық естісек, кезекке тұра қалатын санаға сіңген әде­­­тіміз ғой. 

Орталыққа барсам, адам едә­уір жиналып қалыпты. Ауылда тұра­­­тын Көлқамыс дейтін жеңгем бар еді, ол да еңге­­­зердей болып кезек күтіп тұр. Оның мінезін орталыққа келмей-ақ мен айтып бере аламын. Ағамыздың шашын ағартқан осы кісі. Таңертеңнен үй жағалап шәй ішіп, өсек айтқаннан басқа шаруасы жоқ. Үйіне түнеп шығуға ғана келеді.

– Келесі кім? – деді орталықта жасайтын жас қыз.

– Мен, – деп, Көлқамыс жеңгем алдына жетіп барды. Әлгі қыз бір затты басына кигізді де, тетікті басып қалды. Жеңгем селк ете қалды. Компьютерден қағаз басылып шыға бастады.

– Сіздің мінезіңіз «ешкі мінезді» екен, – деп теріліп шықты. Жеңгем қызарып кетті. Ол ойлаған болу керек «батыр мінезді» деп. Қабағы түсіп, ерні салбырап кетті. Қағазды бір бүктеді де, орталықтан тайып тұрды.

 Келесі болып ауданның беткеұстар ақыны келді. Бұл енді өлеңді жазғанда қатырады. «Елім, Отаным, Жерім», – дейді. Әйтеуір, жазғандары газет бетінен түспейді. 

– Аты-жөніңіз кім аға? – деді жаңағы қыз.

– Айтқышбек Жазғышбеков.

– Кәсібіңіз?

– Ақынмын...

– Жарайды, мынаны басыңызға киіңіз де, қозғалмаңыз. 

Компьютер көпке дейін үнсіз қалды. Ақындардың мінезін анықтау қиын-ау деймін, озық техникада ұзақ ойланды. Ақыры қағазды басып шығара бастады.

– Сіздің мінезіңіз «қорқақ қоян», – деп қойып қалды.

Арқалы ақынымыз шошып кетті. 

– Бұл қалай? Дұрыс емес, менің мінезімді батыр, арыстан жүрек деп жазу керек. Мен халқым үшін туған жанмын, – деп, орталықтың ішін у-шу қылды. 

– Әй, шырағым, – деді бір қария, – Сен неге соншама шатақ шығарып тұрсың?

– Енді, әжей бұл әділдік емес қой

– Әділдікті техникадан емес, биліктен сұра, – деді. Орталық үнсіз қалды.

– Менің намысым бар, – деп Айтқышбекте қояр емес.

– Немене, бізде намыс жоқ деп кім айтты? Сенен бұрын бұл орталыққа бірінші мен келгем, маған «түлкі мінезсің» деп, жазып берді. Бұл – техника. Кімге өкпелейсің?..

Айтқышбек бірдеңе түсінген болу керек, мінез туралы анықта­­­­­масын алып шығып кетті. Бір кезде ербеңдеп аудан әкімі Талтаңбай да келе қалды.

Ол кезекке де қараған жоқ.

– Сәлеметсіз бе қарындас, асығыс едім менің мінезім туралы анықтама бере қойыңызшы, – деп әкім сызыла қалды. 

– Аты-жөніңіз кім болады? – деді әлгі қыз. Аудан әкімінің беті шымырлап кетті. Қаршадай қыз ел ағасын танымай тұр. Бұ­дан өткен қорлық бар ма?

– Талтаңбай Салпаңбаев деген аудан әкімі мен боламын, – деп қаттырақ қойып қалды. 

– Жақсы, хош келіпсіз қазір шамалы күтіңіз. Компьютер көп күттірмеді. 

Зыр еткізіп анықтаманы шығарып берді.

– Сіздің мінезіңіз «комбайын» сияқты депті техника. Тал­­­таң­­бай ойланып қалды. Түкке түсінбей қалды. Қағазды көзіл­­­дірі­­гімен қайта-қайта қарады.

– Сонда қалай? Комбайын, мен тірі жан емеспін бе, қызық екен, – деді таңырқап. Ол ештеңе деместен артына қарамай зытып кетті. Бір әйел сол арада комбайынның шешуін айтты.

– Комбайын дегені, ауданның бар қаражатын, мал-мүлкін жұта береді, жұта береді дегені ғой, – деді. Кейбірулер оның сөзін дұрыс десе, кейбіреулер жоққа шығарып жатыр. Кезек маған келді. Бірінші айып болмаса өзім туралы айтайыншы. Мен – бір мекемеде дирек­­тормын. Мекеменің басым бөлі­гі – жа­сы келген зейнеткерлер. Оларды жұмыс­­тан шығару керек деп бұйрық шы­­­­­ғара­­­мын. Ертеңіне жоғарыдан біреу­лер қоңырау шалады да, бұйрығым өзгеріп, құйрығым қызарып кетеді. Меке­меге бірдеңе сатып алайын десем, жалтақ-жалтақ етіп әркімнен сұрай бере­мін. Қызметкер­­ле­­рім­­­­­­­­нің еңбек ақыларына үстем­­ақы қосамын деймін де, кейін орындай алмай қаламын. Өті­­рік уәдені жиналыс сайын үйіп-төгемін. Қазақша білсем де, орысша ойланамын. Үйде бәрі толып тұрса да кедейлене беремін. Ай сайын әр банктен кредит алғанды қатты ұната­­­мын. Ағайын-туыс, жора-жол­дас­­­тың бәріне қарызбын. Соны­мен не керек, басыма әлгі қорапты кигізді. Компьютер ызыңдап тұр. Менің жүрегім қобалжып кетті. Бір кезде де қағазда басылып шықты. Қағаз­­­­­­­ға тостағандай етіп, сенің мінезің «Қазақстан сияқты» депті. Мен қуанып кеттім. Бұл керемет қой. 

– Мен өз елімді шын сүйе­мін. Патриотпын, – деп айқай­лап жібердім. Бір ақсақалды қария басын шайқады.

– Шырағым, сен түк түсін­­­бе­дің, ойлан, – деді.

Мен сол қағазды ұстап әлі ойланып жүрмін...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН